Без рубрикиЕлең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

СЫН СӘТТЕР ЖАДЫМЫЗДА ЖАҢҒЫРЫП ТҰР

Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне 33 жыл. 1986 жылдың желтоқсанында мыңдаған жас ҚКП ОК-нің 1-хатшысы болған Колбиннің орнына қазақ азаматын қоюды талап етіп, Алматыдағы алаңға жиналған еді. Алайда, бейбіт талабын арқалап келген олар шеру соңында қан төгілетінін білген жоқ. Қаншамасы көз жұмып, қаншасы жарақат алды. Сол кезде 20 мен 25-ке иек артқан желтоқсаншылардың бұл күнде жасы 50-ді еңсерді. Сондықтан, «Желтоқсан уақиғасы өміріңізді қалай өзгертті, есіңізде не қалды?» деген сауалдарды бірқатар желтоқсаншыға көлденең тартқан едік..

Жұмабай ОМАРОВ:
– Ата-анам бала кезімізден өтірік айтпау, біреудің ала жібін аттамау, кісіге жәрдем беру сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеп өсірді. Соны өмір бойы жадымнан шығармай, бүгінге дейін адал еңбек етіп келемін. Жалпы, 1986 жылғы уақиғаны есіме түсіре бергім келмейді. Сол уақиғадан аман қалғаным – жақындарымның тілеуі болар. Ол кезде Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы
математика факультетінің 5-курсында оқып жүргенмін. 17 желтоқсан күні түнде жатақханада демонстрация туралы қызу әңгіме жүрді. «Егер үш күннің ішінде ереуіл тарқамаса, оларды қарудың күшімен қуады» деген де пікірлер айтылды. Мен оған қарсы шықтым. «Егер біз ешкімге тиіспесек, онда олар да бізге тиіспейді. Халықты бостан босқа қырып-жойып, қуғын-сүргінге ұшырата алмайды» дедім. Осылай ұзақ дауластық. Содан ертеңіне, 18 желтоқсанда алаңға бардық. Қолымдағы дипломатта әлі таратып бермеген 4 мың сомнан аса студенттердің стипендиясы болатын. Ойламаған жерден халықты жаппай ұрып-соғу басталды. Барлығымыз Ленин көшесіне қарай қаштық. Жан-жағымнан қоршаған солдаттар дубинкамен жабылып ұрып, соққыға жықты. Есімді жисам, аппақ қардың үстінде жатырмын. «Тірі қалған екенмін ғой» деп, басымды көтеріп, жан-жағыма қарай бергенімде, бір солдат «Қимылдамаңдар, жатыңдар!» деп айғай салып, басымнан дубинкамен салып жіберді. Қайта есімнен танып қалдым. Содан Ауылшаруашылық институты бас корпусының алдына келе бергенімде, қашып бара жатқан бір топ адамды көрдім. Мен де әрекет жасап солай
жүрейін десем, Абай даңғылының төменгі жағындағы арықтан өте алмадым. Одан секіруге ешқандай күш-қуатым қалмаған. Басымнан қан көп кеткен болатын. Үлкен талға сүйеніп, тәуекелге бел буып, күтіп тұра бердім. Бір кезде қашып келе жатқандардың бірі «Жігіттер, қашпаңдар, олар аз қалды. Біз де бір-бір талды сындырып алып қарсы тұрайық» деп айқай салды. Сол кезде мен тәлтіректеген күйімде алға жылжып, аман қалдым. 20 желтоқсан күні оқу корпусына келсем, Жақашева деген апайымыз «Жұмабай, сен тірімісің, тез деканға бар, сені өлді деп үйіңе хабар жіберейін деп жатыр» деді. Мен бір тиынын жоғалтпай алып келген стипендияны студенттерге таратып бердім. Үш-төрт күн өткен соң, МҚК жігіті іздеп келді.

Жеңісбек САБЫРАЙЫМ:
– Ол кезде Алматы мемлекеттік театр-көркем сурет институты театралдық факультетінің кино, телевидение жəне театр актері мамандығы бойынша бітіріп, əскерде азаматтық борышымды өтеп келіп, əлі жұмысқа орналаса алмай жүрген кезім болатын. Отбасым бар, баспана жоқ. Сөйтіп жүргенде 1986 жылы «жетім бұрыш» жағалап жүрген жастарды баспанамен қамтуды мақсат тұтқан «Тұрғын үй-91» деген бағдарлама қабылданды. Үмітімді үкілеп, мен де ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласып кеттім. Белсенділігім үшін Әуезов аудандық жұмысшы депутаттар кеңесіне депутат болып сайландым.
Көп ұзамай, дəлірек айтсақ, 1986 жылдың 20 қыркүйегінде аталған бағдарлама аясында Алматыдағы белсенді жастардың Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі өтті. Желтоқсанның 15-нен 16-сына қараған түнде театралдық институтта бірге оқыған достарым келіп, Қазақстанның бас хатшысы Д.Қонаевты алып тастап, орнына сырттан өзге ұлт өкілі келгені туралы хабарды жеткізді. Мұны естігенде дірілдеп, бауыр етімді кесіп алғандай əсерде болдым. Ертеңіне бəріміз жиналып, қалаға қарай шықтық.
Орталыққа жетсек, адам көп, лек-легімен алаңға қарай ағылып жатыр. Біз де сол лекке қосылдық. Алаңға үш күн қатарынан бардық. Ол жерде жерге, руға, оқу орнына бөліну болған жоқ. Бəрі қазақтың намысы үшін бір үйдің баласындай бірігіп, жұмылған жұдырық болды. Милиционер ұстап алған үш жасар баласы бар жас ананы құтқардық, тəртіп сақшыларымен де жұлқыстық, етімізге темір таяқ та тиді, ит те қапты, түрмеге де қамалдым, жауапқа да тартылдым, əйтеуір, біраз қиындықты көрдім. 20 желтоқсан күні қамалып жатқан жерімнен нағашым келіп шығарып алды. Кейін аудандық сессияда мені саяси сенімсіз адам ретінде депутаттық мандатымнан айырды. Бүгінде мұрағаттан мұрағат қоймай іздесем де, сол сессияның шешімін таба алмай-ақ қойдым. Бүгінде Алматы қалалық «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігі төрағасының дүниежүзілік істер бойынша орынбасары, халықаралық өкілімін.

