Аптадағы сұхбат | Интервью неделиҚоғам | Общество

Арман ШОРАЕВ, «Қазақ күресі» федерациясының президенті: «Арманым – қазақ күресін олимпиада ойындарына кіргізу»

Қазақ қоғамында ұлттық дүниелерді брендке айналдырып, өзгелерге құндылықтарымызды дәріптеп, насихаттап жүрген азаматтар бар. Көп емес, бірақ үркердей ғана бір шоғыр. Солардың көш басында жүргендерінің бірі – Арман Төлегенұлы Шораев. «Қазақстан барысы», «Жас барыс», «Еуразия барысы» секілді жобалары арқылы қазақ күресін әлемге танытып жүрген азамат. Ұлыстың ұлы күні – Науырыз мерекесі қарсаңында Арман ТӨЛЕГЕНҰЛЫНА жолығып, қоғамдағы кейбір өзекті мәселелер жөнінде әңгімелескен едік.

– Арман Төлегенұлы, «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» секілді жобалар қалай дүниеге келді? Алдымен соған тоқталсаңыз.
– Тоғыз жыл бұрын өзіміздің жігіттермен Моңғолияға барғанбыз. Баянөлгейге соқтық, одан ары астаналары Ұланбаторда болып қонақ үйге кірсек те, мейрамханаға барсақ та, төрде спорттық киім киген жас жігіттің үлкейтілген портреті ілулі тұрады. Содан мен сол жердегі күтуші жігіттерден «бұл кім?» деп сұрадым. Олар жыл сайын моңғол күресінен үлкен
жарыс өтетінін, соның жеңімпазы «Арыстан балуан» деген атақ алатынын, ондай балуан бір-ақ күнде елге танылып, халық  осылай құрметтеп, суретін төрлеріне іліп  қоятынын айтты. Ұлт батыры есебінде саналады екен. Содан маған моңғолдар да біз сияқты көшпелі халық, біздің қазақ күресі де моңғол күресінен артық болмаса, кем емес, ендеше «мұндай жарысты бізде
де өткізіп, қазақ күресін неге насихаттамасқа, қазақтың намысты жігіттерін неге көбейтпеске?» деген ой келді. Сол жолы бізге моңғол күресінен өтіп жатқан жарысты тамашалаудың сәті түсті. Өз көзіммен көрдім, Президенттерінің өзі қоржынмен 100 мың долларды алып келіп отырды. Кәсіпкерлер де ақша тігіп, байлары үйір-үйір жылқысын айдап
келіп, құрмет көрсетіп жатыр. Сол кезде моңғол күресі олардың рухтарын көтеріп, патриоттық сезімдерін оятатынына анық көз жеткіздім. Содан елге келген соң жігіттерді жинап ақылдастым. Мадияр Алдоңғаров деген досым ол кезде Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары болатын. Қазақ күрес федерациясында қызмет еткен Тайыр Рзақұлов үшеуіміз
ақылдасып, Қызылорданың орталық стадионында «Алтын белбеу» деген атпен алғаш рет қазақ күресінен үлкен жарыс өткіздік. Сәтті өтті. Содан кейін «Қазақстан барысы» жобасын бастадық. Атауын Дархан Мыңбай қойып берді. Барыс деген қасиетті аң ғой. Алғашқы жарысты Астанада өткіздік. Елбасы батасын беріп, құттықтау сөзін жіберді. «Дәулет»
спорт кешені 4 мың адамға шақталған болса, 6 мың көрермен келді. Түрегеп тұрып көргендер де болды. Мен ол кезде КТК арнасының бас директорымын ғой, трансляцияның рейтингісі де жоғары болды. Қазақ күресінің де рухты көтерер құдыретіне көзіміз жетті. Одан кейін «Жас барыс» жобасын өткіздік. Артынша, «Евразия барысы» жобасын қолға алдық. Осылайша жалғасып кете берді.
