Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Тәуелсіздікті насихаттайтын фильмдер мен әндер неге аз?

Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет, мәдениет, жалпы өнер ерекше дамып, әндер де айрықша жазылып, рухты, патриотты болуы керек еді. Өкінішке қарай Отансүйгіштікті насихаттайтын әндер тым аз. Тіпті нақты Тәуелсіздікті жырлайтын әндер мен егемендігіміздің қадірін ұқтыратын фильмдер жоқтың қасы. Бәлкім Тәуелсіздік мерекесінің өз дәрежесінде аталып өтіле бермейтінінің сырын осыдан іздеу керек шығар?

Майра Ілиясова, әнші, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Орынды көтеріліп отырған мәселе. Шыны керек бүгінде хит қуған бір заман болды. Барлық әнші ертелі кеш бір бірінен асып түсетін хит ән іздеп жанталасып кетті. Хиттің соңында жүріп, халық үшін патриоттық бағыттағы, Отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелейтін әндердің де маңызы зор екенін ұмытып бара жатқан сыңайлымыз. Нәтижесінде халық, жалпы қоғам үшін Тәуелсіздік ұғымының қадірі қашып барады.

Менің балаларға арналған өнер мектебім бар. Кейде сол балаларға патриоттық ән іздегенде таппай қиналып қалатын кезіміз аз емес. Ұстаз ретінде осыдан қатты қиналамын. Өйткені патриоттықты біз балалардың бойына жастайынан сіңіруіміз керек. Болашақ ұрпақ Тәуелсіздіктің бағасын, бодан болмаудың амалын бізден артық білуі керек. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мықты болады. Сондықтан ертелі кеш той әндеріне, хиттерге мән бере бермей композиторларымыз, ақындарымыз елді ұлтжандылыққа, елсүйгіштікке тәрбиелейтін әндерге де мән берсе деймін. Ол үшін әрине ол әндерге мемлекет тарапынан тапсырыс болуы керек. Сонда ән де сапалы болады, сөздері де ойдан шығады, қойылатын талап та мықты болады. Хит әндер сұраныста болған соң, әншілер де қомақты қаржы төлеп сатып алады, сосын композиторлар мен ақындар да сол бағытта іздене береді. Егер мемлекет тарапынан сондай сұраныс болса, лайықты ән жазып беретін композитор да, сөз жазып беретін ақындарымыз да бар. Тек соған тиісті орындар көңіл бөлсе екен. Елдің идеологиясына, патриоттық бағытта тәрбие беруге жекелеген адамдар емес, мемлекет жауапты болып, осы мәселені мойындарына алып, тапсырыспен ән жаздыруды ойлауы қажет. Онсыз Тәуелсіздіктің қадірі болмайды. Тарихты төңкеріп түсірер, көз алдыңнан қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы төгілген қаны мен маңдай терін елестететер, қазақ болғаныңа мақтанатындай Тәуелсіздік туралы әнді кез келген адам отырған

жерінде қосылып айтып кетердей әндер болса керемет емес пе? Рухты көтерер, мақтанатындай жетістіктеріміз бар ғой. Бабаларымыз білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған кең байтақ жеріміз, қазба байлығымыз, ел Тәуелсіздігі үшін болған текетірестер, еліміздің жетістігі баршылық. Соның бәрін еске түсірер ән болса керемет емес пе?! Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жүргізілсе ел болашағы үшін керемет нәрсе болар еді.

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ауған соғысының ардагері:

– Тәуелсіздіктің қаншалықты қадірлі, қасиетті нәрсе екенін әлі сезіне алмай жүрміз ау деп ойлаймын. Сондықтан ән де жазылмай, бұл бағытта кино да түсірілмей жатыр. Негізі кез келген нәрсенің бағасын арттырып, қадірін түсіндіретін, жаныңды тебіреніске толтыратын сол тақырыпта түсірілген фильмдер мен әндер екені рас. Сондықтан жете көңіл бөлінбей отырған осы мәселеге назар аударуымыз керек.

Жыл сайын арнайы тапсырыспен Тәуелсіздік күні қарсаңында бір әннен жаздырып отырғанымызда осы уақытқа дейін патриоттық бағыттағы бір альбом болатындай әнжинақ шығаруға болар еді. Немесе ел Тәуелсіздігінің әр мерейтойында тарихымызды танытатын, халқымыздың рухын асқақтататын фильм түсірілсе жақсы болар еді. Әсіресе бұл қазір өте қажетті нәрсе. Өйткені қит етсе шетел асып, шекараның арғы бетіндегі өмірді аңсайтын, қазақ тілін білмегеніне қымсынбайтын ұрпаққа осындай Тәуелсіздіктің насихатын арттыратын әндер мен фильмдер өте қажет. Мәселен сондай әндер жазылып, қазір елімізді шетелде танытып жүрген Димаш ұлымыз соны орындайтын болса, бұл еліміздің имиджі үшін атқарылған үлкен бір игі жұмыс болар еді. Қазір Еуропа елдерінің біздің балаға деген құрметін байқап отырмыз. Тіпті өмірінде қазақ тілінде хабарлап көрмеген елдің әуежайлары Димашты қазақ тілінде қарсы алып жатыр. Бұл сол елдердің Димаш арқылы елімізге, тілімізге көрсеткен құрметі ғой. Ендеше сол балаға арнап қазақтың Тәуелсіздігін, тарихын, ұлтын танытатын әндер неге жаздырмасқа?! Сондықтан патриоттық бағыттағы әндер жазылуына, фильмдердің түсірілуіне назар аударуымыз керек.

Шыны керек, сауық сайран, тойларға көп көңіл бөлініп кетті. Одан да ел болашағы үшін пайдасы бар нәрселерге, халық рухын көтеретін мәдениетке көңіл бөлетін кез жетті деп ойлаймын.

Қалдыбай Дүйсембаев

Комментарий