Ыдырыс АЯПОВ:
– Алматы Мал дәрігерлік институтының 2-курсында оқып жүрдім. Ұлттық намыс кернеп алаңға шыққанмен, арты мұндай үлкен шуға ұласады деп ойламадық. Біз тұрған 7-жатақхана алаңның дәл түбінде болатын. Тексеру, қадағалу қатты жүрді. 16 желтоқсан күні кеште естідік. Түнімен плакат жазып, кәдімгідей
дайындалдық. Таң алдында мұғалімдер келіп тексереді дегенді естіп, 17 желтоқсан күні ертемен шығып кеттік. Қуғанына қарамастан, алаңда жүрдік. Сол күні кешке қарай алаңға техника, қарулы күшті әкеле бастады. Лақтырған тастан қолым сынды, басыма тиіп, бетімді қан жуды, таяққа да жығылдық. Түн ортасында қансыраған күйімізде көше-көшені тасалап жүріп, қасымдағы тараздық жігіттің Байзақов көшесінде тұратын
әпкесінің үйіне жетіп жығылдық. Басыма тиген тастың кесірінен көзім ісіп кетті. Ертеңіне көз ауруханасына барып, дәрігердің қабылдауында болдым. Оқу орныма апару үшін анықтама алдым. Сол кезде дәл осы анықтама бірнеше жылдан соң ақталуыма себеп болады


Бақыт БАЙНИЯЗОВ:
– 1986 жылы Алматыдағы Мал дәрігерлік институтына оқуға түскенмін. Көппен бірге алаңға шықтық, алғашқы
күні тыныш болды. 17 желтоқсан күні үш жігіт бір топ милицияның ортасына түсіп қалдық. Күшіміз тең емес
еді. Қолымызды қайырып, автобусқа тықты. Іші қан сасиды, ұлын да, қызын да әкеліп бірінің үстіне бірін
лақтырып жатыр, ыңырсып, қиналған бір адам.
Ішкі істер бөліміне әкелгенде қалтамда жатақханаға кіруге рұқсат қағазым болатын. Сондықтан, аты-жөнімді жасыру мүмкін болмады. Абақтыға түскен хабарымды естіп, Қазалыдан әкем жетті. Содан 1987 жылдың наурызына дейін абақтыда жаттым. Оқуға келсем, комсомолдан да, институттан да шығарып жіберген. Ауылға бардым, еш жерге жұмысқа алмайды. Сол кезде аудан басшысы болған Елеу Көшербаевтың шарапатымен жұмысқа орналастым. Қанша жылдар қауіпсіздік комитетінің қатаң қадағалауында болдым. Желтоқсанның зардабын мен ғана емес, отбасым да тартты. Лауазымды қызмет атқарып жүрген екі ағамды қызметтерінен шеттеті. Кейін М.Шаханов бастаған комиссияның шешімімен оқуға қайта алындым. Оқу
әлі орыс тілінде, Қызылорданың Қазалысынан келген маған қиын тиді. Арасына түсіп кеткен үзілістің де әсері болған шығар. Ректорға барып айтқанымда, «Студенттер саны толса, қазақ тобын ашып беремін» деді. Сөйтіп менің бастамаммен ашылған тұңғыш қазақ тобы 1994 жылы түлеп ұштық. Бұл институт тарихындағы ана тілінде аяқтаған тұңғыш түлектер еді. 2014 жылы балам ғаламтордан менің 20 жылдық «Қазақ көтерілісі» деген кітапқа енгенімді білді. Ұлттық кітапханаға барып, аталған кітаптың көшірмесін түсіріп алдым. Институттың мұрағатынан да өзімнің Желтоқсан уақиғасы кезінде жазған түсініктемемді де, оқудан шығарылған бұйрықты да, әкемнің жазған хаттарын да таптым. Бүгінде олардың бәрі менің отбасылық архивімде. Ақталуыма осы құжаттардың көмегі тиді. Бір өкінішім, менің ақталғанымды Ұлы Отан соғысының ардагері болған марқұм әкем көрмей кетті.
Дайындағандар
Айгүл АХМЕТОВА,
Мөлдір БЕГІМБЕТ,
«Заң газеті»

Комментарий