Талқыдағы тақырып

Онда біздің ұрпақтың оқыған-тоқығанынан не пайда?

Жапонияда баланы ұруға заңмен тыйым салды. Жаңа Асхат Қасенғали деген жігіт осындай заң бізге де керек пе деп пост жазса, ері бар, әйел бар, бәрі бір ауыздан “аюға намаз үйреткен таяқ”, “баланы болмаса, кімді ұрамыз”, “қасқыр баласын қауіп сүйеді”, “аясаң, аяма” деп қарсы шығыпты. Қазақтың бірден өзін жан-жануармен теңестіретіні қызық….

Басқаша айтқанда, әкем мен шешем мені ұрған. Мен де баламды ұруға қақылымын деген сөз ғой.

Менің Вальдемар деген көршім болды. Бірде айтады: мектепте төбелес көріп тұрсақ, полиция бәрімізді ұстап алып кетті. Кейін ата-аналарыңды шақырыңдар деп жібере салды дейді. Ешкімге айтпаған шығарсың десем, әкеме айттым, ол РУВД-ға барды, сөйлесті. Үйге келген соң ұрды ма, ұрысты ма десем. Жоқ дейді.

Бір ауданда, бір көшеде үйі қатар тұрған, бір жастағы екі баланың түсінігі. Бірі қазақ, бірі неміс.

Меніңше, “біз әкеміздің бір қабағынан қашып кететінбіз”, “әкем үйге кіргенде тығылып қалатынбыз” деген түсінік ескірді. Қазақстан и так жасөспірімдер суицидінен әлемде топ-10 елдің қатарында. Баламен тіл табыспаса, дос болмаса, қиын.

Бала өскенде көргенін қайталайды.
Бірақ келесі ұрпақтар жақсырақ болу үшін білім аламыз. Ал бала сабау, жаман әдет жалғасса, онда біздің ұрпақтың оқыған-тоқығанынан не пайда? Нәтижесі не?

Қыз бейсаналаы түрде әкесіне ұқсас адамды іздейді дейді. Егер әкесі ұрып өсірсе, ертең күйеуінің де қол көтеруін норма деп қабылдайды. Ал өзің мәпелеп өсірген қызыңды басқа біреу ұрғанын кім қалайды?

Фейсбуктегі парақшасынан

Нұрмұхаммед Байғараев

Комментарий