Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

САНАЛЫ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

   Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Ал бірінші Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы кеңестің XII шақырылуымен қабылданған болатын. 1995 жылғы ҚР Конституциясы мемлекет пен қоғамның демократиялық негізде жаңаша дамуына, қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларының түпкілікті жаңғыруына негіз қалады.

Негізгі заңның ең түбегейлі қағидаттарына қысқаша тоқталсақ, 1993 жылғы Конституцияға қарағанда 1995 жылғы құжат мемлекеттік билікті жүзеге асыру мемлекеттік органдарға берілетіндігін, оның өзінде тек сайланбалы органдарға ғана емес, биліктің үш тармағының барлық органдарына берілетіндігін бекітті. Белгілі ғалым, профессор С.С.Сартаев айтқандай, «Ел басқарудың тұрақты да дәйекті формасының негізін қалады». Экономика саласына қатысты бұл тарихи құжат мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің танылып, бірдей қорғалатынын, азаматтардың жеке меншiкке құқығын, оның заңи кепілдігін, кәсіпкерлік қызметтің еркіндігін жариялай отырып, қоғамның экономикалық жүйесінің негізін дәйектеді. Ата Заңның маңызды тұсының бірі – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесінің  нақтылануынан көрінеді.

Республика Конституциясы заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының тұрақтылығын, тиімді жұмыс істеуін және өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін билікті бөлу принципін жариялап, тежемелілік пен тепе-теңдіктің нақты жүйесін айшықтады. ҚР Парламенті Қазақстан тарихында тұңғыш рет қос палаталы құрылымда (Сенат және Мәжіліс) құрылды. Әрі ол заң шығару қызметін жүзеге
асыратын бірден-бір орган мәртебесінен айырылды. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес, ҚР Президенті атқару билігі жүйесінен шығарылып, атқару билігі жүйесін басқару және оның қызметіне басшылық ету құқығы ҚР Үкіметіне тиесілі болды. Сонымен қоса, бұл Конституциямен біртұтас сот билігі құрылып, сот жүйесінің бір бөлігін құраған Конституциялық соттың орнына ешбір билік тармағына кірмейтін тәуелсіз Конституциялық кеңес құрылды. Конституцияда бірінші рет жергiлiктi тұрғын халықпен дербес жүзеге асырылатын жергiлiктi өзiн-өзi басқару танылды. Конституция  мемлекеттің жоғары құндылықтары ретінде адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын бекітті.
Конституцияның нормалары әрдайым дамиды. Ата Заңымыздың өзгеруі оның тірі жүйе екенінің белгісі. Конституциямыздың негізгі мақсаттарының бірі – құқықты мемлекеттің құруы және елімізде
құқық тәртібін сақтау. Осы нормалардың арқасында құқық үстемдігі  принципі, заңдардың орындалу кепілдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау механизмі іске асады. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында айқындағандай, «Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, тарихымызды, жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ». Қазақстан жастарының құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында ел Үкіметі тарапынан көптеген шаралар қолданылып жатыр. 2015 жылы 9 ақпанда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданды. Аталған заңда белгіленгендей, Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары «… қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулықты сақтау және нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жұмысқа орналасу мен жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау, жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдайлар жасау, жас отбасылар және жұмыс істеп жүрген жастар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, дарынды жастарды дамытуға жәрдемдесу, мәдени бос уақыт пен демалыс үшін жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады».

Сонымен бірге, 2019 жыл Елбасының бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Үкімет оны жүзеге асырудың Жол картасын қабылдап, бюджеттен 300 млрд теңге бөліп, көптеген маңызды шаралар іске асырылды. Атап кетсек, жастарға арналған жалдамалы баспана, дипломмен ауылға, жұмыспен қамту, «Жас кәсіпкер», «Жас маман», «Жастар – ел тірегі» жобасы басталды. Жастар жылында ҚР Білім және ғылым министрлігі 53 755 грант бөлді. Ғылыми әлеуетті дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігіндегі Ұлттық ғылыми кеңес арқылы жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге, биыл Қазақстан өңірлерінде «Бақытты отбасы» атты отбасын қолдаудың 12 орталығы ашылды. Отбасылық ресурстарды қолдау орталықтарының жұмысы аясында 270 отбасы ажырасудан аман қалды. Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталықтарында отбасыларға тегін заңгерлік кеңес беру бөлімдері жұмыс істейді. Осы орайда Конституциялық кеңес те бұл шаралардан шет қалған жоқ. 2018 жылы Конституциялық Кеңес Адам құқықтары күні мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған заң жоғары оқу орындарының (факультеттерінің) арасында конституциялық іс жүргізу бойынша республикалық олимпиада өткізді. Олимпиада Рухани жаңғыру жалпыұлттық жобасы аясында өскелең ұрпақтың құқықтық санасын жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар топтамасының жалғасы болып табылады. Олимпиадаға 12 өңірлік жоғары оқу орны қатысты. Командаларға республика соттарының
Конституциялық кеңес бұрын қараған ұсыныстары берілді. Ғылыми жетекшілердің үйлестіруімен әр команда өз презентациясын ұсынды. Конституциялық Кеңесте өткен ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша бірінші орынды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің командасы, екінші орынды С. Аманжолов
атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командасы, үшінші орынды Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының командасы алды. Сонымен бірге, Конституциялық кеңес ашық есік күндерін, оқушылар, студенттер мен магистранттар арасында конкурстар, іскерлік ойындар, оқушылар ұжымдарымен кездесулер және тағы басқа іс-шаралар өткізді.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңестің мүшелерімен «Негізгі Заңның аптасы» шараның аясында Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Атырау, Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарында Ата Заңымызды негізгі аспектілері бойынша лекциялар жүргізді. Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толады. Осы орайда Қазақстан Республикасы Үкіметтің 2019 жылғы 25 қазандағы № 801 қаулысымен Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Конституциялық кеңес заң факультеттерінің студенттері арасында конкурстар өткізу, дәрістер мен «ашық сабақтар», дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастыру және республиканың жалпы білім беру мектептері оқушылары арасында сурет салудан қашықтықтан республикалық интернет-конкурсын өткізуді жоспарлауда. Негізгі Заңымыз нормативтік әлеуетін жоғалтқан жоқ, прогресс жолымен алға жылжуымыздың, демократиялық тұрғыдан одан әрі нығаюымыздың, нағыз құқықтық мемлекет болуымыздың негізгі заңдық тұғыры болып қала береді. Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті құру, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары  болып табылатын конституциялық ережеге негізделетін сыртқы және ішкі саясаттағы нәтижелерге қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің, патриоттық сезімінің, ынтымағы мен ауызбірлігінің арқасында қол жеткізуге мүмкін болды. Тәуелсіздігіміздің ширекғасырлық кезеңі ішіндегі Қазақстан дамуының нәтижесі – еліміздің Ата Заңы өзінің әділеттігі мен тиімділігін көрсеткенінің нақты дәлелі екені шүбәсіз.

 

Н.ТАСБОЛАТОВ,
ҚР Конституциялық кеңесі
аппаратының құқықтық
қамтамасыз ету
және халықаралық
ынтымақтастық бөлімі
меңгерушісінің орынбасары

Комментарий