Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

2019 жылғы атышулы сот істері

2019 жылы ел назарын аударған басты сот оқиғаларын назарларыңызға ұсынамыз.

Денис Тенді өлтіргендер соты

2019 жыл Денис Тенді өлтіргендердің сотымен басталды. Спортшының өліміне күдіктілер ретінде сот орындығында Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева  отырды. Спортшының анасы Оксана Тен «ұлымды тапсырыспен өлтірді» деп мәлімдеді. Бірақ, сот бұны есепке алмады. Алматы сотының шешімі бойынша Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар “адам өлтіру” және “ұрлық” және “қарашылық” баптары бойынша сотталды.

Ал, Жанар Толыбаева Қиясов пен Құдайбергеннің сол күні пышақ салғанын, жарақат алған атақты спортшы екенін біле тұра сол күні Қапшағайға демалуға кеткені, қылмысты біле тұра құзырлы органдарға хабарламағаны үшін айыпты деп танылды. Толыбаеваның 4 жастағы баласы бары және аяғы ауыр екені ескеріле тұра 4 жылға түрмеге тоғытылды.

Қиясов пен Құдайбергенов жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде, ал Толыбаева қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.

Cарыағаштағы “Зорланған бала” ісі

Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова жеті жасар жиенін 2017 жылдың тамызынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте “ұрып, зорлағанын” айтқан. Ол жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын жеткізген. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырған.

2018 жылы 26 қыркүйектен басталған сот процесі төрт айға созылып, жабық режимде өтті. Судьяның шешімімен 2002 жылы туған айыпталушы Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша (“Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер”) айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесінде өтеуі тиіс.

Негізі, азғындыққа барғандар есебінде төрт күдікті болған. Қалған үшеуі 14 жасқа толмағандықтан, сот жазасынан құтылды. Олардың бірі – сотталушының кіші бауыры.

Сот барысында баланы бір рет иесіз сарайда, тағы бір мәрте мектеп дәретханасында зорлағандары дәлелденді.

«Тальго» пойызындағы жолаушыны зорлау ісі

Зорлыққа қатысты тағы бір атышулы іс – «Тальго» пойызының жолсеріктері Үмбетәлиев пен Құрманиязовқа қатысты.

Пойыз купесінде жалғыз келе жатқан әйел өзін екі жолсеріктің зорлағанын айтып шағымданған еді. Алғашқы сотта прокурор алты жыл сұраған болатын. Алайда судья айыпталушыларды 2 жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл шешім қоғамда қарсылықтан кейін Қостанай облысының көліктегі прокуратурасы шешімге наразылық білдірді. Зорлық құрбаны да аппеляциялық шағым түсірді. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылды. Бірақ әйел зорлағандарға жаңа жаза тағайындалмады, оның орнына істі қайта қарауға жолдады.

Әнші Гаухар Әлімбекованың ісі

Көп аузына түспей кеткен әнші Гауһар Әлімбековаға биыл «ұйымдасқан топ құрамында аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген айып тағылды. Оны сотқа берген бұрынғы құрбысы Бақыт Назарова «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер алып берем деген уәдесіне сеніп, Әлімбековаға 40 мың АҚШ долларын санап бергенін мәлімдеді. Ақшаны әнші өзінің құрбысы Феруза Ордабаеваға берген. Алайда, Назарова сол күйі пәтерін алмаған. Қаңтар айының соңында Гауһар Әлімбекова 6 жылға сотталды. Әншіні қорғауға шоу-бизнес өкілдері жұмыла көтерілді. Гауһардың өзі кешірім беруін және босатуын сұрап Қазақстан президентінің атына хат жазды. Екі жарым ай өткен соң аппеляциялық сот Әлімбекованы ақтап шығарды.

Экс білім және ғылым вице министрі Эльмира Суханбердиеваның ісі

2019 жылдың шілде айында білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева ұсталып, Қылмыстық кодекстің “пара алды”, “қызметін асыра пайдаланды” және “кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты” баптары бойынша айыпталған. Бұдан кейін сот “пара алды” деген айыпты алып тастады. Сот шешімі “қызметін асыра пайдаланды” және “кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты” деген айыптар бойынша шықты.

Прокурор Эльмира Суханбердиеваға 6,2 миллион теңге (16 мың доллар) айыппұл салуды, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте отыруға тыйым салуды сұраған.

