Аймақ | Регион

Биыл СҚО-да баспанасыз жүрген 126 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 8 мыңнан астам адам өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартса, оның 126-сы – көпбалалы отбасылар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзіне қарағанда, өңірде құрылыс саласы қарқын алған. Биыл 2240 пәтер пайдалануға берілді, жаңа жылға меже – оның санын 3 мыңға жеткізу. «7-20-25» бағдарламасы аясында ғана биыл 851 пәтер берілді. Халық 464 баспананы 3,2 млрд теңгеге сатып алды. Сондай-ақ баспанаға кезекте тұрған көпбалалы 126 отбасы қоныс тойын тойлады.

Алдағы үш жылда олардың пәтер мәселесін толық шешеміз. Біз әлі де тұрғын үйді жеткілікті деңгейде салып жатқанымыз жоқ. Аймақта қазір жылына 400 мың шаршы метр баспана тұрғызамыз. Ал қажеттілікті толық өтеу үшін бұл көрсеткішті 1,7 есеге арттыру керек. Оны жүзеге асыруға бізде барлық мүмкіндік бар», – деді Құмар Ақсақалов.

Петропавлдағы «Жас өркен» ықшам ауданы соңғы бірер жылда танымастай өзгерді. Қаланың бұл бөлігінде заманауи оқушылар сарайы, теннис орталығы, А.Винокуров атындағы спорт сарайы бой көтерді. Көпқабатты үйлер пайда болып, облыс орталығында алғаш рет 18 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қолға алынды. Келер жылы жаңа театр салынып бітеді. Жаңа жылда қала көркін қашырған жеке сектордағы 467 үй сырылып, нәтижесінде 54,8 га босатылмақ.

Бұл жерде көпқабатты үйлер тұрғызылады деп жоспарланған. Облыс орталығындағы «Береке», «Юбилейный», «Солнечный» ықшам аудандарында да құрылыс қызған. Келер жылы «Шығыс» және «Копай» ықшам аудандары дамытылып, құрылыс қарқын алмақ. «Ауылдық жерлерде де тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Биыл 428 баспана тұрғызылды. Алдағы екі жылда тағы 1714 үй салынады. Бұл жұмыстар өңірден кетушілердің санын азайтпақшы. 2016 жылмен салыстырғанда, көшкендердің саны 40% кеміді», – деді Құмар Ақсақалов.

 

Комментарий