Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Ұлық мейрамды өңірлер қалай атап өтіп жатыр?

ҚЫСТЫҢ ЫЗҒАРЫ КЕТІП, ТІРШІЛІК АТАУЛЫҒА ЖАН БІТЕТІН, ТАБИҒАТ ӘЛЕМІ КӨГЕРІП, КӨКТЕЙТІН ШАҚТА КЕЛЕТІН НАУРЫЗ – НАҒЫЗ МЕЙРАМ! СЕБЕБІ, ХАЛЫҚ БҰЛ КЕЗДЕ ҚЫСТЫҢ ҚЫСПАҒЫНАН ҚҰТЫЛЫП, АРҚА-БАСЫ КЕҢЕЙЕДІ, АҒАШТАР БҮР ЖАРЫП, ЖАН-ЖАНУАРЛАР ДА КӨККЕ ІЛІГЕДІ. ТІПТІ, КҮН МЕН ТҮН ДЕ ТЕҢЕСІП, ЕНДІГІДЕ КҮН ҰЗАРА БАСТАЙДЫ. СОНДЫҚТАН ДА НАУРЫЗ – КӨКТЕМГІ ЖАҢАРУДЫҢ, МАХАББАТТЫҢ, АҚ ПЕЙІЛ МЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ. ТАРИХИ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢГЕ БОЙЛАҒАН ӘЗ-НАУРЫЗ ДАНА ХАЛҚЫМЫЗДА ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ЕҢСЕСІ БИІК ЕЛДІКТІҢ, ІРГЕСІ СӨГІЛМЕС БІРЛІКТІҢ, ЫРЫС ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ БОЛЫП
КЕЛГЕН. ОСЫ ҮРДІС БҮГІНДЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ САҚТАЛЫП ОТЫР, ЯҒНИ, БИЫЛ ЕЛІМІЗДІҢ ҚАЙ ӨҢІРІНДЕ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚАЛАЙ АТАЛЫП ӨТУДЕ?

Жалпы, ұлық күнді өз мәнінде атап өту әр қазақтың арманы. Содан болар, Наурызды мерекелеуге қатысты мәселе көтерілгенде күнтізбедегі жаңа жылға дайындықты айналып өте алмаймыз. Шырша тойына әзірлікті желтоқсан айының алғашқы күнінен бастап кететін әкімдіктер аз сыналып жатқан жоқ. Бірақ, сол сынның астарында «ұлықтар төл мерекемізге дәл осындай жанашырлықпен, сүйіспеншілікпен қараса» деген базына тұр. Мереке алдында әр  өңірдің мәдениет басқармаларына хабарласып, «Наурызды тойлауға қанша қаржы бөлінді? Биыл мереке несімен ерекшеленбек?» деген сауал жолдауымыздың да мәні осында. Өкініштісі, Қостанай облысының  әкімдігін сауалдан гөрі, хаттың қалай рәсімделгені көбірек қызықтырды. Мәселені қолдан қиындатқан әкімдік қызметкерлерінің қарапайым жұрт шаруасын қалай шешетінін болжау қиын.
Арнайы ресми хат жолдағанмен, 10 күннің ішінде үн қатпаған өңірлер де бар. Оларды мерекеге қызу дайындықтан қолы тимей жатқан шығар деп жылы жабайық десек, БАҚ-тың өтінішіне атүсті қарағандар қарашаның тілегіне назар аудара қоя ма деген күдік қоса көлбеңдейді. Ал дер кезінде тілшілер сұрағына жауап беріп, ізеттілік танытқандарға алғысымыз шексіз. Әсіресе, жеделдігімен, Ұлыстың ұлы күнін әдемі атап өтсек деген ізгі ниеттерімен ерекшеленген Жамбыл, Түркістан облыстарының әкімдері басқаларға үлгі болса, қанеки.

