Саясат | Политика

Қоғам қайраткерлерімен қоштасудағы алалық. “Қалайша бәріміз Нұрсұлтанға айналдық?”

Оппозициялық саясаткер, Қазақстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдинмен қоштасу рәсімінің Жамбыл атындағы филармонияның фойесінде өтуі – бірнеше күннен бері әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылануда. Қазақстанда жерлеу рәсімін ұйымдастыруда алалық барын қоғам белсенділерінің кейбірі бұрын да жазған.

Мәселен, жазушы Ғаббас Қабышұлы белгілі ақын Қадыр Мырза Әлиді ақтық сапарға шығарып салуға биліктегі жоғары дәрежелі шенділердің ешқайсысы келмегенін, қоғамға белгісіз В. Ни деген кәріс азаматымен қоштасуға қазіргі президент, ол кездегі сенат төрағасы Қ.Тоқаевтың арнайы барғанын айтқан.

“Өлім де – сын” депті қазекем. Бағана М. Әуезов атындағы драма театрының табалдырығын аттай бере есіме осы сөз түсті де, Қазақстанның, Қазақтың Қадырын соңғы сапарына шығарып салуға кімдер келетінін ойлап, ығы-жығы көпті көзсүзгімнен өткізе бастадым. Берісі Алматының әкімі Ахметжан Есімов, арысы республиканың бас министрі Кәрім Мәсімов келеді деп ойладым. Жоқ, олар көрінбеді. Мәдениет министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммед елдің алдымен жетуге тиіс еді, ол да жоқ!

Исі қазақ төбесіне көтерген, алақанына салған Қадырдың адамгершілік, қаламгерлік қасиетін Алматы мен Астанаға сыймай шіреніп жүрген шенеунік атаулы тани алмаған екен ғой?! Ай, рухани сорлылық-ай! Иә, рухани сорлылық!..

Өткен жылдың аяқ шенінде Алматыда В. Ни деген кәріс қайтыс болыпты да, «Егемен Қазақстан» бастаған гәзеттерден оқып, радиодан естіп, телеарналардан көргенімдей, оны жерлеуге Астанадан парламент сенатының төрағасы Қ. Тоқаев бастаған делегация ұшып келіпті. Марқұмның аруағы кешірсін, мемлекеттік-үкіметтік деңгейде соншалық құрмет көрсететіндей, В. Ни кім болып еді? Кеңес өкіметінің соңғы жылдарында, одан кейін де республика Министрлер Кеңесі құзырында Шаруашылық басқармасына еге болған. Жоғарғы басшылықтағы шенеуніктердің қарын қамын, яғни ішіп-жемін ойластырумен шұғылданды, үй-жайын жыл сайын жасартты, жиһазын жаңартты, тойын түгендеп, меймандарының көңілін көншітті. Ол, В. Ни, бертінде президент Назарбаевтың кадр-қаржы жөніндегі бейресми кеңесшісі болған деседі. «Қалауын тауып қарды жандырған» ғой. Қадырды Тау десем, нилер оның етегінде шашылып жатқан қара тастар еді, бірақ олар ымдас-жымдас құлқынбайлар үшін «асыл тастар» екен ғой!…” делінген жазушы жазбасында.

Бұл мәселені беріректе публицист-журналист Марат Тоқашбаев та көтерді. “Бүгін көрнекті ғалым, академик Әбдуали Туғанбайұлы Қайдардың дүниеден өткеніне тура бір апта. Бізді әйгілі тұлғаларды жерлеу рәсімін ұйымдастыруда мемлекеттік органдардың алалық жасайтыны алаңдатты.

Мысалы, соңғы жылдарда өткен үш тұлғаны алайық. Салық Зиманов, Сұлтан Жиенбаев, Әбдуали Қайдар. Алғашқы екі ағамыздың сүйегі Абай атындағы опера және балет театрынан шығарылды. Олар әлбетте мұндай құрметке әбден лайық. Екеуі де майдангер. Екеуі де көрнекті қайраткер. Қоштасулар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған өте ризамыз. Ал Әбдуали Туғанбайұлы «Ғылым ордасының» Құрманғазы көшесі жақтағы өзі тар, өзі күңгірт, еңсесі төмен фойэсінен шығарылды. “Ит сүйреткен тулақтай ету” деген осы. Үшеуі де көрнекті тұлға, үшеуі де мемлекетке еңбегі сіңген қайраткер, үшеуі де майдангер. Үшеуінің де жасы қатар.

Үшеуіне де Елбасының көңіл айту хаты жолданды. Енді келіп неге алалаймыз? Әбдуали Қайдар ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұзақ жылдар Төрағасы болды. Қазақ тілінің конституциялық деңгейде мемлекетік тіл болып орнығуын табандылықпен қорғаған, қазір өзіміз мемлекеттік деңгейде ауысқалы жатқан Латын қарпіне көшу туралы ең алғаш ұсыныс жасаған, оның ілкі нұсқасын әзірлеген, тіл білімі ғылымына этнолингвистика сияқты жаңа сала енгізген, түркологияны ерекше дамытысқан, орасан еңбек сіңірген Ғалым. 17 ғылым докторын, 75 ғылым кандидатын дайындаған. 39 орден-медалін Президент архивіне өз қолыммен санап өткіздім. Президенттікке кандидаттардан, оның ішінде Н.Назарбаевтан да қазақ тілі бойынша емтихан алғаны есте. Осындай тұлға опера театрынан шығаруға лайық емес пе еді?!

Осындай лайықты тұлғаны отбасының келісімі солай болды деп сылтауратып «Ғылым ордасының» фойэсінен шығарғаны мүлде ұят болды. Жерлеуді ұйымдастыруға байланысты комиссия құрылса да мұндай болмас еді. Мемлекет өзінің лайықты тұлғаларын мемлекеттік тұрғыдан әспеттеп шығарғаны жарасар еді. Немқұрайдылық қадам басқан сайын көрініп тұрды. Қоштасу рәсімінде ешбір министр, тіпті қала әкімі де бой көрсетпеді. Әдеттегі сылтаулар” деген журналист көрнекті тұлғаларды соңғы сапарға аттандыруға байланысты алалық саясатын жанашырлық саясатына ауыстыру қажеттігін айтқан.

© qamshy.kz

Комментарий