Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:«Парламентке бақылау құзыреті керек»

– Нұртай Салихұлы, тарих қойнауына тағы бір жыл еніп бара жатыр. Сіздің ойыңызша осы кезеңнің басты ерекшелігі не болды?

– Әрине, бұл жылдың ерекшелігі әрбір отандасымызға аян. Ол елімізде өткен билік транзиті, яғни Қазақстанның екінші президентінің сайлануы. Халықтың басым бөлігі бұл өзгерісті әдеттегідей береке-бірлігімен қабыл алды.

Десе де, бұл жыл азаматтық белсенділіктің өскен кезеңі болды. Халық бұрынғыдай елдегі өзгерістерге салқынқанды қарамай, оларға қатысты өз көзқарастарын білдіруге ұмтылып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалыса бастады. Соның арқасында отандастардың көптеген ойлары билікке жетіп, бірқатар әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапты. Яғни, біздің қоғам ары қарай дамудың демократиялық жолына түсіп отыр. Ең бастысы осының бәрі елдің бірлігі, бейбіт өмірі жағдайында жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта да осы үрдіс жалғасып, елдік мүдделер біртіндеп шешімін таба беретініне сенім мол. Сондықтан, халықтың ынтымағы, бірлігі нығая берсін деп тілеймін. Жаңа жылда халқымызды жаңа биіктерді бағындырып, өркениет көшінде бәсекеге қабілетті ел ретінде мерейіміз үстем болсын! Бұл, әрине, баршамыздан табанды да жасампаз еңбекті қажет етеді.

– Өткен жыл еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы – Парламент үшін де іскерлік пен батылдықты қажет еткені анық. Өйткені, Сіздердің алдарыңызда жаңа Президентіміздің халықтың талап-тілегі арқау болған тапсырмаларын заңмен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Бұл үдеден қаншалықты лайықты шықтық деп ойлайсыздар? Жалпы, өтіп бара жатқан жылдағы Парламенттің жұмысын қалай сипаттаған болар едіңіз?

– Елбасының стратегиялық курсы, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен өз Жолдауында айқындаған міндеттері толық көлемде заң арқылы жүзеге асты деп айтуға болады. Солардың негізгілеріне тоқталып өтейін. Мәселен, елдімекендерге шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік салық облыстық бюджетке берілетін болды. Бұл ауылдардың, жалпы өңірлердің дамуына оң әсерін тигізеді. Өйткені, ақша тікелей олардың өз бюджеттеріне түседі.

Мемлекет басшысының кадрлық резервті құру туралы тапсырмасы толық орындалды. Яғни, еліміздің «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына өзгеріс енгізіліп, сол арқылы жастардың кадрлық резерві қалыптасты. Президенттің білім саласына байланысты қойған міндеті де толық жүзеге асты. Мәселен, саланы қаржыландыру аудандық бюджеттен облыстық бюджетке өтті. Жақында педагогтардың мәселесіне байланысты заң қабылданып, онда да мұғалім мәртебесіне қатысты көптің көкейінде жүрген біраз мәселе шешілді.

Сонымен бірге, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі Елбасы берген тапсырманы жүзеге асыру үшін «Атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңға өзгеріс енгізілді. Онда белгіленген жаңа талап бойынша, көп балалы отбасына балалары кәмелеттік жасқа толғанша жәрдемақы төленеді. Аз қамтылған отбасылар табыс көзіне байланысты толықтай атаулы әлеуметтік көмек алу мүмкіндігіне ие болды. Мемлекет басшысының тұрғын үй салуға байланысты тапсырмасы да орындалды. Соның арқасында бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жастарға арнап тұрғын үй салына бастады. Өңірлерде де бұл құрылыстың қарқыны қазіргі кезде артып келе жатыр. Оған бүгініг таңда тиісті қаражат бөлінді.

Сонымен қатар, Президенттің жыныстық зорлау, азаматтардың денсаулығына зиян келтіру сияқты аса қауіпті қылмыстарға жазаны қатайту туралы тапсырмасы да толық орындалды.

