Тағдыр | Судьба

Кінәсіздігімді дәлелдегім келеді

ҚР ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫ ЖАНАТ СЕЙДУМАНОВ ӨЗІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ САЛТАНАТ ЕЛЕМЕСОВА МЕН «ASSYLBEK TRADE» ЖШС ДИРЕКТОРЫ ӘСЕЛ АЛИХАНМЕН БІРГЕ 12 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ЖЫМҚЫРДЫ ДЕГЕН АЙЫППЕН ЖЕТІ ЖЫЛҒА БАС БОСТАНДЫҒЫНАН ШЕКТЕЛГЕН. ТИІСТІ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕРДІ ҰСЫНА ОТЫРЫП, ӨЗІНІҢ КІНӘСІЗДІГІН ДӘЛЕЛДЕУГЕ ӘРЕКЕТТЕНГЕНІМЕН, АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ САТЫ СОТТАЛУШЫНЫҢ ӨТІНІШІН ҚАНАҒАТТАНДЫРУДАН БАС ТАРТТЫ. ОСЫҒАН ҚАРАМАСТАН Ж.СЕЙДУМАНОВ ШЫНДЫҚТЫ ІЗДЕУДІ ЖАЛҒАСТЫРУДА.

– Жанат Тұрарұлы, Сізді Қылмыстық кодекстің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету» бойынша қылмыс жасаған деп айыптап, мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдық міндеттерді атқару құқығынан айыра отырып, шартты түрде жеті жыл берді. Осы шығарылған үкімге қатысты не айтасыз?
– Кінәсіздігімді нақты деректі фактілермен растай аламын. Иә, мені 2017 жылдың маусым айында өткен Биеннале Халықаралық әдеби көрмені өткізуге бөлінген ақшаның 12 миллион теңгесін жымқырды-мыс деген желеумен жеті жылға шартты түрде бас бостандығымнан шектеді. Анықтап айта кетейін, бұл іс-шара Астанада ЭКСПО–2017 мәдени бағдарламасы аясында өткен болатын. Биеннале өткізудің негізгі мақсат – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмаларын басшылыққа ала отырып халқымыздың мәдениетін насихаттау, ұлттық әдебиеттің үздік жетістіктерін көрсету, жазушылар мен ақындардың шығармашылығын дәріптеу болатын. Халықаралық деңгейдегі мұндай шара бізде 1973 жылдан бері өткізілмеген екен. Алайда, Биеннале мені аяқтан шалып, сотқа тартуға себеп қана болып отыр. Анығында, мұның бәрі Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының жоғары лауазымды қызметкерлерінің бопсалауынан басталды. Нақтырақ айтқанда олар мені «счетчикке» отырғызғысы келді. Осылайша мені төрт эпизод
бойынша айыптауға тырысты, соның ең маңыздысы «ISBN агенттігі» қоғамдық қорын құрды деген (халықаралық кітап жіктеуіші – Б.Т.), сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасын жаңа жабдықтармен, техникамен және жиһазбен қамтамасыз ету үшін 120 миллион теңгеден астам сомаға инвестициялар тартуға қатысты. Оған қоса бұрынғы жұмыс орным – Ұлттық кітап палатасынан да ілік іздеді, бұл жерде маған қарсы бұрын да тексеру жүргізілген, бірақ әшкерелейтін дәлелдер табылған жоқ. Жоғарыдағы төрт эпизод бойынша да татымды дәлел болмаған соң, ұлттық бюро қызметкерлері Биенналені ұйымдастырудағы қызметімнен шикілік шығарғысы келді. Оған әлемнің әр түкпірінен 51 шетелдік қонақ шақырылған болатын.
– Барлығы қалай басталғанын толығырақ айта аласыз ба?
