Қоғам | Общество

«Міндетті түрде қой соямыз»: Bek Air компаниясының «құрбандық шалғыш» қожайыны шетелге кетпек

Еске сала кетсек, Әділет министрлігі таратқан баспасөз хабарламасында жалпыұлттық трагедияға себепкер болған осы Bek Air әуекомпаниясының басшылар тізімінде Нұрлан Жұмасұлтановтың аты-жөні аталмаған болатын.

Bek Air әуекомпаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов ұшақтарына Қазақстанда ұшуға тыйым салынса, өздерінің жұмысын басқа мемлекетте жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Liter.kz-ке сілтеме жасап.

«Егер Отанымызда бізге орын табылмаса, біз бір жаққа кірігуіміз керек қой? «Түрік жағажайын» іздейтін боламыз. Бәлкім, бұл Қырғызстан болады, мүмкін одан басқа… Көреміз, өмір көрсетеді», – деп қысқа қайырды сөзін Нұрлан Жұмасұлтанов.

Еске сала кетсек, Әділет министрлігі таратқан баспасөз хабарламасында 2019 жылдың 27 желтоқсанындағы жалпыұлттық трагедияға себепкер болған осы Bek Air әуекомпаниясының басшылар тізімінде Нұрлан Жұмасұлтановтың аты-жөні аталмаған болатын.

«Басшысы Монахов Владимир Михайлович, құрылтайшысы Жаркимбаев Сәкен Тоқпайұлы болған. Ал 2017 жылдың 18 сәуірінде құрылтайшы Дамир Маратұлы Шүленбаев болып өзгеріп, компания қайта тіркеуден өтті» деген ақпаратын таяуда ғана жариялаған едік.

Жұмасұлтанов деген тегіне қатысты айтсақ, сол сәтте «Үш рет басшының ауысуы тіркелді: 2013 жылғы 29 тамыз – Жұмасұлтанова Айгүл Файзуллақызы, 2016 жылғы 18 шілде – Жұмасұлтанова Дина Нұрланқызы…» деген анықтама ғана болды.

Алайда, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан сол қаралы оқиғаға қатысты Нұрлан Жұмасұлтановтың өзін компанияның тікелей басшысы ретінде қамауға алу керектігін айтқан-ды.

Енді міне, ол Bek Air ұшақтарын басқа елде ұшыратынын ескертіп, емін-еркін жүр. Демек, Нұрлан мырзаның білдей бір Әділет министрлігі де аты-жөнін бүгіп қалатындай дәрежеде «құрығы ұзын» болып тұрғаны ғой?..

Бір қызығы, Нұрлан Жұмасұлтанов 2016 жылы Bek Air әуекомпаниясының тағы бір ұшағы  «мертіккенде»: «Бұндай енді болмасын деп тілейік. Бүгін міндетті түрде қой соямыз», – деген екен.

Құрбандыққа адам шалынып жатқаннан кейін өйтіп қой союға құлшынғанша, сол төрт жыл ішінде Құдайдан жаңа ұшақ тілегенінде ғой…

 

Комментарий