Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЕлең еткізер | Актуально

«АТУ ЖАЗАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН 345 КҮН КҮТТІМ»

Тәуелсіздігіміздің бастауы болған 86-ның желтоқсанының ызғарлы желі сол кезеңде алаңға шыққан жасты да, жасамысты да тоңдырып, жанына жара салғаны белгілі. Сондай жандардың бірі – бүгінде 58 жастағы зейнеткер, Алматы қалалық «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мырзағұл Әбдіқұлов. Қазақстанда Желтоқсан көтерілісіне байланысты ату жазасына кесілген екі адамның бірі – «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков болса, екіншісі – осы Мырзағұл Әбдіқұлов болатын. Тәуелсіздік күні қарсаңында қаһарман ағамен сұхбатымыз кейіпкерімді, еске алуға қанша қиын болса да, сол бір сүреңсіз күндерге, осыдан 33 жыл бұрынғы қанды оқиғаларға жетелеген еді…

– Мырзағұл аға, Қазақстанның Тәуелсіздігі – қасиетті құндылық, ұлтымыз үшін ұлы ұғым. Ел тарихының әр парағы ерекше қымбат. Соның бірі – желтоқсанның қаһарлы күндерінде мұз жастанып, қар төсенген жас қыздарымыз бен жігіттердің батырлығымен келген тұғырлы Тәуелсіздігіміз. Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың кейінгі тағдырында сан алуан қиындықтарға тап болып, жазалы болғандарын да білеміз. Соның ішінде ең ауыр жаза сізге берілген екен…
– Иә, тағдыр деген қызық қой. Желтоқсан көтерілісі бұрқ еткен тұста мен 35 жастамын. Газ қызметіндегі жұмысыма қоса, Шамалғанда жүргізуші дайындайтын комбинатта оқып жүргенмін. Қоғамдық көліктің ішінде тиісіп, ұлтшыл деп қорлап, намысымды таптамақ болған орыстармен арпалысып, қорғанамын деп біреуін өлтіріп алдым. Қолдарында жарты метрдей темірлері бар олар үшеу еді. Өзімді қорғамасам, олар мені өлтірер еді немесе мүгедек болып қалатын едім. Мен өзімді ғана емес, намысымды қорғап қалғанымды көп уақыт өткен соң білдім.
Тас түрменің табалдырығын аттағаннан-ақ жеген таяқтан, тиген ауыр тепкілерден денемде сау жерім қалған жоқ десем, өтірікші бола қоймаспын. Бәрінен де батқаны – өз қаракөз бауырларымнан жеген таяғым мен тепкілерім.
Менің сағымды сындыра алмаған милициялар бір ай бойы әйелімді әкеліп қинаған. Ол кезде жұбайым Қазына бесінші баламызға жүкті болатын. Осындай қинау, қорлауды көрген ол 13 ақпанда босанып, төрт күннен кейін барлық қорлық пен зорлықты құрсақта жатып-ақ сезінген сәбиіміз шетінеп кетті. Бірнеше айға созылған тергеу аяқталған соң, маған тоғыз бап бойынша кінә тағылып, ең жоғары жаза берілді. Менің ісімді қараған судья Өтеген Ихсанов «Үкім қайта қаралуға жатпайды, атылсын» деген үкім шығарады. Сол үкімнің орындалуын 345 күн күтіп жаттым.
– Өз ажалыңды сонша уақыт бойы күтіп жату адамға психологиялық тұрғыдан да оңай болмаса керек…
– Дұрыс айтасың. Ату жазасын бергенмен, үкімнің қай күні орындалатынын ешкім айтпайды. Мен жатқан түрмеде аптаның жексенбі күні ғана демалыс, қалған алты күннің кез келген уақытында алып кетуі мүмкін. Сондықтан, әрбір сыбдырға, есік құлпының дыбысына елеңдеп, уақыт өткізесің. Менің түрмедегі қожайындарым «ұлтшылсың» деп айыптайтын. Бұл жөнінде талай-талай таяқ жедім де. Өзім қазақ болсам, сөйте тұрып, ұлтымды сүймесем, менің хайуаннан қай жерім артық? Мәселен, түрмеге келгенде қол-аяғы балғадай, сап-сау қазақ жігіттері мұнда әп-сәтте қол-аяғынан айырылып, мүгедек болып шығып жатады. Соларды шырылдап қорғауға тура келеді. Маған қанмен берілген намысшылдық қасиетім қорған болды. Суық, сызды тас камераның еденінде іш киіміңнен басқа лыпа жоқ, қалшылдап, «ату жазасын» күтіп жатқанда, қақаған аязда «Өлім вагонында» қамап ұстағанда, дірілдеп қар үстінде жалаңаяқ айдап азап көрсеткенде де менің басымды төмен тұқыртпай, көкірегімді кере ұстауыма рухым, намысым көмектесті, ата бабамның рухы жебеді деп білемін. Талай азапты көрсем де тірі қалдым, ең бастысы адам болып қалдым деп ойлаймын.