– 2017 жылдың қазан айында менің орынбасарым Салтанат Елемесоваға Алматы қаласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның екі қызметкері келген. Олар өздерін Бекзат Урсаров, Тимур Орманов деп таныстырған. Елемесованы өздерінің департамент ғимаратында маңызды әңгімеге шақырады, онда оны басқарма бастығы Болат Жылқыбаев қарсы алып, маған, яғни, Жанат Сейдумановқа қарсы компромат бар екенін хабарлайды. Бұл мәселені реттеу үшін, менің бір адаммен байланысуым керектігі туралы кеңес айтқан, ақыры жарты миллион доллар беруім қажеттігі белгілі болды. Олардың айыптауы ақылға сыйымсыз, өйткені олар мені ISBN жүйесін енгізу арқылы байыды деп күдіктенген. Дәлел ретінде уатцап арқылы маған түк те қатысым жоқ түсініксіз мәтіннің төрт бетін көрсетті. Аталған мәселені реттеудің барлық шарттары айтылған соң, мен Астанаға Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барып, осы ведомствоның жауапты хатшысына келдім. Сол кісінің кеңесімен Алматы қалалық ҰҚК-не жүгіндім. Ведомоство қызметкерлері маған келесі келіссөздерде қалай әрекет ету керектігі туралы кеңес берді. Алайда, ақпараттың сыртқа шығып кетуіне байланысты, біз бопсалаушылардың әрекетін дәлелдей алмадық. Өйткені, олар мені қауіпсіз үйде кездестіргісі келді, ал ҰҚК қызметкерлері маған оларды адам көп жүретін жерге алып келіңіз деді. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюродағылар бәрін біліп, көп ұзамай тергеуші мені өзіне шақырды. Кейінірек мені Алматы қаласы СЖКҰБ басшысы Ержан Ибраимовқа алып келді, ол «біздің атымызға кір келтірдің, сондықтан өз тарапымыздан қарсы шаралар қабылдауға мәжбүрміз» дегенді жеткізді. 2018 жылдың 26 қаңтарында маған бір топ адам ресми түрде тінту жүргізуге келді. Тергеушінің баянатында көрсетілгендей халықаралық әдеби Биенналеге 50 шетелдік қонақ шақырылып, іс жүзінде оның тек 37-сі келген. 13 қатысушының келгені жалған болғандықтан, тергеу біздің тарапымыздан 12 миллион теңге сомасында ақша ұрлауы мүмкін екендігін көрсетті. Кейіннен мен өзіме қатысты істің 2018 жылдың 4 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының қызметкерлері Бекзат Урсаров пен тергеуші Пармановтың қарапайым
есептері негізінде қозғалғанын білдім. Әрине, іздеу барысында мен барлық құжаттарды тергеу органы қызметкерлеріне, соның ішінде чектік есептерді, аталған шарадағы фотоматериалдарды, сондай-ақ, мемлекеттік органдар бекіткен тізімдерді бердім. Осыған ұқсас есептерді біз басқа министрліктерге де ұсындық.
Тергеу неге 37 делегат келді деген шешімге келген?
– Делегаттардың толық мөлшерде келгенін анықтау үшін, бізге іс-шарадан жүргізген фотоесептің өзіне қарап-ақ, тиісті сараптама жүргізу жеткілікті болды. Тергеушілер барлық шақырылған қонақтың, яғни, 51 адамның толық құрамда келіп, Биенналеге қатысқанын анықтар еді. Бірақ тергеушілер мен берген фотоесептің екі данасын және барлық қажетті ақпарат сақталған флешканы алып кетті. Оған қоса, олар менің жұмыс үстелімде тұрған, іске ешқандай қатысы жоқ құжаттарды – ISBN қоғамдық қорының шоттары және басқа да қағаздарды тапты. Біз полицияға жауап беруге барған кезде, маған ең алдымен ISBN кітаптарының халықаралық жіктеуіші шоттарына қатысты сұрақтар қойды. Арман Оразалин
деген қызметкер маған жеке өзі келіп: «Жаке, бұл істі реттесеңші, соншалықты қиын ба?» деді. Мен ешкімнен ештеңені жасырмағанымды, полиция барлық нәрсені тексергенін, бәрі заңды болғанын, мен тек заңи кеңістікте әрекет еткенімді айттым. Содан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро сының Алматыдағы департаментінің
басшысы Болат Жылқыбаевпен әңгіме болды, ол да соны айтты. Мен оған маған қатысты болған бұрынғы (2009 жылы) тексеру туралы айтып, ол жолы да ешқандай құқықбұзушылық табылмағанын есіне түсірдім. Міне, осылайша, барлық тінтулер мен қысымдар бірнеше ай бойы жалғасты, оның ішінде менің отбасым да, жұмыстағы орынбасарларым да зардап шекті. Ақырында өз құқықтарым мен мүдделерімді қорғау үшін адвокат көмегіне жүгінуіме тура
келді.
– Сізге қарсы айыптаудың негізсіз екендігіне заңды тұрғыда қандай дәлеліңіз бар?
