Елең еткізер | АктуальноҚоғам | ОбществоҚұқықтық кеңес | Юридическая консультация

«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ДАЙЫН!

“Халық заңгері” республикалық акциясы алғаш рет 2013 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылды. Міне, содан бері еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған адамның құқықтық мәселесін шешуге мұрындық болған акция Қазақстан азаматтарына тегін заңгерлік көмек беріп қана қоймай, олардың құқықтық сауатын көтеруге де тәп-тәуір септігін тигізіп келеді. 2016 жылы заңгер Жангелді Сүлейменов аталған шараға өз әріптестерінен бөлек, барлық құқықтық салалардың мамандары мен заңгерлерін атсалысуға шақырып, уақыт өте келе “Халық заңгері” әлеуметтік акциясына прокуратура мен әділет басқармалары, жеке сот орындаушылар мен медиаторлар, сондай-ақ әкімдіктердің өкілдері қосылып, халыққа құқықтық тұрғыда кеңес беруге жұмыла кірісіп те кетті.

Айта кетерлік бір жәйт, аталған акция алдағы уақытта да жалғасын табады. Жоспар бойынша ол еліміздің 19 қаласында, 127 елді мекенде өтеді. Бұл дегеніміз, заңгерлер мен адвокаттардың халыққа тегін кеңес беру шарасы ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да ұйымдастырылады деген сөз. Аталған игі шараның артықшылығы сол, оған қатысушы заңгерлер мен қорғаушылар арасында елге белгілі мықтылар жетерлік. Атап айтқанда, Бақытжан Базарбек, Ренат Қадыров, Олег Чернов, Жанна Мұхамади, Рена Керимова, Елена Жигаленок, Азамат Байкенов, Роман Конев, Станислав Лопатин, Айтуар Кошмамбетов, Жанібек Башанов, Ғалия Алдиярова, Дәурен Момбаев, Аманжол Мұхамедьяров, Әсел Токаева, Адель Адилова және басқа да өз ісінің білгірлері.

Мемлекеттік қызметкерлер де жұмылды

Жоғарыда атап өткеніміздей, аталған халықтық шараға мемлекеттік мекемелердің мамандары да қатыспақ. Яғни, бұл белгілі бір мемлекеттік органнан жауап ала алмай жүрген, жазған өтініші немесе арызының қай сатыда қаралып жатқанын немесе не себепті кешіктірілгенін, қараусыз қалдырылғанын, тағы басқа сұрақтарына толық жауап алғысы келетін азаматтарға арналған. “Халық заңгері” акциясына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентігі мен оның басшылары және өңірлік департаменттерінің қызметкерлері де қатысады. Демек, егер сіздің қолыңызда лауазымды тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қатысы барын растайтын қандайда бір құжат, айғақ материалдары болса оны осы саланың мамандарына ұсынып, заңбұзушылықты әшкерелей аласыз. Ең бастысы, заңгерлер мен адвокаттар сізге көрсеткен қызметі үшін бір тиын да ақы алмайды. Анығында, білікті мамандардың қызмет ақысы арзан тұрмайтынын ескерсек, бұл акция қарапайым халық үшін зор мүмкіндік, үлкен көмек болатыны даусыз.

Жауапсыз сұрақ болмайды

Акция аясында берілетін кеңестер барлық құқықтық саланы қамтиды. Атап айтқанда, кеңесшілер халыққа қылмыстық, қылмыстық процесуалдық, азаматтық, азаматтық процесуалдық, әкімшілік құқықтар, жер, салықтық және экологиялық сала бойынша сұрақтарға, сондай-ақ, келісімшарт, нотариаттық, тіпті халықаралық құқықтар бойынша кеңес береді.

Ал акцияның өту уақытына келсек, ұйымдастырушылар оны тәуліктің ең қолайлы уақытына қойып отыр. Нақтырақ айтқанда, шара барлық аймақтарда сағат 17:00 -де басталып, түнге дейін жалғасатын болады. Акцияны ұйымдастырушы Zakon.kz, порталы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентстігі және “ПАРАГРАФ” АЖ адвокат мен заңгерлермен кеңесе келе, жоғарыда көрсетілген уақыт республика халқы үшін ыңғайлы уақыт деп шешкен.

Жастарға үлгі

Осылайша, іс жүзінде қазақстандықтар “Халық заңгері” акциясы аясында бір емес, бірнеше заңгерге жүгініп, әртүрлі сұрақтары бойынша тиісті мамандардың ақысыз қызметін пайдалана алады.

Бұл жоба сотқа жүгінушілер үшін де тиімді. Яғни, шұғыл арада заңгердің немесе адвокаттың көмегі керек болды делік, олай болса заңгерді алыстан іздемей-ақ, халық заңгерлері арасыннан таңдауыңызға да болады.

Сол сияқты, “Халық заңгері” акциясы жас заңгерлер мен адвокаттарға тәжірибелерін шыңдап, білікті әріптестерінен үйренулеріне берілген үлкен мүмкіндік. Бір сөзбен айтқанда, бұл шара халыққа ғана емес, өз кезегінде білікті мамандардың елге пайдалы іс атқарып, әлеуметтік жауапкершілікті сезіндіретін маңызды жоба.

Сіз не дейсіз?

Қазбек ШАЙМЕРДИНОВ,

Ақмола облыстық Заңгерлер кеңесі Палатасының төрағасы:

Құқықтық мәдениетті қалыптастырудың алғышарты

Білікті әрі сапалы заң көмегі қашанда үлкен сұранысқа ие. Алайда, екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін мұндай құқықтық көмек қарапайым халыққа да қолжетімді болуы тиіс. Осы орайда, еліміздің әр аймағында “Халық заңгер” акциясының ұйымдастырылуы елімізді құқықтық мемлекет ретінде дамытудың, халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың алғы шарттарының бірі деп есептеймін. Мәселен, өткен жылы қараша айында Көкшетау қаласында өткен шараға Ақмола облыстық Заңгерлер кеңесі палатасынан 37 заңгер кеңесшілер қатысып, халыққа тегін қызмет көрсеткен

болатын. Бұл акцияның мақсаты халыққа тегін әрі сапалы заңдық кеңес беріп, олардың құқықтық сауатын арттыру, жол сілтеу болып табылады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі, Zakon.kz, «Параграф» ақпараттық жүйелері ұйымдастырған “Халық заңгері” акциясынан халық та хабардар. Сондай-ақ, аталған акцияға мемлекеттік органдардың да мамандарының қатысуы бұл шараның маңыздылығы мен пәрменін арттыруда. Яғни, халық адвокаттармен ғана емес, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары және әділет органдарының қызметкерлерімен көзбе көз жүздесіп, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алды. Сол сияқты, акцияға облыс әкімі Ермек Маржикпаев та қатысып, азаматтардың сұрақтарына сай кеңес берді.

Жалпы, бұл жолы тұрғындардың көпшілігінің сауалдары түрлі әлеуметтік көмектер мен төлемдер жайында өрбіді. Акцияда сот актілерінің орындалуы, әлеуметтік қорғау, салықтық төлемдер мен жер дауларына байланысты сұрақтар жиі қойылды. Нәтижесінде, тұрғындар сапалы заңгерлік қызметке қол жеткізсе, өз кезегінде қызмет көрсеткен мамандар халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,

“Заң газеті”

Комментарий