Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

24 ҚЫЗМЕТ ҚОЛЖЕТІМДІ немесе үйде отырып қалай анықтама алуға болады?

Бүгінде жұмысқа орналассаңыз да, балаңызды бақшаға берсеңіз де тіркелу қажет немесе мекенжай туралы, сондай-ақ, «бұрын сотталмаған» деген секілді анықтама керек. Ал, оның барлығы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан беріледі. Бірақ, қашан барсаңыз да, осы бір мекемеде ұзын-сонар кезек, бірімен бірі қырылысқан адамдар. Алайда, ол – әзірге жаңа заманның игіліктерін, технологиясы мен техникасын меңгере алмай жатқандардың ісі.

Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін смартфонның құлағында ойнайды, әлеуметтік желіге кіріп, WhatsApp арқылы әлемнің түкпір-түкпірімен байланыса алады. Дәл сол WhatsApp секілді Telegram деген де қосымша бар. Бүгінде сол Telegram қосымшасындағы Egovkzbot арқылы 24 түрлі қызмет қолжетімді. Атап айтқанда, мекенжай туралы, жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы, жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы анықтама, БЖЗҚ салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпарат және басқа қызметтер. Бұл қызмет түрлеріне газетіміздің алдағы нөмірлерінде жеке-жеке тоқталамыз.
Ботты қалай қолдануға болады?
Ол үшін ең алдымен eGov.kz-де тіркеліп, телефон нөміріңізді порталдың профиліне байлау керек. Тіркелу мен нөмірді байлау тек электронды цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асады. Егер сізде электронды қолтаңба болмаса, eGov.kz сайтының «Порталда бірінші рет» бөліміне өтіп, оны қалай алуға болатыны жайлы ақпаратпен таныса аласыз. Ал, телефон нөмірін тіркеу, яғни, «мобильді азаматтардың базасына тіркелу» порталға алғаш тіркеу кезінде, сондай-ақ eGov.kz сайтының Жеке кабинетін күйге келтіру арқылы жүзеге асады. Ол SMS-код
және қолданушының ЭЦҚ-дан жазылу арқылы растауды талап етеді. Соңғысы, Telegram мессенджерін нөміріңіз салынған смартфоныңызға орнатып, сосын іздеу арқылы @EgovKzBot ботын табу керек. Ботты іске қосу үшін «Старт» командасын басасыз да, телефон нөміріңізді мәзір арқылы жібересіз.

Он айда 3,6 млн қызмет көрсетілген
2018 жылдың мамыр айында іске қосылған жүйені он айдың ішінде 140 мың адам қолданып үлгерген. 160 мың рет түрлі анықтамаға өтініш берген. Мессенджер қолданушылары 60 мың рет мекенжай анықтамасын, 20 мың рет соттылықтың болу/болмауы туралы анықтама сұратқан. Жалпы, сөз реті келгенде айта кетейік, Mgov қосымшасы арқылы 90 түрлі мемлекеттік қызметті онлайн режимде алуға болады. Және, смартфон иелері бұл қосымшаны жақсы меңгергені сонша, былтыр 1,3 млн рет жүктеп, 3,6 млн қызмет алған. Бірақ, әлі де болса бұл көпшілікке, әсіресе егде жастағы кісілерге түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бүгінде азаматтарға электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуды оқытатын цифрлық ХҚО еліміздің барлық облысында ашқан. Бұған қоса халыққа қызмет көрсету орталықтарында смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерді алуды үйрететін аймақтар ашылуда. ХҚО мамандары қызмет алушылардың телефондарына telegram мен Mgov қосымшаларын орнатуға көмектесіп, түрлі анықтамалар мен қызметтерді алу ретін түсіндіреді. Ол үшін жергілікті ХҚО-ға барып, түсіндіруді талап ету керек. «Көрсетілетін электрондық қызметтер санының артуына байланысты мемлекеттік корпорация халық арасында қызметтерді онлайн алуды үйрететін шаралар өткізіп, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруда. Бұл қосымшаларды пайдалану үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу міндетті. Оны ХҚО қызметкерлері жүзеге асырады. Бұдан бөлек, мемлекеттік корпорация қызметкерлері апта сайын емхана, әскери бөлім, жоғары оқу орындары мен өзге де мекемелерге барып, қосымшаларды пайдалану ретін үйретіп отырады. Тәртіп бойынша қызмет алушының жеке сәйкестендіру нөмірі мен ұялы телефоны байланыстырылып, базаға енгізілуі тиіс», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Алматы қаласы филиалының PR-менеджері Жаңыл Амантайқызы. Айта кетейік, осы уақытқа дейін электронды үкімет порталын өз бетінше пайдалану дағдыларын 8 миллион қазақстандық игерген. Оған қоса, мемлекеттік корпорация мамандары жергілікті әкімдіктердің 3,5 мың қызметкеріне egov.kz порталын пайдалануды үйретіп, одан өзге 686 мың азаматты оқытқан. Негізі, смартфонды, жалпы техника тілін түсінетін адамдарға бұл өмір сүруді әлдеқайда оңайлататын заманауи мүмкіндік. Бүгінде онлайн режимінде болу – заман талабы. Қалтаңыздағы смартфон мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ жылдам алуға көмектеседі.
Мәриям ӘБСАТТАР
«Заң газеті»

Комментарий

Бөлісу | Поделится