– Иә, біз заңды түрде бірнеше рет дәлелдеуге күш салдық. Алайда, сот пен тергеудің дәлелдерді тыңдағысы жоқ және іс жүзінде біздің дәлелдерімізді көрсетуге мүмкіндік те бермейді. Маған және менің орынбаcарларыма тағылған айып ақылға сыймайды және мүлде көңілге қонымсыз нәрселер. Құқыққа қайшы әрекет жасамасам да маған қарсы істі реттеп береміз деген желеумен неше рет пара беруім керектігін тұспалдап жеткізген жағдайлар болды. Әрине, мен де пендемін, бірбеткейлігім, талапшылдығым жоғары. Осы принципшілдігім үшін неше мәрте қорқытты және сенен бауырларың да, отбасың да бәрі бас тартады, сені бәрібір сындырамыз деген сөздер де айтылды. Тіпті, тергеу жүргізілуінің өзі маған біртүрлі көрінді. Дұрысында, менің кінәлі екенімді көрсету үшін тергеу органы шақырылған шетелдік қонақтардың барлығымен байланысуы керек еді, бірақ олар ешкіммен хабарласпаған. Қазіргідей ХХІ ғасырда бұл соншалықты қиын деп ойламаймын. Менің білуімше, адамды кінәлі деу үшін құзырлы орындар оның қылмысын толық дәлелдеп, мойнына қоюы керек. Ал мені еш дәлелсіз айыптауға шешім қабылдаған сияқты. Логикаға салсақ, егер тергеу органы менің кінәмді дәлелдегісі келсе, олар тексеріп, аудиторлар жіберуі керек болатын. Аудит қандай да бір бұзушылықтарды анықтаса ғана, мені айыптауы тиіс еді.
– Шынымен де неге ешқандай аудит жасалмаған?
– 2018 жылдың 5 қаңтарында «Бизнес аудит» үлестес компаниясы тергеу органдарының нұсқауы бойынша ҚР Ұлттық кітапханасында аудит жүргізе бастады. 20 ақпанда бұл компания «Аталған сомаға (12 миллион теңге) ұрлықты растайтын ешқандай құжат жоқ» деген қорытынды береді. Содан кейін іс материалдарында осы компанияның қорытындысына негізделген, қорытынды тергеуде ұсынылған құжаттар бойынша жасалды деп көрсетіледі. Бірақ неге «Бизнес аудит» компаниясы дәлелдер үшін ҚР Ұлттық кітапханасына өз сұраныстарымен жүгінбеді? Барлық айыптаулардың ішкі мемлекеттік аудит департаментінің маманы М.Юсупованың бір көрсетуінің айналасында құралуы да қызық. Ол барлық құжаттарды емес, тек олардың белгілі бір бөлігін ғана бекітті. Оның тексеруі кезінде процессуалдық заң бұзушылықтардың орын алғаны белгілі болды. Ол тек тергеу берген құжаттар бойынша ғана аудит жасады. Оның айтуынша, біз ҚР Ұлттық кітапханасы 17 миллион 989 мың 360 теңгеге мемлекеттік сатып алуды өткізуіміз керек болғанбыз, бірақ, біздің жағдайда компания 29 999 992 теңгені жеңіп алды. М.Юсупованың ауызша пікірін негізге алсақ, ұрланған барлық соманы анықтау үшін 29 миллион теңгеден 17 миллион теңге алынып тастаса, тергеу барысындағы ұрланған сома 12 миллион теңге шыға келеді екен. Бұл
«Assylbek trade» ЖШС байқауының жеңімпазы анықталған сома болатын. Биеннале өткізуге министрлік бөлген қаражаттың өзі 38 миллион 468 мың теңгені құрады. Егер тергеу логикасын басшылыққа алатын болсақ, онда ұрланған жалпы сома 20 миллион теңгеден астам қаржыны құрауы тиіс еді. Есептеу кезінде 38 468 000 теңгеден 17 989 360 теңгені алып тастағанда 20 478 640 теңге шығады. Бұған қоса сотта М.Юсупованың шетелдік қонақтар үшін алынған 24 билетті есепке алмағандығы анықталды. Бұны қалай түсінуге болады?
– Ал сот ше?