Тараз топырағында Наурыз тоғыз күн тойланды

«Отыз күн ойын, қырық күн тойын» демекші, Ұлыстың ұлы күнін биыл Жамбыл облысы тоғыз
күн бойы тойлады. Яғни, тоғыз күн бойына Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры»мақаласына орай, жалпыұлттық келісімді және қазақстандық патриотизмді нығайту, рухани жаңғыру және тарихи сананы жаңғырту құндылықтарын дәріптеу бағытында түрлі іс-шарала  ұйымдастырды. Бұл – облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасы. Әр күннің маңызына тоқталатын болсақ, мәселен 14 наурыз – «Амал күні», яғни көктемнің келуімен
құттықтау болса, 15 наурыз – «Тағзым күнінде» бабалар рухына тағзым етілді. 16 наурыз – «Алас күні» санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, тал-дарақтар отырғызылды, 17 наурыз – «Мейірім күні» қайырымдылық іс-шаралардан тұрса, 18 наурыз – «Ынтымақ күні» ынтымаққа, бірлікке шақыратын күн. 19 наурыз – «Жаңғыру күні» жарық дүние есігін ашқан нәрестелерді құттықтау жөн көрілсе, 20 наурыз – «Береке күні» төмен бағадағы жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Ал, 21наурыз – Ұлыстың ұлы күні таңертеңгісін «Жастар» аллеясындағы мәдени шараларға ұласты. Облыс әкімінің тапсырмасымен 21 наурызда Сүлейменов көшесінің бойында жастарға арналған ғылыми-мәдени нысандар ашылды. Олар – «Махаббат», «Білім» аллеялары мен «Қабілет» интернет-кафесі, «Кітап» және «Сахна» алаңшалары. 22 наурыз – Жаңа күн! Жаңару мен жыл бастауы! Бұл күні облыс және аудан тұрғындары жалпы халықтық серуенге шығып, тұрғындар жақындарын, туған туыстарын, көршілері мен алыс-жақын ағайындарын мерекемен құттықтайды. Сый-сияпат арнап, мерекелік дастарқан жайылады.

Дүйсен БЫҚЫБАЕВ, Жамбыл облыстық Мәдениет басқармасының басшысы:
– Біз Жаңа жылды тойламаймыз, есесіне бізде Наурыз тоғыз күн бойы тойланып жатыр. Тойланып дегенде тек қыдыру, концерт сияқты ойын-сауық қана емес, әр күннің астары бар. Мәселен, бір күні қаланың тазалығына көңіл бөлінсе, бір күні мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетеміз, тағы бір күн арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, онда көкөністер мен жемістер, ауылшаруашылық өнімдері арзан бағада сатылады. Яғни, әр күннің халыққа бір пайдасы бар. 21 наурыз күні облыс әкімі келіп, бес нысанның лентасын қиды. Ол бес нысан да қала тұрғындарына, жастарға өте қажет орындар. Солайша Ұлыстың ұлы күні шын мәнінде жаңару мен жаңғыру мерекесіне айналмақ.

Қызылорда қайырымдылыққа баса назар аударды

Қазағы қалың Сыр өңірі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлауға 14 наурыздан бастап кірісті. Алғашқы күнді «Амал» мерекесі деп атап, бұл күні арнайы «Сәлемдесу» шараларын ұйымдастырып, төс қағыстыру, үлкен кісілерден бата алу рәсімдерін өткізді. 16 наурыз күні облыс аумағында «Жасыл қала – Жасыл ауыл» жобасы ұйымдастырылып, жастар, жалпы қала тұрғындары сенбілікке шығып, қаланы тазартып әрі жасыл желек отырғызды. Сондай-ақ, облыста тарихқа аса мән беріліп,«Туған өлкем – тұнған тарих» тақырыбында қалалық, аудандық мұражайларда «Мұражайдағы бір күн» шаралары қолға алынған. Сонымен қатар,
білім беру ұйымдарында, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында «Наурыз мейрамы» ұғымының пайда болуы, мейрамды тойлаудың рухани-ізгіліктік, гуманистік жағы, оның түпкі мәні тәуелсіз Қазақстанның құндылық бағдарларына сәйкестігін ашатын сабақтар ұйымдастырылған. Жастар мен жасөспірімдер арасында интеллектуалдық сайыстар өткізілді. Наурыз тек науқандық шара болып қалмауыүшін бұл өңірде тұрғындарға өмірлік пайдасы бар іс-шаралар ұйымдастырылды. Онда табысқа жеткен еңбек адамдары, кәсіп иелері жастарға өздерінің табыс сырын баяндап, болашаққа бағыт-бағдар сілтеді. Ерекше өткен іс-шаралардың қатарында «Ізгілік пен берекенің бастауы» атты кітап көрмелерін,
мұражайларға саяхаттарды, ұлттық ойындарды атап көрсетуге болады. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы күндерi әкімшілік қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы, жалғызбасты, аз қамтылған отбасыларына барып, медициналық мекемелердегі науқас жандардың жағдайымен танысып, қарттар үйіндегі қарияларды қуанту үшін «Қайырымдылық – асыл қасиет» атты акциялар ұйымдастырылды. Айта кету керек, облыс әкімшілігі Наурыз мейрамы аясында ұмытылып бара жатқан немесе қазақы қолданыстағы ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту мақсатында қолөнер шеберлерінің көрмесін, қазақша күрес, асық, көкпар секілді ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырды. Және, мерекелік шаралар барысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын ұмытпай, коммуналдық сала қызметінің іркіліссіз жұмыс жасауын, медициналық жедел жәрдем қызметінің кезекшілігін қамтамасыз ету де қарастырылған.