         – Күрделі мәселенің бірі бюджет қаражатына сай қалыптасып отырғаны ешкімге құпия емес. Жыл сайын игерілмеген, талан-таражға салынған теңге көлемі жүздеген миллиардтарға жетіп жатады. Мемлекет басшысының бұған да айрықша назар аудартып, құзырлы орындарға нақты міндет жүктегенін білеміз…

– Иә, 2019 жылы бюджетті нақтылау кезінде орнын таппаған қаржылар тағы да алдымыздан шықты. Мысалы, 6 министрлік бойынша шығыстар игерілмегендіктен, 138 млрд. теңгеге азайтылған. Бұл жағдайға, біріншіден, бюджет жобасын жасаған кезде нормативтиік-құқықтық актілердің дұрыс зерделенбегені, екіншіден, өтінімнің талапқа сай берілмегені себеп болған. Сонымен қатар, көптеген құрылыстың баяу жүргізілуі әсер етіп отыр. Жалпы, бюджет жобасын жасау кезінде негізділік, тиімділік қағидаттары қатаң сақталуы керек. Өкінішке қарай, министрліктер мұны ескере бермейді. Ал, қаншама мәселе қаржының жетіспеуінен жылдар бойы шешілмей келеді. Мәселен, Қазақстан бойынша 128 мектеп үш ауысымда, 31 мектеп апатты жағдайда оқып жатса да, 940 мектепте спорт зал, 1000 мектепте асхана жоқ болса да Білім және ғылым министрлігі өз шығыстарын 41 миллиард теңгеге қысқартқан. Сол секілді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 512 мың тұрғын үйге мұқтаж азамат кезекте тұрса да 31 млрд. теңгеден бас тартты. Бұл қаражат негізінде үй салуға, су жүйесін жаңғыртуға, жаңа су нысандарын салуға жұмсалуы керек еді.

         – Иә, бұл жылда айтылып жүрген әңгіме, осыған енді заңнамалық деңгейде бір шара қажет екені де аз көтерілген жоқ. Қандай амал жасалып жатыр?

– Осыған орай Мемлекет басшысы бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған мемлекеттік орган басшыларының жауапкершілігін заң жүзінде қарастыруды тапсырған болатын. Соны орындау мақсатында Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді облыс әкімдерін де, министрлерді де әкімшілік жазаға тартуға толық мүмкіндік бар.

Тағы бір үлкен жаңалық – жемқорлыққа қарсы күресті үдету мақсатында қабылданған талап. Бұл ретте де министрлер мен әкімдер үшін айрықша жауапкершілік белгіленіп отыр. Ол бойынша  министр немесе әкім орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалып, оған сот арқылы шығарылған үкім заңды күшіне енетін болса, онда министр өзін отставкаға жіберу туралы өтініш беруі керек. Бірақ, оны қабылдау, қабылдамау Мемлекет басшысының құзырында. Сонымен қатар, Президент пойыз билеттерінің алыпсатарлығына тосқауыл қою туралы да тапсырма берген болатын. Біз осыған байланысты да тиісті заңнамаларға түзетулер енгізіп, әкімшілік жауапкершілікті күшейттік. Енді билеттің алыпсатарлары ұсталатын болса, оларға қомақты айыппұл салынады.

Тоқ етерін айтқанда, бүгінде халықтың көтерген барлық мәселелері заң арқылы қарастырылып, шешімін тапты деуге толық негіз бар.

– Әйтсе де, не шешілмей қалды? «Әттеген-ай» дегізген жағдайлар бар ма?

– Мұндай мәселелер жоқ емес. Мәселен, мемлекеттік сатып алу шараларын жетілдіре алмай отырмыз. Шындығында көптеген өңірлерде жемқорлық осы шараның төңірегінде болып жатыр. Бөлінген қаражат мақсатқа сай жүзеге аспайды. Мысалы, сумен жабдықтау нысандары мен жолдарды жөндеуге берілген қаражат тиімсіз жұмсалуда. Мұны айғақтайтын нақты фактілер бар. Бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін болашақта Бюджет кодексіне қайта өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек. Өйткені, бұл шарада адами фактордың рөлі зор болып тұр. Оған көз жұма қарап отырған әкімдер де жетерлік. Осыған заңнамалық негізде жауапкершілік айқындалуы тиіс.

– Сіздіңше, ол қандай шара болғаны жөн?

– Ақиқатын айту керек, жемқорлықтың көптеген фактілері өңірлерде салынып жатқан объектлер төңірегінде орын алып отыр. Сондықтан, алдымен бақылауды күшейткен жөн. Осы ретте мемлекеттік сатып алу шарттарын, талаптарын жетілдіру өзекті болып тұр. Ешкімнің шеніне қарамай, министрдің де, әкімнің де, комитет басшысының да тиімсіз жұмсалған қаржы үшін жауап беріп, келтірілген зиянды өтеу талабы заң жүзінде бекітілуі қажет. Сонда ғана тәртіп болады.