– Біз сотқа зор үміт арттық, бірақ сот біздің мәліметтерімізді назарға алмады. Бұдан басқа, сот М.Юсупованың тарапынан кеткен құқықбұзушылықтарды бірнеше рет анықтады, мысалы, сол 24 әуе билетін есепке алу кезін айтайық. Айталық, Каирдан қонақ келді дейік, ол 2245
доллар төледі, ал Юсупова 2245 теңге деп жазады. Бұл туралы сұраған кезде ол жай ұмытып
кеттім деп жауап берді. Екінші қонақ Финляндиядан келіп, 545 евро төледі, Юсупова оны да
теңгемен жазған. Сондай-ақ, әуе билеттерін есептеу кезінде ол билетті тек қана бір жаққа есептеп, қайтар кездегі билеттерді назарға алмаған. Судья одан осындай өрескел қателіктерді қалай жібергенін сұрағанда, М.Юсупова пенде болған соң қателесу қалыпты екенін, автоматты түрде қате жаза салуы мүмкін екенін жеткізді. Судья өзі тағайындаған сот
сараптамасы барасында «ҚР Ұлттық кітапханасы қандай сомаға халықаралық Биеннале өткізуі тиіс еді?» деген сұрақты қойды. Мұндағы жалпы сома барлығы 50 адамға арналған әуе билеттері, оларды тасымалдау, қонақүй, тамақты және т.б., параметрлер негізінде анықталған еді. Сот сараптамасы институтының үш маманы қол қойған қорытындыға сәйкес, шақырылған қонақтарды есепке ала отырып, бес күнге ҚР Ұлттық кітапхана 38 миллион теңге көлемінде қаражатқа бағаланған шараны жариялауы тиіс болатын. Шараны өткізуге қажет сома мен қызметті біз кітапхананың электронды порталында жарияладық. Бұл жерде «неге тергеу органдары жоғалған соманы 12 миллион теңге деп отыр?» деген сұрақ туындайды. Өйткені, Алматы қаласы Ішкі аудит бөлімінің маманы «Мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасы шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы» ел Үкіметтің №1428 қаулысын назарға алған. Яғни, мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары тамақтануы үшін 2 АЕК және бір күн тұруға 7 АЕК мөлшерінде қаржы бекітілген. Осындай жағдайларға байланысты тағы да бір сұрақ туындайды: шетелдік қонақтар Қазақстан азаматы, мемлекеттік қызметкер немесе Парламент депутаты болып табыла ма? Осыған қарамастан, аталған норма шетелдіктерге қатысты қолданылады деген сот өз қаулысын заңды деп отыр.
– Жәбірленуші тарап кім?
– Бірінші сатыдағы сот былай деп жазады: «Ж.Сейдумановтың кінәсі жәбірленушінің айғағымен дәлелденді» – (ҚР Ұлттық кітапханасы-Б. Т.) дейді де, дәл осы үкімде «жәбірленуші тарап» Биеннале іс-шарасының жоғары деңгейде өткенін, Ж.Сейдумановқа ешқандай шағым жоқ деп мені ақтауды сұрайды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі де
өзінің жазбаша мәлімдемесінде іс-шараның жоғары деңгейде өткенін және маған қояр талабы жоқ екенін айтады. Сот үкімінде менің кінәм 2018 жылғы 9 қаңтар мен 7 ақпан аралығында санкция алған жасырын тергеу әрекеттерімен дәлелденеді, ал қылмыстық іс материалдарында 2017 жылдың қараша және желтоқсан айларындағы стенограммаларды қосуды ойлаған. Тағы бір айта кетерлігі, бір де бір стенограммада маған қарсы сөз жоқ немесе менің қылмысымды әшкерелейтін дәлелдер жоқ. Тасымалдаушымен ешқандай келіссөздер немесе сөз байласу болмаған. Маған алдын ала сөз байласты және өткізілген іс-шараға көтерме тапсырыс берді деген айып артты. Сонда алдын ала сөз байласу немен негізделеді? Олардың айтуынша мен бюджеттік өтінішті орынбасарым Салтанат Елемесовамен бірге дайындаған екем.
– Сізге және сіздің орынбасарларыңызға күшпен мәжбүрлеу әдістерін қолданды ма?
– Бұдан басқа, маған және менің орынбасарларыма, сондай-ақ, жеткізушіге он миллион теңге мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылып, бәрімізді халықаралық деңгейдегі террористер ретінде қамауға алды. Мысалы, екі баланың анасы өз машинасымен келе жатыр, бірнеше қызметтік көлік оның жолын кесіп, бетперде киген адамдар көліктен шыға сап әйелді капотқа еңкейтіп, қолына кісен кигізіп, алып кетеді. Ал тағы бір орынбасарымның үйіне түнгі сағат екіде полиция қызметкерлері баса көктеп кіреді, байғұс әйел, төрт баланың анасы қысты күні төрт айлық емшектегі баласымен далаға қашып шығады. Оларды тұтқындаған кезде бәріне бір ғана нәрсе айтқан: «Сейдумановқа қарсы айғақтар беріңіз». Барлық қызметкерлерім осындай жағдайларға душар болды, бірақ, ештеңе айтқан жоқ, себебі
айтатын ештеңе жоқ еді. Сотта олардың барлығы жылады, өйткені, оларды төрт-бес сағаттан
тергеу бөлімдерінде ұстады және психологиялық қысым көрсетті. Жеткізушілерді де біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп айыптады.