Шымқалаға «Қошқар ата» сейілі қайта оралды

Наурыз – тек ас ішіп, аяқ босататын күн емес. Бұл жаңару мен жаңғыру күні, өткеннен қорытынды шығарып, болашаққа жоспар құратын мейрам. Сондықтан, мегаполис мәртебесін алған Шымқалада биыл өнер мен мәдениетке аса ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Наурызды тойлау басталғалы, ә дегеннен-ақ 16 наурыз күні Шымкентте қазақстандық суретшілердің заманауи өнер туындыларының «Ұлы дала хикаялары» жылжымалы көрмесі ашылды. 17 наурыз – «Шаттық күні» деп аталып, Арбат алаңында жалпыхалықтық мереке өтті. Онда киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленді. 18 наурызға «Наурыз керуені» іс-шарасы белгіленіп, сол күні таңғы сағат 9:00-де түйелер, ат арба, күймелер, автокөліктерден құралған «Керуен» көші жолға шықты. Жолай Дендросаябақ ішіне кіріп, сонда қазақтың «Ағаштарға ақ бүрку» салтын жасады. Одан әрі Желтоқсан көшесі бойы орналасқан  «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратына жетті. Онда 200 адамға арналған дастарқан жайылып, қала тұрғындарына мерекенің басты дәмі «наурыз көже» таратылды. 21 наурыз күні мереке «Қошқар Ата» сейілі фестивалімен жалғасты.Айта кету керек, оңтүстік тұрғындары ежелден Наурызды «Қошқар Ата» сейілінен» бастап, ұлттық дәстүрлі ойындар мен сауық-сайрандар өткізумен жалғап келеді. Жылдар бойы үзіліп қалған бұл үрдіс 2015 жылдан бері қайта өткізіле бастаған. Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы  басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенованың айтуынша, биыл осы күні
Қошқар Ата өзенінің бойында, дәлірегі, бұлақ басына қала тұрғындары жиналды. 22 Наурыз күні әз-Наурыздың басты іс-шарасы Наурыз алаңы мен Орталық ипподромда болады. Бұл күні Наурыз алаңында Ұлыстың Ұлы күніне арналған мәдени көпшілік іс-шара, мерекелік концерттер ұйымдастырылып, кеш соңы отшашуға ұласады.

