Қоғам | Общество

Бізді құрдымға кетіретін – жемқорлық!

Алматыдағы Bek Air ұшағының апатынан кейін сарапшылар, қоғам белсенділері, жауапты тұлғалар, ресми өкілдер аталған тақырып жөнінде ой қозғап жатыр. Елді дүрліктірген әуе апаты ешкімге де жеңіл тимеді. Тіпті, әуе компаниясының ресми өкілдері төтенше жағдайдан абдырап, халық алдына шығып кешірім сұрай алмадық деп ақталды.

Ел ішінде талқыланып, қоғам назары түскен тақырып төңірегінде жиі әңгімелеп жүрген жан – Марғұлан Сейсембай. Инвестор, саяхатшы, қоғам белсенідісі желтоқсандағы шулы оқиғада үндемей қалмады.

Әлеуметтік желіні ашық алаңға айналдырған Марғұлан Сейсембай: «Достар, бұл күндері ешқандай шолу не талдау жасағым келмеді. Мұндай қайғылы жағдайдан кейін адамдарға ақыл айтып, талдау жасаудың қажеті жоқ, қайта қайғыларына ортақтасып, жанашырлық таныту керек. Бұндай кезде жұрттан бөлініп, күйзеліс кезінде көзге түсіп қалуға тырысқаннан гөрі, көппен бірге бола білу маңызды. Бізге қазір арнайы комиссия мен сарапшылардың ресми қорытындысын күту керек», – деп жазды.

Автор тек әліптің артын бағып отырмай, тиісті мекемеге сауал қойып, өтініш тастады. Және онысын алдағы уақытта осындай қайғылы оқиға қайталанбауы үшін деп толықтырды.

«Трагедияға тікелей қатысы бар техникалық және адами сипаттағы себептерді жан-жақты зерделеумен қатар, тұтас авиация саласына талдау жасап, жүйелі түрде шаралар қабылдау қажет деп есептеймін», – дейді М.Сейсембай.

1. Авиация саласын бақылайтын мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлық.
2. Авиация жанармайын сатып алу және оны қамтамасыз ету саласындағы сыбайлас жемқорлық әуежанармай бағасының өсуіне әкеледі.
3. Әуежай менеджменті саласындағы сыбайлас жемқорлық әуежайдағы қызмет көрсету бағасының қымбаттауына әкеп соғады.
4. Авиациялық техника лизингі саласындағы сыбайлас жемқорлық.

Осы себептердің бәрі мыналарға әкеледі:

⁃ Қазақстандағы ұшу сағаттарының қымбаттауы;
⁃ әуебилеттерінің қымбаттауы;
⁃ рейстердің ыңғайсыздығы;
⁃ негізінен, түнгі рейстер;
⁃ рейстердің жиі күттіруі мен ұшпай қалуы;
⁃ шетелдік әуекомпанияларының Қазақстаннан кетуі;
⁃ әуеқауіпсіздігіндегі жүйелі қателіктер.

Желідегі оқырмандардың бірі авторға «Жемқорлықтан құтылудың жолдары бар ма?» деп қарама-қарсы сауал тастады. Өйткені, «Бізді құрдымға кетіретін – жемқорлық!» деген тақырыпты ұрандатып отырған Марғұлан Сейсембай. Оқырман сауалына ол «Бар. Ол – тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, демократия мен белсенді қоғам» деп жауап берді. Өз ойын ашық білдірген автор тергеу нәтижесімен қанағаттансақ, қайта осы жағдайға кезігетінімізді айтты.

«Жайлаған жемқорлықтың салдарынан туындаған осы сияқты мәселелерді шешіп алмайынша, біз бұл салада үнемі осы секілді проблемаларға кезіккеніміз кезіккен. Саяси ұмтылыс көрсетіп, бұл саланы тәртіпке келтіретін уақыт келді. Егер біз қоғам ретінде осы жағдайдың тергеу нәтижелерімен ғана қанағаттанып қалатын болсақ, онда алда тағы да осы секілді апаттарға жол ашамыз деген сөз» деп Марғұлан Сейсембай ойын аяқтады.

NEGE.KZ

Комментарий