– Қайрат Рысқұлбековпен бір камерада отырғаныңызды айтып қалдыңыз…
– «Өлім камерасында» ажалымды күтіп отырғанда екі айдан соң қасыма Қайрат Рысқұлбековті әкелді. Онымен екі айдан аса бір камерада отырдым. Екеуіміз бір-бірімізді жұбатып, күш беретінбіз. Ол тым жас еді ғой. Мені «Мырза аға!» деп арқа тұтатын. «Мырзағұлға қарап не дегенмен үміт шоғы лаулап жана бастағандай», «…Неғұрлым адамның рухы шырқау биік әрі берік болса, ол ешнәрсеге бой бермейді, ондай адамға өлім де бата алмайды» дейді ол хаттарында. Хат демекші, Қайратқа хат көп келетін, күніне 10-15 хат алады. Ай сайын кездесуге рұқсат береді. Ал маған не үйден келген хатты жеткізбейді, не кездесу бермейді, сыртқы әлеммен байланыстың бәрін шектеп тастады. «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек?!» деп ұлы Абайымыз айтқандай, марқұм інім Қайрат мендегі ұйықтап жатқан рухты, намысты оятты.
Көретін жарығым болған шығар, кейін менің жазамды 20 жылға ауыстырды. Жұбайым үш рет Мәскеуге барып, қоймай қуынып жүріп, ақыры 1988 жылдың 17 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Громыконың бұйрығымен 20 жылға түрмеге ауыстырады. Мен ол туралы білмеймін. Камераның есігі ашылып, «шық» дегенде, үкімнің орындалатын сәті келген екен деп ойладым. Сөйтсем, бір кабинетке әкеліп, қолыма бұйрықты беріп, қолыңды қой дегенде, қуанғаннан бойымды билей алмадым. Қолым дірілдеп, көзімнің алды тұманданып, қол қоюға дәрменім болмады. Одан кейін түрмеден түрмеге ауыстырды, 20 жылды 7 жылға азайтты, одан кейін қайта қарап, тағы 5 жыл қосты, оны соңынан тағы 7 жылға түсірді.
– Өкінішіңіз бар ма, аға?
– Қамшының сабындай ғана өткен ғұмырымдағы түрмеде болған жеті жыл, қазір ойлап отырсам, жеті ғасырға татитындай. Өмірімдегі басты өкінішім – менің босап шыққанымды анам Сұлуқас көрмей кетті. Бірақ босайтынымды естіпті. Түрмеде отырғанда кездесуге келгенде, аяғына жығылып кешірім сұрадым. Ұлының қайғысын көтере алмай, анам өмірден өтті. Сәбиім шетінеді, әке қамқорлығын көре алмай, бала жүрегіне ауыр салмақ түскен қызым жастайынан шыбығынан қиылды. Бес балам жетімдік көрді.
Талай сатқындықты көрдім.
– Желтоқсаншылардың басын қосып, ортақ іске жұмылдырып жүр екенсіз. Қоғамдық бірлестіктің жұмысы туралы әңгімелесеңіз.
– Алматы қаласындағы «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігін 2005 жылы құрдық. Бірлестік құрамында 80 шақты мүшеміз бар. Тараздағы филиалымызда 50-дей желтоқсандық тіркелген. Болашақта еліміздің басқа өңірлерінен де осындай филиал ашу ойымызда бар. Басқа да алға қойған мақсат-міндеттеріміз көп. Қоғам мүшелерінің әлеуметтік жағдайына қолдау білдіргіміз келеді. Әзірге қолымыз қысқалау болып жатыр. Алдағы жылы 15 жыл толмақ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздің газетіңіз арқылы бізге қолдау білдіріп, қала орталығынан жалға алған кеңсемізді жиһазбен жабдықтауға көмектесіп жатқан Алмалы ауданының әкіміне шынайы алғысымды айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет! Барлық жоспарыңыз орындалып, жарқын күндеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

 

Комментарий