Экономика

Қазақстан отыздыққа кіру үшін жыл сайынғы жалпы ішкі өнімнің өсімін 5 пайыздан кемітпеуі керек

Наурыз айында Алматыда қаржы нарығы топ-менеджерлерінің «CFO SUMMIT IDEA EXCHANGE & NETWORKING EVENT 2019» жиыны өтті. Экономика мен саясаттың өзекті мәселелері талқыланған бұл шарада Ресейдің Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігінде 2015-2019 жылдары бас директор болған Екатерина Трофимова, әлемдік экономикадағы ахуал қазір жағымсыз кеңістікке ауысып жатыр.

Түрлі болжамдар бойынша 2019 жылы әлемдік жиынтық ішкі өнімнің өсімі 2,8-3,5 пайыз шамасында болады. Әлемдік валюта қоры бұл болжамды әрдайым төмендетуде. Қазақстанда да экономиканың өсу қарқыны төмендегенмен, таяудағы бірнеше жылда ол әлемдік экономиканың баяулауынан жоғары болып, алдағы 2 жылда 3,2-3,3 пайызға жақындайды. Жалпы экспортқа, шикізат ресурстарына тәуелді болғанына қарамастан Қазақстанның экономикасы ұқсас Ресей, Әзірбайжан сияқты елдерге қарағанда оң көрсеткіші сақталады деген үміт бар дегенді айтқан еді. Ал «Visor Kazakhstan» компаниясының жетекшісі Айдан Кәріпжановтың пайымдауынша, қазір әлемдік экономикадағы Қытайдың рөлі жыл өткен сайын артып келе жатыр. Болашақта ол әлем елдерінің 90 пайызының серіктесі болады. Ал қарыз тәуелділігі туралы сөз болғанда мәселе кімнің беруінде емес, алуында болып тұр. Қарыз инфрақұрылымды дамыту үшін барлық елге керек. Егер ұрламай ақылмен жұмсаса Қытайдың ақшасымен көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Егер ол дұрыс жұмсалмаса бұл үшін Қытай емес, оны тиімсіз пайданушылар өздері кінәлі.

Ал қаңтар-ақпан айларындағы еліміздің әлуеметтік-экономикалық дамуы қаралған Үкімет отырысында өсімнің 3,5 пайызды құрағаны айтылды. Сондай-ақ Премьер-министр Асқар Мамин: «Биыл жалпы ішкі өнімнің кемінде 5% көлемінде өсуін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет», — дегенді айтты. Бұл мәселе туралы қаржы нарығы топ-менеджерлері Қазақстан 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына қосылу туралы өз мақсатына қолжеткізу үшін алдымен экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл үшін ЖІӨ-нің өсімін 5 пайыздан төмендетпеуі керек. Жалпы оған Қазақстанның мүмкіндігі бар. Тек мемлекеттің экономикаға араласуын барынша азайтып, нарықтың бәсекелестік жағдайында жұмыс жасауын қамтамасыз ету керек. Өйткені қазір автомобиль өндірісі сияқты кейбір өндіріс салаларындағы өсім мемлекеттің тікелей қолдауымен ғана жүзеге асып отыр. Егер онда күрт өзгеріс болып, өндіріс құлдыраса ол бүтін бір саланы тығырыққа тіреуі мүмкін.

Ерлік Ержанұлы «Заң газеті»

Комментарий