Құқық | Право

Ауыл тұрғыны Қазақстанның туы бейнеленген баннерді қорадағы шөпке жауып қойған – видео

Шығыс Қазақстан облысы тұрғыны ҚР әкімшілік кодексіне сәйкес жазаға тартылады. Шығыс Қазақстан полициясы шөптің үстіне мемлекеттік ту бейнеленген баннерді жауып қойған фермердің кім екенін анықтады, деп хабарлайды жергілікті Устинка LIVE.

Қорадағы шөп үстінде жатқан Қазақстан туының видеосы әлеуметтік желілер арқылы тез тарап кеткен болатын. Полиция шұғыл түрде шара қолданып, бұл жайттың анық-қанығын білді.

Белгілі болғандай, Қалбатау ауылының тұрғыны шөптің үстін мемлекеттік тудың өзімен емес, рәміз бейнеленген алып баннермен қымтап қойған екен. Көлемі алты да үш метр баннерді ер адам қаңтар айында тауып алып, іске жаратыпты.

“1965 жылы туған ауыл тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылады”, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті.

Қазір полиция қызметкерлері ер адамның ту бейнеленген баннерді қайдан тапқанын анықтап жатыр. Болжам бойынша Тәуелсіздік күніне орай әзірленген сыңайлы. Енді баннерді кім жасады және мерекеден кейін неге ие болмады деген сұрақтардың жауабын табу керек.

Комментарий