Түркістанда 1000 литр көже таратылды

Түркістан биыл облыс орталығы мәртебесін алғалы бергі алғашқы Наурызын тойлап отыр. Сондықтан, мерекеге әзірлік ерекше. Оның ең басты дәлелі –Ұлыстың ұлы күнін атап өту бір апта бұрын басталуы. Яғни, 14 наурыз – Көрісу күні деп жарияланып, ол күні облыстағы этнос өкілдерімен бірлескен іс-шаралар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аудандық, қалалық саябақтарда түрлі мекемелердің қызметкерлері бауырсақ, наурыз көже, тәтті тағамдар таратуды осы күннен бастап жіберді. Сонымен қатар, Көрісу күнінде облыстық кітапханада таңертеңнен кешке дейін «Көрісіп, күлімдесіп,  мауқын басып…», «Менің елім күндей нұрлы Қазақстан», «Наурыз – жыл басы» атты тақырыптарда мәдени іс-шаралар, кітап көрмелері, танымдық кештер ұйымдастырылса, облыстық музейде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Ашық есік» күні болды. Ал, 15 наурыз биыл жұмаға сәйкес келгендіктен,
Түркістан облысында бұл күнді «Тағзым күні» деп атап, дүниеден өткен азаматтардың рухына құран бағышталып, құрбандық шалынып, балалар үйлері мен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға сыйлықтар мен азық-түліктер таратылды. Ал, 16 наурызды «Тазару күні» деп атап, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жалпыоблыстық сенбілік жарияланып, саябақтар мен көшелер тазаланып, ағаш көшеттері отырғызылды. Ал, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, аударыспақ, жамбы ату, қазақша күрес сияқты спорттық ойындар 17 наурыз жексенбіде ұйымдастырылды, ол күн «Көктем шуағы күні» деп аталды. 18 наурыз – «Көктем өрнектері күні» қаладағы қоғамдық көліктер мен мемлекеттік мекемелер, көшелер мерекеге сай безендіріліп, гүлдер отырғызылды. Бұл күні қала, аудан тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ұлттық киім киген бір топ жас /50-60 адам/ қаланың орталық көшелерімен жаяу әндетіп жүрді. 19 наурыз – «Балалар күні» деп аталып, саябақтар
мен алаңшаларда, мәдениет ошақтарында балаларға арналған іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, цирктік ойындар, театрландырылған қойылымдар, ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. Балаларға арнайы тәтті тоқаштар мен балмұздақ таратылды. Ал, 20 наурыз – «Бірлік күнінде» облыс әкімі бастаған топ ардагерлердің үйлеріне барып, мерекемен құттықтаса, 21 наурыз күні таңғы 10.00-де облыс әкімінің қатысуымен «Қош келдің, әз Наурыз!» театрландырылған мерекелік іс-шарасы басталды. Содан кейін қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері, шеберлік сағаттары, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарға ұлттық тағамдар (палау, наурыз көже, бауырсақ) тегін таратылды. Айта кету керек, Түркістанда Наурыз мерекесі күні 1000 литр «наурыз көже» берілді.

Асылхан ТЕМІРХАН, Түркістан облысы Мәдениет департаменті басшысының орынбасары:

– Мерекені тойлауға биыл 18 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат былтырғымен салыстырғанда, 50-60 пайызға кем. Естеріңізде болар, былтыр Түркістанда Наурыз дүбірлі тоймен атап өтілген еді. Биыл дәл ондай дәрежеде тойлай алмаймыз. Себебі, бүгінде бізде ең бірінші кезекте құрылыс тұр. Яғни, жаңадан облыс мәртебесін алғандықтан, көптеген жаңа құрылыс нысандарын салып жатырмыз. Оны өздеріңіз де біліп, хабардар болып жатқан шығарсыздар. Сондықтан, Ұлыстың ұлы күні де аз қаржымен көп шара өткізу қажет. Осыдан біраз уақыт бұрын еліміздің Мәдениет министрі Наурызды тойлауға байланысты жаңа бастамалар көтерді ғой. Біз осы мейрамды тойлау барысында сол бастаманы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын негізге алдық. Мерекелік шаралар 14 наурыз – Амал Бір аптадай болды. Ал, негізгі Ұлыстың ұлы күні жасалатын рәсімдер 21 наурызда Түркістан қаласындағы Есім хан алаңында болды.

