Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Ұлттық тағамның бағасы неге қымбат?

Қазан оттан түспей, уыз қатырып, сорпа сапырып, мол дастархан жайылатын Ұлыстың ұлы күні – молшылықтың мерекесі. Шүкір, бүгінде елімізде Наурыз мейрамы басты мереке ретінде тойланып жүр. Елбасы Жарлығына сәйкес, бірнеше күн демалыс болғандықтан, дүрілдетіп атап өтуге мүмкіндік мол. Елордамыз Астанадан бастап, бүкіл облыс, аудан, ауылдарда мерекелік алаң айшықтанып,  ажарланып көзге түседі. Киіз үйлер сап түзейді. Ішіне енсеңіз, бейне бір ұлттық музейді аралағандай әсер құшағында жүресіз. «Төрлетіңіздер, дәм ауыз тиіңіздер!» деген лебізден кейін далаға ұқсап кең жайылған дастарқанға
жайғасасыз. Бәрі жайнап тұр. Ұлттық тағамдар – жент, құрт, ежігей, ірімшік, қазы, қарта, шұжық, бауырсақтан жей отырып, бабалар ғұмыр кешкен заманды еріксіз елестетесіз. Нөсердей төгілген наурыз жырына құлақ тосасыз. Халық әндерін ынта-ықыласпен тыңдайсыз. Не керек, киіз үйлер қалашығынан аса ризалық сезіммен сыртқа беттейсіз. Наурыз мейрамы салтанат құрған сайын киіз үйлерге кіріп, беташарды, тұсаукесерді, қыз ұзатуды тамашалаймыз. Бұл түсінікті. Және осы әдет-ғұрыптардың дені күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде қолданысқа еніп жүр. Алайда, мәселенің екінші жағын айтпай кетуге де болмайды. Яғни, бүгінде біз дастарқандағы ұлттық тағамдарды да зер сала көріп, тамсанып, таңданумен ғана жүрміз. Әйтсе де, құр осы бағытта жүре береміз бе? Былтырғы Наурыз
бен биылғы мейрам аралығында ұлттық дәмдерді әзірлеу жұмысы қалай жүзеге асты? Ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдар рецептін тірілтуге әрекет жасап көрдік пе? Бүгінде бар білетініміз ет, бауырсақ, ірімшік, сары май, құрт, жент секілді санаулы ғана тағамдар.
Олардың өзін қолдан жасайтындар аз. Көбіміз өз ұлттық тағамдарымызды дүкендерден, базарлар мен жәрмеңкелерден сатып аламыз. Бағасы өте қымбат. Ұлыстың ұлы
күні қарсаңында әдейі бағаларды білейік деп кеше ғана қаладағы бірнеше сауда орталығын аралап көрдік. Кәдімгі қайнатылған ірімшіктің бір келісі 1800 бен 2000 теңге аралығында, құрт 1500-2000 теңге, шұбат 650-800, қымыз 600- 700 теңгеден сатылып жатыр. Қазы-қартаның бағасы қашаннан қымбат. Келісі 2500-3000 теңгенің шамасында. Сүт өнімдері сатылатын павильонға барып, әншейінде бос тұратын сөрелерге көз салдық. Қазақтың ғасырлардан жеткен ғажап тағамдары толып кетіпті. Саудагерлер бағаның қымбат болу себебін, біріншіден, жем-шөптің, екіншіден жанар-жағармайдың қымбаттап кеткенімен түсіндірді.
Сондай-ақ, табиғи өнімдердің арзан болмайтын тағы бір себебі оның жұмысы көптігінен дейді. Алайда, бір қызығы, қандай жоғары баға қойса да, тапсырыс  беріп отырып, қалталылар ұлттық тағамдарымызды алып жататынын айтады. Ал, Наурыз мерекесі таяғанда, олардың қатарына тұрмысы төмен азаматтар да қосылады екен. Себебі, күнделікті алмаса да, жұрт әйтеуір Ұлыстың ұлы күнін тойлағанда ата-дәстүрді сақтағысы келеді. Намысқа тырысып, қанша қымбат та болса дастарқанын ұлттық ас мәзірімен көмкеруге