Ол өзінің құрбысы, мектеп директоры Елена Шеверняевамен бірге мемлекеттік мектептің қабырғасында жекеменшік мектеп ашқан. Кейбір дерек бойынша, осындай жолмен сыбайластар жылына 150 млн теңгеге дейін пайда көрген.

«Үй ішінен үй тіккен» вице-министрдің сыбайласы Елена Шеверняева сот шешімімен 1 млн теңге айыппұл төлеп құтылды. Вице-министр де қазынаға 6 млн теңгеге жуық ақша аударған соң, сот

залынан босап шықты. Сот бұрынғы вице-министрді мемлекеттік қызметте істеуден өмір бақи шеттетті. Э.Суханбердиева абақтыда отырған 34 күннің ішінде «Түрме. Вице-министрдің көзімен» деген атпен кітап жазып шықты.

Сириядан оралған 14 қазақстандықтың ісі

2019 жылдың қазанында Нұр-Сұлтан қаласында «Жусан» операциясымен Сириядан қайтарылған 14 қазақстандықтың ашық соты басталды. Сириядан оралғандарға «терроризмді насихаттады», «Сирияға адамдарды тартты», «террорлық топқа қосылды» деген айыптар тағылған. Олардың көбі кейбір айыптарды мойындамады. Басым бөлігі тек «террорлық ұйымға қосылды» деген айыпты мойындады.

Сотталушылардың ең үлкенінің жасы 50-де, ал ең жасы 22-де. Сирияға барған шағында ол небәрі 17 жастағы бозбала екен. Сот Сирияда лаңкестік ұйым қатарында болғандарды 8 жылдан 14 жылға соттады.

“Древний Рим” ісі

Жаңа жыл түні “Древний Рим” мейрамханасы маңында болған жаппай төбелес адам өліміне әкелген. Келесі күні таңертең Бақытжан Жансейіт ұлының денесін ресторан қақпасының сыртынан тауып алған.

Жанжал демалыс орнына келгендер арасындағы ұрыс-керістен басталыпты. Меймандардың бірі концерттің аяқталғанына нарызы болған. Мас ер адамдардың ерегісі төбелеске ұласқан.

Жәбірленушілер мейрамханадан кеткенімен, онда басқа адамдарды ертіп қайта келіпті. Кейін оларда тек таяқ болғаны, ал оларға пышақпен шабуыл жасалғаны анықталды. Төбелес кезінде Рақымжан Жансейіттің санына біреу пышақ сұғып, ол “Древнего Рим” қақпасының сыртында қансырап қайтыс болды. Тағы үш адам түрлі пышақ жарақатымен ауруханаға түсті.

Адам өлтірді деген күдікке ілінгендердің бірі Армения азаматы болып шықты. Қазақстаннан қашып кеткен күдікті Ресей аумағында ұсталды. Осы іспен 13 адамға айып тағылды. Басты күдікті ретінде 23 жастағы Юсиф Нурулу танылды, ол 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Төбелеске қатысқан тағы үш адам үш жылға сотталды. Алты адамның бостандығы 4 жарым жылға шектелді. Сотталған 13 адамның үшеуі Арменияның, ал біреуі Өзбекстанның азаматы. Олар жазасын өтеп болған соң, Қазақстан аумағынан күштеп шығарылады және Қазақстанға келуге 5 жылға тыйым салынады.

Жомарт Ертаевтың ісі

Атышулы банкир Жомарт Ертаевтың соты жылдың соңында Алматыда басталды. Айыптау тарабы Ертаевты 144 миллиард теңгеге жуық қаржыны жымқыруға атсалысқан деп санайды. Бұл ақшаны ол сыбайластарымен келісе отырып, алты жыл ішінде банктен заңсыз шығарып әкеткен. Банктің басқарма төрағасының бұрынғы кеңесшісімен бірге сотта тағы 36 адамның ісі қаралуда. Олардың арасында банктің бұрынғы басшылары да бар. Бұған дейін Ресейге қашып кеткен Ертаев Мәскеуде «қысым көрдім» деп әлек салғанымен, бәрібір Қазақстанға қайтарылды.

Анатолий Шкарупаның ісі

Өткен жылдың аяғында Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа «бюджет қаржысын жымқырды» деген күдікпен ұсталды.

Биылғы жылы наурызда Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков, үш айдан кейін осы саланың тағы бір вице-министрі Бақытжан Жақсалиев күдікті ретінде танылды. Шкарупа изоляторға түсті, Сәдібеков пен Жақсалиев – үйқамақта.

Комментарий