Елорда спорт сайыстарымен ерекшеленбек

Елордамызда 21 наурыздакөктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамына орайластырылған халықтық серуен басталды. Сондай-ақ, қала бойынша 6 алаңда киіз үйлер тігіліп, этноауылдар ашылды. Келушілер мерекелік концерттік бағдарламаларды тамашалап, қазақ
күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және армрестлинг сияқты ұлттық спорт түрлерінен
күш сынасты. Басқала тұрғындары мен қонақтары бауырсақ, палау, наурыз көже, ірімшік
тағамдарынан дәм татып, алтыбақан тебілді. Жалпы, Наурыз мейрамының құрметіне Басқалада 50-ге жуық киіз үй мен 10-нан астам алтыбақан орнатылды. Сонымен қатар, 22 наурызда ашық алаңдарда да жалпықалалық шаралар өткізіледі. Басты мерекелік шаралар Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл монументінің жанындағы алаңда (ЭКСПО ауданы), әкімдік алдындағы қалалық алаңда, Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңда, Жетісу саябағында, «Жастар» сарайының алдындағы алаңда және «Жастар» театрының жанында ұйымдастырылады. Наурыз мейрамы күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ұлттық этноауылдан басқа ЭКСПО көрме кешенінің аумағындағы тақырыптық музей-киіз үйлерді, ұлттық салтдәстүрлерді, театрландырылған қойылымдарды, айтысты және қазақстандық эстрада жұлдыздарының және қалалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттерді тамашалай алады. Бұдан басқа, келушілер қышшылардың, зергерлердің, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарымен танысу мүмкіндігіне ие болады. Қала маңындағы тұрғын үй алаңдарында да халықтық серуендер форматында мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Биыл Басқалада Наурыз мейрамы құрметіне ірі спорттық шаралар өтті. Мәселен, 21 наурызда «Астана  Арена» стадионында  футболдан Еуропа Чемпионаты–2020 іріктеу циклы аясында Қазақстан мен Шотландия құрама командалары кездесті. Сондай-ақ, мерекеге орай Қазақ күресінен алғаш рет шығармашылық өкілдері арасында «Өнер Барысы»республикалық турнирі ұйымдастырылды. Бұрын хабарланғандай, бұл дүбірлі дода да 21 наурызда «Дәулет»
спорт кешенінде өтті. Елімізге танымал артистер мен музыканттар боз кілемге шығып,
белдесті. Айта кетерлігі, оған қатысатын жиырмадан астам балуанның ішінде бірде бір кәсіпқой спортшы жоқ. Яғни, тек әншілер, айтыскерлер, актерлер, КТА-ға қатысушылар ұлттық спорт түрінен шеберліктерін байқасты. Сонымен қатар, 24 наурызда мейрамға орай Есіл өзенінің жағасында қалалық триатлон-паркте Astana Nauryz Marathon ірі қайырымдылық спорттық шарасы өткізіледі. Жарыс жолына шығатын 1000-нан аса адам төрт қашықтыққа жүгіреді, кәсіпқойлар – 21км, әуесқойлар – 10км, енді ғана жүгіре бастағандар – 5км, балалар мен жас спортшылар – 500м. Марафон ақылы екенін айта кету керек.

