Судья мінбері | Судебная система

Сот көмекшісінің сот сапасына тигізер көмегі зор!

Бүгінде еліміздің сот төрелігін жүзеге асыру ісінде елеулі өзгерістер орын алуда. Түрлі реформалар жасалып, сот саласын жаңғырту бағытында жаңашыл жаңалықтар енгізілуде. Солардың бірі сот көмекшісі пилоттық жобасы. Шын мәнінде бұл жобаның маңызы зор!

Мәселен азаматтық істерді қарау судья мен сот отырысының хатшысы тарапынан жан-жақты әрі ұзаққа созылатын дайындықты талап етеді. Тараптарды  іздеп тауып шақырту, сарапшыларға хабар беру және т. б. іс-әрекеттердің уақытылы әрі дұрыс жүзеге асырылуы – мұның барлығы сотқа әділдік іздеп келген жандардың уақытын, кей кездері жүйкесін үнемдеуге қажетті шаралар. Кей жағдайда сот отырыстары тараптардың, куәгерлердің, сарапшылардың кешігуі, келмеуіне байланысты уақытылы басталмай, процестердің кейінге қалдырылып жататын кездері де болады. Ал елімізде қаралып жатқан істердің саны азаяр емес.

Осыған орай, соңғы кезде судьяның көмекшісі институтын қалыптастыру мәселесі қолға алынуда. Судьяның жұмысының сапасын арттыруда сот көмекшісінің маңызы зор. Өйткені сот актілерін жазудан қолы босаған судья заңнама жаңалықтарын сараптау, қолданыстағы сот тәжірибесін қарап, зерттеу мәселелеріне көңіл бөле алады. Көмекшілердің жұмысқа алынуы өз кезегінде сот мамандары арасында кәсіби біліктілігімен, сот жұмысын жан-жақты меңгеруімен көзге түсетін, болашақта судья болуға лайық тұлғалардың легін қалыптастыруға да себепші болады. Яғни сот көмекшілері дайын резервтегі мамандар. Халықаралық тәжірибеге сай, судьяның көмекшілері болған тұлғалар, кейін судья ретінде сот төрелігін сапалы жүзеге асырушы тұлғалар болады дейді сарапшылар. Сондай-ақ судьялардың жүктемесін жеңілдетуге, сәйкесінше судьялардың сот отырысына көбірек көңіл бөліп, тараптардың уәждері мен қарауындағы істі барынша терең саралауына мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бұл судьялардың қағазбастылығын да айтарлықтай азайтады деп күтілуде. Осы орайда еліміздің бірнеше қаласында сот көмекшісі пилоттық жобасының қолға алынуы көңіл қуантады. Бұл шешімнің алдағы уақытта сот отырыстарының барынша сапалы қаралып, уақытылы сот шешімін шығаруға да өзінің оң әсерін тигізеріне үміт зор!

Омарова Назерке Жарасбекқызы, Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы

Комментарий