– Яғни, Сіздің қолыңызда кінәсіздігіңізді растайтын барлық дәлел бар, бірақ оларды жоғары сатыларға жеткізе алмай жүрсіз ғой?
– Иә. Және біз әр сөзімізге жауап бере аламыз. 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Алматы қаласы Бостандық аудандық № 2 сотының үкімі жарияланғаннан кейін біз қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына шағымдандық. Онда алты адам сөз сөйледі, оның ішінде, менің адвокатым да бар. Алайда, сот біздің дәлелдерімізді ескермей, 10-15 минут ішінде өз шешімін шығарады. Біз әрбір тармақты өзіміздің кассациялық шағымда көрсетуге дайынбыз, онда тексеру және тергеу іс-шаралары кезінде жол берілген бұзушылықтарды
көруге болады. Мен ҚР Ұлттық кітапханасының имиджін көтеруге тырысқандықтан ғана кінәлі
екенмін. Ұлттық кітапханаға 120 миллион теңге сомасында инвестиция тартқым келгенімді де
кінә деп тапты. Тергеу барысында маған инвестиция тартуға неге қызығушылық білдірдің деген сұрақ қойды. Және ол жақтан ақша жымқырмақ болған шығар деп жауап берді.

Мирфаик ӘЛИЕВ, Ж Сейдумановтың адвокаты:
– Осы іс бойынша елеулі бұзушылықтарға жол берілген, менің ойымша, Ж.Сейдумановтың кінәсі дәлелденбеген. Егер біз адам ұрлап кеткен деп айтатын болсақ, фактілер мен дәлелдерді келтіре отырып, оны дәлелдеуіміз керек. Біздің жағдайда 51 шетелдік қонақ келген халықаралық әдеби Биеннале өткізілді. Іс-шара жоғары деңгейде өтті, бұл туралы шақырылған қонақтардың өздерінің де пікірлері бар. Оларды күтіп-ұстауға жұмсалатын барлық шығындар, оның ішінде әуеұшулар, қонақүйлер, тамақтану және т.б. құжат түрінде ресімделді. Сонымен қатар, бұл шара туралы көптеген халықаралық басылымдар жазған. Ж.Сейдумановтың кінәсіне негіз ретінде әдеттегі есеп алынды. Сот аталмыш фестивальді
өткізуге кеткен бағаның қалай анықталғанын көрсетті. Онда кәсіби бағалаушылар шақырылды, іс-шараны өткізу сомасын сотталушының өзі бағаламағанын, ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері – құзыретті маманның бірі Мирзаев жүргізді деген дәлелдемелер бар. Бұл азамат барлық қызметкерлерді шақырып, қонақтарды бес күн күту үшін 37 миллион теңге қажет екенін хабарлады. Сот Р.Селицкийдің төрағалық етуімен осы сомаға күмән келтіріп, өз сараптамасын тағайындады. Сараптама бұл іс-шараға шын мәнінде 37 миллион теңге талап етілгендігін растады. Бізде бұл соманы Ж.Сейдумановтың ойлап таппағанын, оны тиісті лицензиясы бар Кәсіби бағалаушылар анықтағанын, куәгерлердің өзін қоса алғанда, барлық дәлелдер бар. Егер қандай да бір дәлелдемелер заңсыз жолмен алынған болса, сот оларды жарамсыз деп тануы тиіс екенін ескеру маңызды. Бірінші сатыдағы сотқа, сондай-ақ, апелляциялық сатыдағы сотқа істің өзі заңсыз қозғалғандықтан, барлық дәлелдемелердің заңсыз жолмен алынғаны туралы өтінішхаттар мәлімделді. Тергеу кезінде, бұны прокурордың өзі де дәлелдеуі, заңсыз алынған барлық айыптауларды жоққа шығаруы және жеке ұйғарым шығаруы тиіс еді, бірақ, бұл жасалған жоқ. Тергеуші Арман Тұрсынов
өзінің баянатында іс-шараға тек 30 адам ғана келгенін және тергеу барысында дәлелденгенін жазған. Бірақ сот тергеудің мүлдем болмағанын және іс-шараға 21 адамнан көп келгенін анықтады.
Бахтияр ТОХТАХУНОВ

Комментарий