Алматылықтар Қыдыр атамен қауышады

Күн мен түн теңеліп, жер ананы түлеткен Наурыз мейрамын дүркіретіп тойлауды
дәстүрге айналдырған қалалардың бірі – Алматы. Екі миллионнан асып жығылатын
қала халқы мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлайтын бұл мерекенің басты ерекшелігі
оның бір айға жуық тойланатындығында. Мерекелік шараны ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген Алматы қаласы Мәдениет басқармасы өкілдерінің  айтуынша, биыл мерекелік шара қаланың әр түкпірінде орналасқан жеті алаңда өтпек. Сондай-ақ, бұл алаңдар кездейсоқ таңдалмаған. Төрт күнге созылатын мерекелік  шаралар 22-23 наурызда Астана алаңында, 21-24 наурызда Панфилов және Жібек жолы  көшелерінде, 22 наурызда «AlmatyArena» мен «HalykArena» мұз айдындары маңында, сонымен қатар «Атакент» көрме кешенінің алдындағы алаңда 23 наурызда «Сұңқар»  халықаралық шаңғы трамплині кешенінің маңында өтеді деп күтілуде. Бұған қоса, қала халқы мен қонақтары «Наурыз-Шеру – 2019» шарасын тамашалай алады. Наурыздың 21-і күні сағат 9-да шеруге қатысушылар Абай даңғылы бойындағы Қазақ мемлекеттік циркі алдындағы алаңға  жиналып, сағат 10-да ұлттық киім киген қатысушылар дабылдатып, сахналанған  көрініспен шеруді бастайды. Арнайы көліктің үстінде Қыдыр Ата мен Жер Ана қатар тұрып, шеруді бастап жүреді. Шеруге Алматы қаласы мәдениет мекемелері, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері, жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушылары, саятшыбүркітшілер мен қазақ тазысын баптаушылар, қала тұрғындары – барлығы 2000-ға тарта адам қатысады. «Мереке қаланың барлық тұрғындары үшін, жастардан қарттарға дейін көптен күткен оқиғаға айналуы тиіс. Бұл үшін қала тұрғындары жастықтың, көктем мен қуаныштың мерекесіне қайтадан жиналуды
қалайтын түрлі бағдарламалар әзірленді. Фестиваль рухы ұлттық ою-өрнекпен безендірілген арнайы «сфера» – киіз үйлерге шоғырланады. Бірнеше киіз үйде шеберлік сабақтары өтеді: онда қобыз, домбыра тәрізді ұлттық аспаптарда ойнауға, ұлттық  бұйымдар мен ою-өрнек жасауға үйретеді. Мерекелеу кезінде барлығы шамамен 150 ұлттық нақыштағы инсталяция орнатылады, олардың ішінде: Алтын адам туралы аңыз, Қазақ хандығы билеушілері туралы тарих пен аңыз-дастандардың кейіпкерлері кездеседі. Әр инсталляция тек сәндік тұрғыда емес, сонымен қатар ақпараттық қызмет те атқаратын болады. Орнатылған ақпараттық экрандардан мереке өтетін орындар мен олардағы ойын-сауық  бағдарламалары туралы білуге болады», – дейді мерекені ұйымдастырушылар. Сондай-ақ, биыл алғаш рет «Атакент»
алдында ұйымдастырылатын мерекелік шара «NowRyz party» фестиваліне ұласпақ.
Дәстүрлі ойын-сауықта моноциклистердің заманауи шоуын тамашалауға болады. Көрермендер өздерінен бірнеше метр қашықтықта адамның мүмкіндіктерін және сәнді көліктік гаджеттер туралы стереотиптерін бұзатын жаңа акробатиканы көреді. Тағы бір айта
кетерлігі, Ұлыстың ұлы күні құрметіне орай түрлі қайырымдылық шаралары, «Жастар жылы» аясында перфоманстар, жәрмеңкелер мен ұлттық нақыштағы заманауи өнер
көрмелері ұйымдастырылмақ. Ұлыстың ұлы күні жайылған дастарқанның бас мәзірі наурыз көже десек, биыл Алматыда 60 тонна көже мен бауырсақ  таратылады. Наурыз мерекесінде қала тұрғындарын дәмді көжемен тойдыруға  Алматы қаласының пәтер иелері коперативтері де атсалысады. Науқан мереке кезінде, яғни 22 наурыздан бастап тура бір айға, 21ші сәуірге дейін жалғасады.

Талдықорғандықтар тал отырғызады

Жер жанатты Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып кетті. Алдымен «Амал» мейрамын тойлаған талдықорғандықтар биыл мерекенің бас шарасын 22 наурызда Талдықорған қаласындағы «ЖАСТАР» саябағында тамашалайтын болады. Думанды тойда Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнер көрсетсе, қала ақсақалдары мен зиялылары №28 мектептің ауласына 20 жас шыбық отырғызып, жас ұрпаққа үлгі көрсетпек. Сондай-ақ, қала қонақтары «Тайқазан алаңы», «Жастар» спорткешенінің аумағында мерекеге арналған тегін 1000 кг бауырсақ пен 1000 литр «Наурыз
көжеден» дәм тататын болады. Сонымен қатар, бұл күндері «Жастар» ауылында жастар
жағы зиялы қауым, облыс, қала басшыларын қарсы алып, облыстық жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шаралар өтеді. Ал, «Жастар» саябағына кіреберіс алаңына қоныстанған «Жетісу» ауылында «Жетісу» ТРК-нің 20 жылдығына арналған көрмелер, мерекелік бағдарламалар, ұлттық ойындар және басқа ойын сауықтар ұйымдастырылса, «Шеберлер» ауылында көздің жауын алатын ұлттық қолөнерді
тамашалауға болады. Алматы облысының әкімі А.Баталовтың мерекелік құттықтауынан кейін
танымал эстрада жұлдыздары мен Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның
және «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары өнер
көрсетеді.

