Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды

2020 жылдан бастап елімізде пациенттерді қабылдау мен емдеу жаңаша жүргізіледі. Оған себеп – Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі жатыр

Қазақстанда 2020 жылдың бірінші қаңтарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды.

Халықтың 94,5%-і әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен міндетті түрде қамтылады, оның ішінде 5,5%-і – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жарна төленетін ең жоғарғы шек бар бар – 10 ең төменгі жалақы немесе 425 мың теңге. Бұл шектеудің жалдамалы жұмысшыларға да, азаматтық-құқықтық келісім бойынша жұмыс істейтін азаматтарға да қатысы бар. Осылайша, жыл сайынғы төлем 60 мың теңгеден аспайды.

Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан төленетін жарна мен төлемнің мөлшерін бекітті:

  • жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%-і;
  • жұмысшылар үшін – еңбекақының 1%-і;
  • жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і;
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%-і;
  • өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і.

Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санатына мемлекет жарнаны қорға ең төменгі жалақының 1,4%-і мөлшерінде өзі аударады.

Жаңа жүйенің пайдасы қандай?

Алдымен жаңа жүйеде кепілдендірілген тегін медициналық көмектің сақталатынын ұмытпау керек. Оған кіретін қызметтер:

  • алқашқы медициналық-санитарлық көмек;
  • скринингтер (қауіпті ауруларды ерте анықтауға арналған медициналық тексерістер);
  • жүкті әйелдерді қарау;
  • балаларды үйде бақылау;
  • созылмалы ауруы бар науқастарды бақылау (оған 25 ауру кіреді);
  • әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққандарды бақылау (туберкулез, ВИЧ-инфекция, психикалық аурулар, қатерлік ісіктер);
  • шұғыл емдеуді қажет ететін кез келген аурулар;
  • басқа адамдарға қауіп төндіретін инфекциялық ауруларды емдеу.

Ал басқа медициналық қызметтер, соның ішінде қымбат шаралар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалатын болады. Соның ішінде үлкендер мен балаларға арналған профилактикалық тексерістер, жоғары стационарлық көмек, мейірбикенің күтімі, қымбат консультативті-диагностикалық қызметтердің кеңейтілген тізімі бар.

Қазақстандықтар медициналық сақтандыру аясында экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасына тегін қатыса алады.

Бұдан бөлек, станцинардан тыс көмек, медициналық оңалту мен қалпына келтіру қызметтерінің аясы кеңейеді. Сақтандыру жарналары есебінен консультативті-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық медқызметтер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі артады.

Комментарий