Қазақ күресін ұлттық брендке айналдыра алдыңыз. Ал, біздің қымыз, қазы, бүркіт, тазы секілді қазаққа ғана тән құндылықтарымызды өзгелер патенттеп алып жатыр. Осы тұрғыда ойыңыз қандай?
– Осы арада елден сүйінші сұрап айта кетейін, ЮНЕСКО қазақ күресін қорғалатын мәдени құндылықтар тізіміне енгізді. Енді оны ешкім патенттеп ала алмайды. Халықаралық қауымдастық қазақтың күресі деп таниды, мойындайды. Сол сияқты қымызды да, қазыны да, басқа да қазаққа тән дүниелерді патенттеп, ЮНЕСКО-ның мәдени құндылықтар тізіміне енгізіп, халықаралық қауымдастық алдында дәлелдеп қою қажет. Әйтпесе, қазір плагиаттар көбейіп жатқан заманда ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл
іспен Мәдениет және спорт министрлігі секілді тиісті ведомство айналысқаны дұрыс. Егер олар ресми түрде бастаса, ұлтжанды азаматтар қолдап кетері анық.
– Осы күрес саласының жаттықтырушылары мен төрешілері бас қосқан ғылыми конференцияда моңғол, жапон күрестерін зерттеу жөнінде ұсыныс тастағаныңыз есімізде. Ондағы мақсат не, зерттеу жасалды ма?
– Дұрыс айтасыз, мені «Қазақ күресі» федерациясына басшылыққа шақырған соң ұлттық күресімізге бар ынтаммен кірістім. Оны дамыту үшін ғылыми зерделеу керек деп шештім. Осы бағытта жаттықтырушылар мен төрешілердің басын қосып ғылыми конференциялар өткізіп, алдымен қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін зерттеп алдық. Ережелеріне көп өзгерістер енгіздік. Моңғол мен жапон күресін де мамандар зерттеп, қазақ күресінен артық жері қайсы, кем тұсы не деген сауалдарға жауап бердік. Оларды зерттеудегі мақсат қазақ күресін дамыту үшін оның әдістемелік оқулығын жазып, болашақта мектеп бағдарламасына енгізу. Қазақтың әр баласын қазақша күрестің әдіс-тәсілін меңгеріп, күреспен айналысатын дәрежеге жеткізу. Мәселен, 2010 жылы біз «Қазақстан барысы» жобасын бастағанда елімізде 30 мың бала қазақ күресімен айналысса, бүгінде 150 мыңнан асты. Бұл жақсы жетістік деп есептеймін. Ал,
мектеп бағдарламасына енер болса, онда бұл көрсеткіш еселеп өседі. Жалпы, осы күрестің айналасында жүрген біздердің басты бір арманымыз қазақ күресін олимпиада ойындарына кіргізу. Сонымен қатар, мен осы «Қазақстан барысында» Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді аса ауыр салмақтағы балуан шығаруды армандап жүрмін.
– Қазақта «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген сөз бар. Қазақ күресінен «Евразия барысы» секілді халықаралық жарыстар өткізіп жатырсыздар. Осылайша, әлемдік қауымдастық алдында жақсы насихатталса, сіздердің арман-тілектеріңіз орындалып, олимпиадалық ойындар қатарынан көріп те қалармыз. Осы ретте, Жақсылық Үшкемпіров ағамыз бір сұхбатында қазақ қыздарының күрес, бокспен айналысқанын қаламайтынын, кейін тағдырлары қиын болатынын айтқаны бар еді. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Мен де қыздардың ауыр атлетика, бокс, ережесіз жекпе-жекпен айналысқандарын қаламаймын. Ал, күрестің жөні бөлек. Мұнда спортшы көбіне салмағы өзімен деңгейлес адаммен күреседі. Артық салмақ түспейді. Негізінде қыздардың спорттың бір түрімен айналысып, өзін-өзі қорғай алғаны дұрыс деп есептеймін.
– Өмірбаяныңызға қарап отырсақ, Ресейдегі әскери училищеде оқыпсыз. Ал, журналистикаға қалай келдіңіз?
– Біз жігіт болып қалған шақта телеарналарда әскери патриоттық фильмдер көп көрсетілетін. Соның әсері шығар ұшқыш боламын деп, Свердловскідегі әскери ұшқыштар дайындайтын училищеге құжаттарымды жинастырдым. Сөйтсем, менің құжатымды сол кездегі әскери комиссариаттағылар ұшқыштар бөліміне емес инженерлік бөлімге бағыттап жіберіпті. Басында амалсыз оқығаныммен, кейін ұнамай, жарты жылдан соң өтініш жазып, оқуды тастап, сол жердегі әскери бөлімде азаматтық борышымды өтедім. Сол кезде әскери газеттерге мақала жазып тұрдым. Негізі, мен оқушы кезімде мазмұндама, шығарма жазуда алдыма жан салмайтынмын. Содан не керек, әскерді бітірген соң әскери бөлім бастығының жолдамасымен журналистика факультетіне түсіп, осылайша журналист болып кеттік.
– Қатардағы тілшіліктен үлкен арнаның бас директорлығына дейін көтерілдіңіз. «Қазақ күресі» федерациясына кеткеніңізге өкінбейсіз бе? Жалпы, қазіргі таңдағы арналардағы бағдарламаларға көңіліңіз тола ма?
– Өкінбеймін. Өйткені, бұрынғы сөз бостандығы қалай еді, қазір қалай болып барады? Бұрынғымен салыстырғанда көп жағдай өзгерді. Арналардан көбіне концерттер мен шоу бағдарламалар беріледі. Бұрынғыдай сараптамалық бағдарламалар, журналистік зерттеулер
деген мүлде азайды. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген сөз бар ғой, мен мұны жаным ашығандықтан, арналардың қазіргі беталыстарына көңілім толмағандықтан айтып отырмын.
– КТК телеарнасында бас директорлықта жүргенде «Қасым» атты фильм түсіруге мұрындық болдыңыз. Көрермен тарапынан жақсы бағаланған туынды болғанын білеміз. Қазіргі таңда әр арна сериалдар түсіріп жатыр. Солар туралы пікіріңіз қандай?
– «Қасым» фильмін түсіру идеясы менікі болғанымен, кейін қаржы жетпей «Қазақстан» ТРК-ның сол кездегі төрайымы Нұржан Жалауқызына айтып едім, ол кісі қолдады. Украина, Ресей арналары да көмек қолдарын созды. Соның арқасында бұл фильм жақсы шықты және жұмсалған қаржысын өтеп, қазіргі таңда кассалы фильмге айналды. Сондықтан, арналар
осындай патриоттық фильмдер түсіруі керек. Оған негіз болар батырларымыз баршылық қой. Расын айтқанда, арналардың қазіргі түсіріп жүрген дүниелеріне көңілім толмайды. Кейбірі тұрмыстық драма, енді бірі әзіл-оспақ бірдеңелерді экрандауда.
Әңгімемізді қайтадан қазақ күресіне қарай бұрсақ, төрешілердің әділдігі қазіргі таңда қай деңгейде?
– Біз «Қазақстан барысы» мен Евразия барысы» жобаларын өткізген кезде алғашқы естіген сынымыз осы төрешілерге қатысты болды. Сондықтан, төрешілердің 100 пайыз әділдігіне қол
жеткізу де менің армандарымның бірі. Біз бұл бағытта көптеген шара қабылдадық.
Жарыстар қарсаңында да төрешілермен көп әңгіме жүргіземіз. Олар бұра тартса, төрешіліктен қуылатын қатаң жаза қолданатынымызды біледі. Мәселен, бұрын жапондардың суммосы өтіп жатқанда,төрешінің жанында екі самурай тұрады екен. Егер төреші бұра тартса, сол сәтте  басын шауып тастайтын болған. Сондықтан, болашақта біз де төрешілердің кіршіксіз әділдігіне қол жеткізетін боламыз.
– «Қазақстан барысы» мен «Евразия барысын» қанша елдің телеарналары түсіріп, қанша көрермен тамашалап жүр?
– Біздің өзімізде «Қазспорт», «Қазақстан» арналары 6 сағат трансляция жасаса, Ресейдің «Матч» ТВ, «Боец» арналары көрсетіп жүр. «Әлем барысына» Түркияның балуаны келіп еді, олардың телеарнасы да көрсетті. «Евразия барысына» 50 мемлекеттен алыптар келгенін
білесіздер, болашақта сол елдердің бәрінен бір-бір телеарна келіп түсірсе, көрерменнің санын мыңдап емес, миллиардтап  есептейтін шығармыз.
Бір жолы «Тұран» ТВ-дан балық аулап жүргеніңізді көріп қалып едік, бұл жай әуестік пе әлде аңға, балыққа жиі шығасыз ба?
– Менің атам да, әкем де аңшы болған. Сондықтан, 7 жасымнан солардың соңынан еріп, осыған әуестігім ерте оянған. Әкем ерте қайтыс болды да, атам  Қабыл мені қасынан тастамайтын. Мен атаның тәрбиесін көп көрген жігітпін. Қазір де қаланың шуылынан шаршағанда табиғат аясына кетіп қалуға тырысамын. Өкінішке қарай, жиі шығуға қол тие бермейді.
– Жақында бір сұхбатыңызда енді туризм саласында төңкеріс жасасам депсіз. Зерендіден демалыс орнын да ашыпсыз, қаншалықты жетістікке жеттіңіз?
– Туризмді дамыту жалғыз менің қолымнан келетін шаруа емес. Бұған мемлекеттің де, ірі кәсіпкерлердің де инвестициялық жобалары қажет. Жолдан бастап өзге де инфраструктураларды дамытпай туризмнің тамырына қан жүгірту қиын. Дегенмен, Зерендіден демалыс орнын ашқаным рас, қазақтың калоритін танытатын қызмет түрлерін көрсетеді. Өзінің қалыптасқан тұрақты демалушылары бар.
– Қарындасыңыз Жанар құрақ көрпені брендке айналдырып, танылып жүр. Бұған да сіздің ықпалыңыз бар ма, әлде өз жобасы ма?
– Жоқ, ол өз жобасы. Кезінде Жанар Ленинградта мәдениеттанушы мамандығы бойынша оқыған. Жалпы, біздің әжеміз кереметтей ісмер, шебер адам болатын. Кішкене кезінде әжесінен үйренгені бар дегендей, бұл жобаны өзі бастап жүр. Мен тек қолдап, қазақы
бөрік, шапан, саптама етік тіктір деп ой айтқанмын, сол бойынша қазір кәсібін дөңгелетіп жүр.
– Бір сөзіңізде атаның тәрбиесін көрген бала екеніңізді айттыңыз, өзіңіз балаларыңызға тәрбие бергенде қандай ұстанымды ұстанасыз?
– Мен атаның баласы болған соң ешкім бетімді қаққан жоқ, еркін өстім. Сол сияқты мен де балаларымды еркін өсірдім. Таңдау құқығын өздеріне бергенмін. Мамандықтарын да өздері таңдады, шетелде білім алды. Үлкен ұлым Қытайда, АҚШ-та оқыды. Бірақ, ұлтжандылықты, елінің патриоты болуды бойларына сіңірдім. Үш ұлым да ана тілімізде еркін сөйлейді. Өзіңізбен Ұлыстың ұлы күні  Наурыз мерекесіне орай сұхбат құрып отырмыз ғой. Ұлттық мерекемізді отбасыңызда қалай атап өтесіз  – Осы мереке ортаншы ұлымның туған күнімен сәйкес келеді. Сондықтан, біз жылда Зерендіге, елге кетеміз. Жоғарыда демалыс орнын аштым дедім ғой, сол жерде қазан-қазан наурыз көже пісіріліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырып, мерекені кәдімгідей қазақы түрде атап өтеміз.
– Әңгімеңізге рақмет. Ұлыс оң болсын!
Сұхбаттасқан Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
«Заң газеті»

 

Комментарий