Құқық | Право

Зардаптың себебін айтқан заңгерге қысым көрсеткен кім?

Жаңа жыл қарсаңында бүкіл қазақстандықтарды қара жамылдырып кеткен ұшақ апатына кінәлі тұлғаларды меңзеген заңгерге белгісіз біреулер қысым көрсетуде. Олар кімдер?

“Бек Эйр” әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы әуежай маңында құлап, жұрт әуре-сарсаңға түскен бірнеше күнде апатқа айыптыларды іздегендер аз болмаған. Ал жер мәселесі жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде дүркін-дүркін пост жазды. Сол жазбаларында ол ұшақ соғылған үйдің маңындағы жердің заңсыз берілгенін айтқан еді.

Тіпті 4-қаңтар күнгі жазбасына Бақытжан Базарбек: «Тергеу тобына құлаққағыс. Біз олардан жауап алуымыз керек» деген тақырып қойған.

Бақытжан Базарбек. Фото: www.caravan.kz

Заңгердің айтуынша, 2011-2014 жылдар аралығында Талғар ауданында жер уческесінің нысаналы мақсаты Жер кодексін бұзу арқылы өзгертілген. Ал мұны істеген кімдер? Аудан әкімдігінің басшылары, мәслихат депуттары, жер бөлімі мен сәулет құрылыс бөлімінің шенділері. Сондай-ақ, оларды бақылаусыз қалдырған немесе көрсе де көрмеген болған құқық қорғау органдары. Заңгер тіпті халықаралық әуежай маңында не болып жатқанын білмеген облыс басшыларын да айыпты санайды.

Халықаралық тәжірибе бойынша, әуежай сыртындағы белгілі бір аумақ ауыл шаруашылығы жері ретінде ғана пайдаланылуы керек екен. Онда да тек егістік егу үшін. Өйткені ықтимал жағдайлар мал өсірудің өзіне қауіп туғызады. Ал Алматыда дәл осындай аумақтарға үйлер түсіп кеткен. Құдай бетін ары қылсын, ертең тағы бір оқыс оқиға орын ала қалса көрген күніміз не болады?! Заңгердің неге шыр-пыр болып жүргенін түсіндіңіз деп ойлаймыз.

Енді негізгі әңгімеге көшейік. Осы мәселені көтеріп жүрген заңгерге кімдер қысым көрсетіп жатыр? Қалай қысым көрсетіп жатыр? Кімдер екенін әзірге заңгердің өзі де тап басып айта алмайды? Ал «қалай?» дегенге келсек, жуандардан теперіш көрген қазақстандықтар жақсы білетін байырғы әдіс. Яғни, белгісіз адамнан келетін телефон қоңыраулары, аңдулар, ескертулер, араға кісі салу т.б. Сондағы айтатындары: «Тыныш жүр!», «Пост жазғаныңды қой!», «Кіріспес жерге кіріспе!».

Қызыл-Тудағы үйлер. Фото: Homsters.kz

Осы тұста ерекше атап өтер тағы бір нәрсе бар. Бақытжан Базарбек көп заңгердің бірі емес, жер мәселесін жетік білетін маман. Ең бастысы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жер мәселесі жөніндегі сарапшысы. Міне, осындай адамға қыр көрсетіп, қорқытып-үркітпек болғандардың да тегін емес екені белгілі. Бірақ апат зардабының негізгі себебін айтып, ықтимал апаттардан сақтандырып отырған адам неге құқай көруі керек? «Заңдық тұрғыдан мен ешкімнен де қорықпаймын, тиісті органдарға құжат тапсырдым», дейді заңгер бізбен әңгімесінде. Қай органның қандай қайла қыларын қайдам, біз Сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-қимыл агенттігі дереу шара қолданады деп сенеміз. Өйткені ымыраластықтан өрбіген бұл мәселе – нақ сол агенттіктің де шаруасы.

Комментарий