тырысады. Ешқандай қоспасы жоқ, табиғи өнім әлдеқайда пайдалырақ. Сондықтан, жылына осылай бірер күн болса да құнарлы аспен ауқаттанған бала-шаға үшін қуанасың. Базарда бабалар сарқытындай төл тағам түрлерінің саудасы қызып тұрғанына қуанасың. Сөмкесін
ағарғанға толтырған замандастарға қарап қуанасың. «Шіркін-ай, Наурыз секілді той күнде болса ғой» деп тілегің келеді. Бірақ, сол тағамдарды базардан сатып ала бергенше, қыз-келіншектер өздері жасаса тіпті тамаша болар еді. Біріншіден, ақшаға үнем. Екіншіден, бала-шағаның аузы ақтан арылмас еді. Үшіншіден, ұлттық тағамдар рецепті ұмытылмайды. Рас, ағарғаннан май шайқау, құрт жасау, ірімшік әзірлеу оңай жұмыс емес. Сондықтан да шығар,
қыз-келіншектердің өз үйлерінде әзірлемейтіні. Әйтсе де, үйде әзірлеуге болатын жеңіл тағамдар да бар. Мәселен, сүзбе. Дүкендер мен базарларда бағасы шарықтап тұрған сүзбені айраннан жасап алуға болады. Ол үшін айранды дорбаға құйып, жоғары іліп қойса болғаны. Суы әбден ағып болған соң қап түбінде тек қоюы қалады. Міне соны ыдысқа салып, үстіне
тұз сепсеңіз болды, сүзбе әзір. Оның ащы әрі қышқыл дәмі тәбет ашады. Кез келген дәмге немесе сорпаға құйып іше беруге болады. Сондай-ақ, сүттен жасалатын тағамдардың ішіндегі ең оңай әзірленетін тағы бірі – қызыл ірімшік. Оның ақ және қызыл екі түрі бар.
Қызыл ірімшік жасау үшін қойдың сүтін қазанға құйып жылытады. Артынша «мәйек» деп аталатын сүт ұйытқышты әлгі қазандағы сүтке салады. Сүт дір етіп 5-10 минут ішінде ұйиды. Мәйек салып ұйытқан сүтті пышақпен торлап тіледі де, қайната бастайды. Біраз уақыттан кейін ұйыған сүт бөлектеніп, ақ ірімшікке айналады. Тағы біраз қайната түссе, ақ ірімшік
сарғайып, қызара түседі. Бас-аяғы бір сағатта осылай қайнатып алуға болатын ірімшіктің базардағы бағасы – 2000 теңгеден жоғары. Сонымен қатар, құртты жасау да аса қиын емес. Құрт – таңның атысы, кештің батысы үй көрмей, асыр салып ойнайтын баланың ең сүйікті тағамы. Және, тұнып тұрған кальций. Тіпті, ғалымдар екі баланың біріне кальций қоспасын, екінші біріне құрт беріп сынақ жасап көріпті. Бірер айдан кейін құрт жеген баланың кальциі жоғарылағаны белгілі болған. Мінекей, осындай  құртты жасау үшін ашыған сүзбе болса болғаны. Соны алақанға салып түрлі пішіндегі құрт жасай беруге болады. Дайын болғандарын жоғары жерге қойып кептіреді. Бар болғаны осы. Наурыз мейрамында жас келіндер арасында осындай ұлттық тағамдар жарысын өткізсе, ол бір таптырмас жоба болар еді. Қатысушылар тап сол алаңда қазақтың ұлттық тағамдарын жасаудан жарысса. Кім тез әрі дәмді етіп жасаса, жеңіске сол жетеді. Байқаудың және бір шарты ұмытыла бастаған
ұлттық тағам түрін тірілту болса. Ешкім бірін бірі қайталамауы шарт. Міне, сонда біз бір оқпен екі қоян атып алар едік, яғни, әрі бүгінгі буын ұлттық тағамдарды үйренер еді, екіншіден Наурыз сценарийі байи түсер еді.
Айсұлу АСАНҚЫЗЫ

 

Комментарий