Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Өз елім деп келгендерді өзектен теппейік!

Оралмандар мәселесін қазақ журналистері тәуелсіздік алғалы ауық-ауық айтып та, жазып та келеді. Соның арқасында қандастарымыздың біраз мәселелері шешілуде. Ал, түйіні тарқатылмағаны әлі де көп. Біз бүгін солардың бастыларына қатысты осы мәселеге жауапты мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар басшыларының пікірлерін таразылап көрмекпіз.

Шетелден келетін қандастарымыздың ең күрделі мәселесінің бірі – ықтияр хат және азаматтық алу мәселесі. Негізінде, ықтияр хатты келген әрбір оралманға береді. Алайда, соның негізінде азаматтық алу мәселесінде әр адамның ұқыптылығы мен еренсіздігі себеп болады. Ұқыпты адам ықтияр хаттың мерзімі бітпей, азаматтық құжатын рәсімдейді. Ал, еренсіздер барлық құжаттың мерзімін өткізіп алады. Сөйтеді де Қазақ еліне келген соң өмір есігін ашқан баласына құжат ала алмайды, өзінің қытайлық құжатының мерзімі өтіп кеткен, содан күрделі мәселе туындайды. Бұл мыңдаған отбасыға тән мәселе. Соның бірі – Қытайдың Іле аймағынан Алматы облысы Райымбек ауданы Тегістік ауылына көшіп келген Бақтыбай Шайза. Оның әке-шешесі, бауырлары азаматтық та, квотаға орай жеңілдік те алған. Ал, Бақтыбай болса, сол мерзімді уақытта Қытайға қайта оралып, уақыт өткізіп алған. Соның салдарынан Қазақ еліне келгеннен кейін туылған екі баласының туу туралы куәлігіне АХАТ-дағы мамандар жерден жеті қоян тапқандай Қытай азаматы деп жазып жіберген. Өзінің де, әйелінің де қытайлық төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен. Қытайда туылған баласының да құжатының уақыты өтіп кеткен. Енді ол Қытайға барар болса, түрмеге қамап жаза тарттырары анық. Өкінішке қарай, Бақтыбай секілді қазақтар елімізде мыңдап саналады», – дейді Алматы облыстық көші-қон қызметі азаматтық бөлімінің аға инспекторы Айгүл Оспанқызы. Соңғы екі жылда Қытайдағы аз ұлттардың қысым көруі, олардың құжаттарын Қытай билігі жинап алып,
үйінен Құран кітабы, Қазақ тарихына қатысты кітаптар табылған азаматтарды саяси түзету мекемелеріне жауып, қысым көрсетуі құжатсыз жүрген қазақ азаматтарын тіпті үрейлендіріп тастады. Сондықтан, қоғамдық ұйым өкілдері мен депутаттар ҚР Үкіметі арнаулы бір шешім шығарып, оларға Қазақ елінің азаматтығын беруі тиіс деп есептейді. Сонда ғана біз бұл мәселені Қытай Үкіметінің араласуынсыз шеше алмақпыз. Ал, мамандар Қытай Үкіметі бұл мәселені орынсыз күрделендіріп отырғанын айтады. Түрлі себеппен негізгі құжатқа қол
жеткізе алмай жүргендердің мәселесін көтеретін «Ел-аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ырысбек Тоқтасынның айтуынша, Қытайдан қоныс аударған қазақтардың оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетуінің бірнеше себебі бар. «Біріншісі, осында ықтияр хатпен жүрген қазақтарды Қытай билігі түрлі себеппен қайтадан шақырып алып, уақытында жібермей қойды. Соның салдарынан олардың құжатының уақыты өтіп кетті. Екіншісі, 2013 жылы шыққан «Көшіқон туралы» заңдағы өзгерістер де қолбайлау болды. Үшіншісі, кейін алынып тасталған «сотталмаған» дейтін анықтама», – дейді ол. Ырысбек Тоқтасын дәл қазір қолында оралман
куәлігінің мерзімі өтіп кеткен 3200 адам және Қытай паспортының уақыты біткен 93 адамның тізімі бар екенін айтты.
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Берік Дүйсенбинов Қытайдағы қандастар мәселесін көтеріп, Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтан түзету лагерьлерінде қорлық көрген, еліне жете алмай жатқан қандастардың мәселесін шешу бойынша қандай кешенді шаралар қолға алынғанын сұраған болатын. Атамқұловтың айтуынша, Қытайда 1,5 миллионнан астам отандасымыз бар. Былтыр 2,5 мың отандасымыз Қазақстанға келу үшін виза алған. Биыл қос азаматтығы бар Қазақстан азаматтарының ішінен 33 адам Қытай түрмелеріне қамалған. Дипломатиялық арналар арқылы және консулдардың көмек көрсетуімен 20 адамды қайтарған. Сондай-ақ, Б.Атамқұлов Қытайдағы қамауға алынған қазақтар жөнінде мыңнан астам арыз түскенін айтты. «Биыл қамауда отырған қазақтар жөнінде министрлікке 1387 арыз келіп түсті. Түскен арыздар бойынша әр азаматпен жеке-жеке жұмыс істеудеміз. Себебі, әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Қазір Қытайдағы лагерьлер мәселесі бүкіл әлемді алаңдатуда. Негізі, Қытайдың өзінің ішкі саясаты бар. Бірқатар дипломат сол лагерьлерді көрді. Бұл бойынша АҚШ, Түркия секілді мемлекеттер Қытайға қысым жасауда», – деді министр. Дәл осы қандастар мәселесін зерттеп жүрген тұста биыл оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдауға қанша өңірлік квота бөлінгені белгілі болды. Үкіметтің тиісті қаулысы «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды. ҚР Үкіметінің 2018 жылдың 29 желтоқсанындағы қаулысымен оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың
2019 жылға арналған өңірлік квотасы белгіленген. Құжатқа сәйкес, биыл оралмандарды қабылдау үшін 2 103 адамға, сондай-ақ, қоныс аударушыларды қабылдау үшін 7 771 адамға өңірлік квота бөлініп отыр. Үкімет қаулысымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 2019 жылдың 1 тамызына және 2020 жылдың 1 ақпанына қарай құжаттың орындалуы туралы есепті тапсыру жүктелген.
Қаулы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Енді құжатты Сенат бекітіп, әрі қарай Президент қол қойса, оралмандар бұрынғыдай төрт жылда емес, бір жылдың ішінде азаматтыққа ие болады. Ал, оған дейін Үкімет қандастарымызды отбасымен уақытша тіркеуге алады. Енді оралмандарға еліміздің кез келген өңіріне қоныстануға да рұқсат етіліп отыр. Бұған дейін тек 7 облыста тұру міндеттелген еді. Бірақ, Үкімет айтқан жерге көшіп барса, қосымша әлуметтік өтемақылар қарастырылған. Яғни, баспанамен, жұмыспен қамтиды және отбасының әр мүшесіне 350 мың теңгеден астам жәрдемақы беріледі. Тіпті, этникалық қазақтардың елімізде білім алу үшін келген балаларына да арнайы жеңілдіктер жасалмақ. Сондай-ақ, жаңа заң бойынша, қандастарымыз Қазақстанда төленетін әлеуметтік жәрдемақының бәріне бірдей қол жеткізбек. Оралман мәртебесі жөніндегі куәлік беріледі. Ол куәлікпен ЖСН бірге жүреді де, сол зейнетақы алу үшін, жалпы әлеуметтік көмекке қажетті мәселелердің барлығы шешілетіні айтылған. Халықаралық адам құқықтары жөніндегі мәселелермен айналысатын заңгер Гүлмира Қуатбекова Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген қазақтардың мәселесін шешу үшін мемлекеттік комиссия құру керек деп санайды. «Қандай да бір статус алу үшін қажетті құжаттар тізімі бойынша әрбір аудан әртүрлі талап қояды. Біз оны іс жүзінде көрдік, білеміз. Сондықтан, ықтияр хат, оралман куәлігі, басқа да талаптар бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, жеңілдік туралы шешім қабылдау қажет», – дейді заңгер. 2018 жылы қарашада Парламенттің бір топ депутаты Үкіметке хат жазып, оралмандардың азаматтық алу
мәселесін оңай тәртіппен шешу туралы депутаттық сауал жолдаған. Депутаттық сауалда «Азаматтық ала алмай жүрген қазақтардың саны 7 мыңға жуық екені» айтылған. Депутаттар сауалына берген жауабында сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев: «Этникалық қазақтарға Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру құқығын көздейтін заң жобасы биыл 2018 жылдың мамыр айында Мәжіліс қарауына енгізіледі» деген болатын.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көшіқон комитетінің өкілі Бағлан Қасеновтің айтуынша, мерзімі өтіп кеткен оралман куәліктеріне байланысты есеп 2017 жылы ғана жүргізілген. «2017 жылдың қорытындысы бойынша, екі мыңдай оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. 2018 жыл бойынша есепті енді жасаймыз. Ал, оралман куәлігінің мерзімі енді ғана біткен адамдар болса, оны ұзартып бере аламыз», дейді Қасенов.
Сыртқы істер министрлігінің ресми дерегі бойынша, 2018 жылы 2000 этникалық қазақ Қытай азаматтығынан шыққан. Қорыта айтқанда, ресми органдар мен қоғамдық ұйымдардың есебіндегі құжаттары дұрыс емес қандастарымыздың саны 10 мыңдай адамды құрайды екен. Міне, осының салдарынан олар жұмысқа тұра алмай, не әлеуметтік көмек те ала алмай қиындық көруде.
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий