Қоғам | Общество

Қазақ қолөнеріне қолдау керек

Әлемде екі жүзге тарта мемлекет бар десек, жер шарында азды-көпті үш мыңға жуық ұлт бар көрінеді. Әрине, сол этнос өкілдерінің қаншасы өз тілінде сөйлеп, нешесінің ана тілін ұмытқанын дөп басып айту қиын. Десек те, әлемдег  ұлт пен ұлыс атаулыны бір-бірінен даралайтын оның тілі ғана емес, ұлттық болмысы.

Дәлірек айтқанда, ұлттық мәдениеті, өнері екені даусыз. Әсіресе, кез келген ұлттың ұлылығын оның қолөнерінен көруге болады. Қазақстанның Тұңғыш президенті, Ұлт көшбасшсы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қанымызға сіңген, бүгінгі тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгіліктерді қайта түлетуіміз керек» – десек, ұлттық болмысымызды айшықтайтын қолөнерімізді қайта жаңғыртуды кешеуілдетпеуміз қажет-ақ. Өйткені, кейінгі жылдары атадан балаға жалғасып келген ұлттық мұраны сақтау өз алдына, оны дамыту, келер ұрпаққа аманаттау мәселесі өзектілігін жоғалтып бара жатқандай. Бүгінде бірлі-екілі болса да бабалар ізін жалғастырған шеберлер бар. Алайда, олардың қолынан шыққан туындыларды да анда-санда ұйымдастырылатын көрмелерінен немесе тұрмыста қолданудан шығып қалған кейбір көне бұйымдарды мұражайдан ғана көретін жағдайға қалай жетіп қалғанымызды байқамай қалдық. Осы орайда, халықтық педагогиканың негізі болып саналатын қолөнердің жанашырларына сөз берсек.

Алмас МҰСТАФА, қолөнер шебері:
– Біз дамушы ел болғаннан кейін шығар, ұлттық өнеріміз ақырындап болса да дамып келеді. Негізі, оның даму тенденциясы тікелей бізге байланысты. Мысалы, менің «Алмастер» шеберханасын ашып, қолөнермен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Меніңше, бүгінгі қолөнершілер дұрыс жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеуді қолға алса, заманға сай өз өнерлерін насихаттап, қазақ қолөнершілері араның ұясы сияқты бір жерге жиналып, бірігіп өнім жасап, оны шетелге шығарып, өзге елдермен тәжірибе алмасса, қазақ деген ұлттың қолөнерінің ғұмыры да ұзақ болмақ. Біз жыл сайын мүмкіндігінше шет мемлекеттерге шығып, түрлі көрмелерге қатысып тұрамыз. Сонда біз қай елде не дамып жатыр, кімнің қолөнер өндірісі мықты деп салыстырамыз. Осы уақытқа дейін Орта Азия елдерін аралап болып қалдым.
Үндістан мен Қытайдың қолөнері қатты дамыған. Ол жақта жеке мақта-мата министрлігі бар. Демек, сол мақта-матаның өзінен мемлекетке кәдімгідей қаржы кіреді деген сөз. Өзбектерде қолөнер академиясы бар. Олардың ішкі өнімінің елу пайызы қолөнерден кіреді екен. Мысалы, Иранда жыл сайын қолөнерді дамытуға 1 млрд  доллар ақша бөлінеді. Ол үздік жоба ұсынған шеберлерге құрылғылар мен материалдарын сатып алу үшін беріледі. Сол шеберлер жылдың соңында мемлекет бюджетіне берілген көмекті 10 еселендіріп кіріс түсіреді екен. Оларда экспортқа шығару жүйесі де жақсы ойластырылған.

Сабина ИБРАИМОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты ЖОО-ға дейінгі білім беру кафедрасының оқытушысы:

– Ұлттық өнер халқымыздың қолданбалы өнерінің ең биік жетістіктерінің бірі. Бүгінге дейін күнделікті өмірімізде қолданылып келген түрлі ою-өрнектер, сәндік әшекей бұйымдар талай ұрпақтың ой-өрісінің жемісі. Алайда, технологияның дамыған заманында көпшілік, әсіресе, жастар арасында қолөнерге қызығатындар аз. Яғни, ғаламтордың шырмауына ілінген жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру кейінгі кезде қиындап барады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бұрындары қолөнерге баулу отбасынан басталатын. Әже-апаларымыз хас шебердің өзі болмаса да, қолдарынан ине түспейтін. Ер азаматтарымыз бір шеге қақса да, түзу қағатын еді. Ал, қазіргі ата-аналар баланы ондай-мұндайға баулымақ тұрмақ, оған жарты сағат көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Сондықтан, бұл іс мектептен басталып, жоғары оқу орындарында жалғасын табуы керек. Абай ғылыми-зерттеу институтының жоғары оқу орындарына дейінгі дайындық кафедрасында «Жас шебер» қолөнер үйірмесінің жұмыс істегеніне біраз жыл болып қалды. Онда біз жастарға қолөнердің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, икемі бар жастардың қолынан шыққан дүниелерді көрмеге шығарып, оқу орнының мұражайына қоямыз.
К.ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий