Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

2020 жылдан бастап қандай жолдар ақылы болады

«Ақылы жол жобасын екі кезең бойынша енгіземіз. Бірінші кезең – 2020-2021 жылдар аралығында 6 мың шақырым ақылы жол қолданысқа беріледі. Атап айтқанда, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізі, Нұр-Сұлтан – Қостанай – Ресей шекарасы, Щучинск – Петропавл, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Қалбатау – Павлодар – Ресей шекарасы (Омбыға апаратын жол), Таскескен – Бақты – Қапшағай – Талдықорған, Атырау – Орал, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы және Ақтау – Бейнеу жолдарының учаскелері ақылы болады», – деп атап өтті министрліктен.
2022-2023 жылдар аралығында қалған 5 мың шақырым жолды енгізуді көздейтін екінші кезең жүзеге асырылады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы жылдар қанша шақырым жол жөнделетінін де айтты. Мекеменің мәліметінше, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020-2026 жылдар аралығында ұзындығы 10 мың шақырымды құрайтын республикалық жолдардың құрылысы мен реконструкциясы жоспарланған.

Оның 1373 шақырымында 2020 жылы қозғалыс басталады. «Осылайша, Орталық – Оңтүстік бағыты бойынша 311 шақырым жол ашылады. Петропавл – Қорған тасжолының 37 шақырымы пайдалануға беріледі. Орталық – Шығыс жобасы бойынша – 13 шақырым, Қостанай – Денисовка жолында – 65 шақырым, Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат жолында – 160 шақырым жол ашылады. Сондай-ақ, 2020 жылы Атырау – Астрахан тасжолының 160 шақырымы, Көктерек асуы жобасы бойынша – 32 шақырым, Талдықорған – Өскемен тасжолында – 384 шақырым, Ұзынағаш – Отар жолының 96 шақырымы, Үшарал – Достық жолының 60 шақырымы, Қалбатау – Майқапшағай жолының 155 шақырымы қолданысқа беріледі», – деп түсіндірді министрліктен.

Комментарий