Қостанайда атқарылар шара көп

Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасы жіберген мәліметке қарағанда, 21-22 наурызда Қостанайдағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Бастаңғы»
театрландырылған көріністер қойылады. З.Алдамжар атындағы ҚӘТУ-да Қазақстан
мен Ресей ЖОО студенттерінің қатысуымен  «Наурыз – достық мерекесі» халықаралық
фестивалі болады. Облыс қалалары мен аудандарында «Армысың, Ұлыстың ұлы күні!»,
«Өнерім, дәстүрім – халқыма», «Берекелі Наурыз!» өңірлік концерттік бағдарламалар және
театрландырылған көріністер, ұлттық-қолданбалы өнер және қолөнер бұйымдарының
көрмелері өтеді. Киіз үй қалашықтарының, ұлттық тағамдар мен асүйлердің қалалық
және аудандық байқаулары, мерекелік сатылым және бауырсақ пен наурыз-көже
таратылады. Ұлттық спорт түрлерінің фестивальдері, тоғызқұмалақ, шағын футбол,
баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, армрестлинг, арқан тару, гір спорты, дартс,
ату, бокс, таэквондодан спорттық жарыстар өткізіледі. Жоғары оқу орындарында 15-21 наурыз күндері Жастар жылы шеңберінде «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!», «Мерекелі Наурыз, берекелі Наурыз!», «Ұлыстың ұлы мерекесі!», «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік
концерттік бағдарламалар, «Домбыра рarty», «Армысың, әз-Наурыз!», «Наурыз көже»
дәстүрлі мәдениет фестивальдері, «Армысың, мерейлі әз Наурыз!», «Наурыз – праздник доброты, радости и веселья» тақырыптарында кураторлық сабақтар өтті. 15-22 наурызда облыстың қалалары мен аудандарында «Наурыз думан», «Наурызнама», «Бастаңғы Наурыз», «Жалынды жастар», «Қош келдің, берекелі  Наурыз!» жастар акциялары мен флешмобтар, интеллектуалды ойындар мен квесттер, әлеуметтік акциялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шашу» акциясы шеңберінде қайырымдылық іс-шаралары өтті. 16-23 наурыз күндері ауылшаруашылық өнімдерінің мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылды. 22 наурызда аймақ басшысы А.Мұхамбетовтың қатысуымен өтетін негізгі шара Қостанайдағы орталық алаңда болады. Сондай-ақ, «Наурыз думан!» театрландырылған көрінісі, жас әртістердің қатысуымен «Наурызбек – Наурызгүл!» көктемгі есімдердің мерекесі, балалар ұжымдарының «Наурыз – көктем, наурыз – жыр!» мерекелік концерті, «Ғасырлар сыр шертеді» қазақ ертегілері, аңыздары мен әдет-ғұрыптарының сюжеті бойынша фольклорлық мереке, «Армандастар» вокалдық студиясы мен «Ақ дариға» қазақ әндері хорының мерекелік концерті, «Восток – дело тонкое» этнографиялық фестивалі өтеді. Жалпы, Қостанай облысында өңірдің
білім беру мекемелері 1-20 наурызда оқушылар арасында «Ұлы дала өнері», «Традиции
и обычаи казахского народа», «Наурыз – береке бастауы», «Наурыз – народный праздник», «Праздник, во спетый в ле гендах» тақырыптық сынып сағаттарын, көрмелер, қайы р ы м д ы л ы қ жәрмеңкелер, ұлттық ойындар, халық әндерінің байқауларын өткізді. Ал, мәдениет мекемелері де 1-29 наурыз аралығында «Нұр құшып Наурыз келді өлкемізге!», «Мерейлі Наурыз шашуы», «В гостеприимной юрте», «Наурыз келсе – құт келгені!», «Наурыз думан» фольклорлық-этнографиялық мерекелер, тақырыптық сөрелер, кітап көрме-инсталляциялар және көрсетілімдер жасаған болатын. Сондай-ақ, 14-17 наурызда Қостанайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Наурыз достарды шақырады» атты І халықаралық хореографиялық өнер фестивалі өтті. 15 наурызда Арқалық қаласында Қонысбай Әбілдің 65 жасына арналған «Бабадан қалған байтағым!» өңірлік ақындар айтысы ұйымдастырылды. 15-16 наурызда Қостанайда «Жұлдызай» республикалық байқауының іріктеу кезеңі өтті.

Комментарий