Тағы айтып өтетін мәселе, біз бюджет қаражаты арқылы кәсіпкерлерді қолдап, субсидия берудеміз. Алайда, соның көбі тиімсіз болып жатыр. Себебі, оған да бақылау жоқ. Қанша кәсіпкер өнім шығарды, қанша жұмыс орнын ашты, қанша салық төледі? Бұл жөнінде де білу мүмкін емес. Ал, сол субсидиялар ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлерге жетпей жатады. Шын мәнінде оларға жасалған көмек өңірлерді дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеруге толық мүмкіндік берер еді. Өкінішке қарай, ауылдағы кәсіпкерлер мұндай қолдаудан шет қалып жатыр. Сондықтан, біздің ең басты мақсатымыз – бюджет қаражаты арқылы өзінің мүддесін көздейтіндерге тосқауыл қою.

Жалпы, басты мәселе халыққа адал қызмет ету болуы керек. Мемлекеттік биліктегі әрбір лауазым иесі үшін бұл бұлжымас қағида, басты міндетке айналуы тиіс. Сонда ғана көптеген мәселені шешуге болады. Кей кезде қарапайым бір мәселелерге назар аудармайтын басшылар бар. Барлығы осыдан басталады. Халықтың айтқан әрбір өтініші, көтерген мәселесіне бей-жай қарамай, назар аударсақ, көптеген тығырықты жағдайдың алдын алуға болады.

– Заңнамалардың қазақ тілінде жазылмайтыны да өзекті өртейтін мәселе. Осының салдарынан біздің тіліміз толыққанды мемлекеттік тілге айнала алмай отыр. Яғни, бұл – тіліміздің өз мәртебесіне сай төрге шықпай отыруының бір себебі десек артық айтқандық болмас. Уақытында Фариза Оңғарсынова мен Әкім Ысқақ қана екі заңды қазақша жазған екен. Ұлттық заңнамалардың  төл тілімізде жазылмауына не кедергі?

– Заң жобаларын қазақ тілінде жазуға ешбір шектеу жоқ. Шын мәнінде Парламентке Үкіметтен келіп түсетін заң жобалары да, депутаттардың бастамасымен жазылатын заң жобалары міндетті түрде қазақ және орыс тілінде жазылады. Иә, мәселе бар, кейде заң талқыланып жатқан кезде ұсыныстар орыс тілінде беріледі де, сөйтіп сол күйі пікірлер мен сұрақтар орыс тілінде жалғасып кетеді.

Менің ойымша, болашақта мемлекеттік қызмет істейтін адам кем дегенде екі немесе үш тіл білуі керек. Ең бастысы мемлекеттік қызмет істейтін азамат міндетті түрде қазақ тілін білуі қажет.

– Қазақ тілін білсе де, «жалпыға түсінікті тілде айтайын» деп орысша сөйлеуге құмартып тұратын әріптестеріңіз аз емес.. Синхронды аударма бола тұра осылай өз тілінің құнын түсіріп жататындарды ұға алмаймыз…

– Бұл енді кеңестік кезеңнің салдары деп білемін. Менің ойымша, қай тілде сұрақ қойылды сол тілде жауап берілуі керек. Маған сайлаушылардан хат көп келеді. Оларда әртүрлі министрлікке қатысты кемінде төрт-бес мәселе көтеріледі. Кейбірін орыс тілінде дайындап жіберуге мәжбүр боламын. Себебі, қазақша білмейтіндер қазақ тіліндегі хатқа қарамайды. Сондықтан, көптеген әріптестерім билікке ұсыныстары өту үшін осындай қадамға барады.

Ал, негізінде, комитеттің төрағасы ретінде Үкімет сағатында да, жалпы отырыста да қазақша сөйлеймін. Бірақ, менің сөздерімді көбіне орыс тілді бұқаралық ақапарат құралдары жариялайды. Керісінше, қазақ тілділер көп бере қоймайды. Олар көбіне әншілердің айтқанын, қай жұлдыз кімнің тойына барды, билікте қандай ауыс-түйіс болды деген сұрақ төңірегіндегі жеңіл дүниелерді жазады. Негізі қазақ тілінің мәртебесі үшін бәріміз жауапты болуымыз керек. Әсіресе, журналистер Парламентте көтерілген өзекті, маңызды мәселелерді халыққа жеткізсе, қазақ қауымы маңызды ақпаратты қазақ тілінде жиі әрі көп алса, оны білуге деген қызығушылық барлық тараптан арта түсер еді. Қазақша айтылған дүниелер қоғамға жетуі тиіс. Бұл да біздің тіліміздің қажеттілігін көтерудің бір мүмкіндігі.

