Талқыдағы тақырып

Кәмшат Тасболат:”Еркектік заң” қабылдатқанша, қолда бар заңдардың сапасын арттыруды неге ойламаймыз?”

Айтыстың өлмейтін тақырыбы, айта-айта жауыр болған тақырыбы – екінші әйел алу. Бұрын шалдар айтатын, қазір әлі отбасын құрып үлгермеген жастар айтады. Айналайындар, Қазақстан ажырасу бойынша әлемдегі 200-ге жуық елдің ішінде алғашқы ондықта. Бір отбасын жарылқап алыңыздаршы. Бізге отбасы институтын сақтау маңызды. Ал мынандай идеялармен тағы артқа кетеміз. Оның үстіне, “Еркек қырықта да қыз алады, қырықтағы қызды кім алады” дегендей тар ой-өріспен тұйықталып қалған елміз ғой. Ал сосын білімді қыздарымыз шетелге шықты деп ренжиміз.
Екінші әйел алу өте ауыр тақырып. Бұрынғы адамдар, ата-бабаларымыздың пиғылы таза еді, теңдік, әділдік болатын. Қазір пейіл тар, ниет қара. Нәпсінің құлы боп жүргендер тағы бар. Мұндай жағдайды басқа бермесін, ал берген күннің өзінде не бәйбіше 3-4 баламен зарлап қалады, не тоқал 1-2 баламен зарлайды. Еркекке де оңай емес, ұрыс-керіс, стресс, өмірдің қысқаруы… Ал жалпы екі әйелге бірдей үй алып беріп, жағдайын жасаймын дегендерге арнайы заңның да қажеті жоқ. Заңмен жүретін ел емеспіз. Біреулер үн-түнсіз жүріп, төрт әйел алу лимитін де орындап тастаған шығар-ау… Заң деп “еркектік заң” қабылдатқанша, қолда бар заңдардың сапасын арттыруды неге ойламаймыз?
Сондықтан айналайын ақындар, “Өзбекстан 60 млн боламыз деп мақсат қойды” деп, жыртыла бермеңіздер… Қазақстанның жөні бөлек. Біз әлі 20 миллионға жетпеген ұлтпыз. Өкініштісі, тәуелсіздік жылдары 3 миллион (!) Аборт жасалыпты. Бұл еркектің жауапсыздығынан болған нәрсе! Міне, ақындарға жаңа тақырып.

Фейсбуктегі парақшасынан

Комментарий