         – Жөн-ақ! Десе де, жуырда Мемлекеттік қызмет агенттігінің өкіліне «қазақ тілін тілін білу мемлекеттік қызметкердің міндеті деген талап неге заңнамалық тұрғыда дәйектелмейді?» деген сұрағыма «бұл азаматтардың құқын бұзады» деген жауап алған едім…

– Сіз оған «бұл жағдайда неге орыс тілін білмейтін қандасымның құқы бұзылуы керек?» деп қарсы сұрақ қоймадыңыз?! Расында, бір шенеуніктің құқы бұзылады деп, миллиондаған қазақтың құқын аяқ асты етуіміз керек пе? Мысалы, мен ауылға барғанда орысша түсінбейтін адамға қазақша жауап берсем, кімнің құқы бұзылғаны?! Ауылдағы халықтың жетпіс пайыздан астамы қазақ тілді. Олармен ана тілінде сөйлесе алмасам, мен кім үшін қызмет етіп жүргенім?! Меніңше, осы сұрақ әрбір мемлекеттік қызметкерді ойландыруы керек. Өкінішке қарай, бұлай болмай тұр. Сондықтан, мемлекеттік қызметкердің қазақ тілін білуі заң жүзінде міндеттелуі тиіс деп санаймын. Бүгінгі қалыптасып отырған жағдай қазақ тілінің осындай қажеттілікке айналуын көрсетіп отыр.

– Қоғамдағы жаңа институт – Ұлттық сенім кеңесінің дүниеге келуін Парламенттің өз қызметін дұрыс пайдаланбауының салдары, әлсіздігі деп жатқандар бар. Бұған не дейсіздер?

– Парламент – Қазақстанда заң шығару ісін жүзеге асыратын ең жоғарғы құзырлы орын. Ұлттық кеңесте мұндай өкілдік жоқ. Бұл кеңес құратын, ұсыныстарды ортаға салатын алаң. Парламенттің жұмысы күнде сағат 9-да басталып, кешке дейін созылып жатады. Ұлттық кеңес айына, тоқсанына бір рет бас қосады. Ал, Парламент күн сайын заңдарды қарап, талқылап, түрлі басқосулар өткізіп, қызу жұмыс жүргізеді. Қоғамдағы көптеген мәселелерді заң арқылы реттеу біздің міндетіміз. Сондықтан, Парламент пен Ұлттық кеңестің жұмысын бір-бірімен салыстыруға және бір-біріне қарсы қоюға болмайды.

Себебі, ол елдегі көптеген мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынатын, ел зиялыларының ұтымды ой-пікірін билікке жеткізетін ұйым. Онда басқа мемлекеттік органдардың қызметі қайталанбайды.  Осы ретте айта кетейін, блогерлер, журналистер, қоғам белсенділері өз ұсыныстарын Парламентке де жолдап, заңдардың талқылануына атсалыса алады. Оған еш шектеу жоқ. Мен өзім жетекшілік ететін Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне түскен заң жобаларын талқылауға көптеген Парламентке енбей қалған партияларды шақырамын. Шынын айту керек, әлеуметтік желілерде, халық арасында белсенді болып жүретіндер мұндай сәтте онша ықылас танытпайды. Негізі халықтың ойын білу үшін, мәселелерді заңнамалық негізде тиімді реттеу үшін жұртшылық тарапынан  ұсыныс-пікірдің ашық айтылуы өте қажет. Бұл өзекті мәселеге дер кезінде назар аудартуға сеп болар еді. Сондықтан, алдағы уақытта да заңның талқылануына азаматтар белсенді түрде атсалысса деген тілегіміз бар.

– Жалпы, Парламенттің құзыры жеткілікті ме? Заң шығарушы орган қызметінің тиімділігін арттыру үшін қандай да бір қосымша құзырет қажет емес пе?

– Қазіргі құзыреттерімізді дұрыс пайдалана алсақ, көп жұмыс атқаруға болады. Десе де, заң шығарушы органның бақылау мүмкіндігінің болуы оның пәрменділігін арттыра түсер еді. Әсіресе, қаржының жұмсалу үдерісі, бағдарламалардың орындалу барысы депутаттар тарапынан қадағаланса, осы мәселелерге қатысты біраз заңбұзушылықтар жойылар еді деп ойлаймын. Жалпы, бағдарламалар алдымен депутаттар алдында талқыланып, қабылдануы керек. Сонда орта жолдан тоқтайтын, аяғына жетпейтін шаралар азайып, бюджеттің қаржысы тиімділігі төмен жобаларға жұмсалмас еді.

         – Қалай ойлайсыз, келер жылы Парламент сайлауы бола ма?

– Бәрі де мүмкін, ешнәрсе мәңгілік емес. Бірақ, қандай жағдайда да елге қызмет етуге, оның үнін естіп, дер кезінде оған жауап беруге, қажетін ашатын нақты шаралар қабылдап, жүзеге асыруға дайын болуымыз керек. Бізді толғандыратын да, бізді жігерлендіретін де осы халқымыздың бүгінгі бақуатты тірлігі, ертеңгі кемел келешегі болуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,

«Заң газеті»

 

Комментарий