Қоғам | Общество

Қыздар университетінде ұлт тарихы ұлықталды

«Ұлы дала түркі халықтарының ортақ мекені». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде халықаралық ғылыми конференция өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы басым бағыттарды іске асыру орайында ұйымдастырылған келелі кеңеске отандық және шетелдік ғалымдар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің жетекшілері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Қазақ тарихын, ұлттық салт-дәстүрлерді, тарихи-мәдени сабақтастықты дәріптеуді мақсат тұтқан басқосуды Қыздар университетінің Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры Нұрғали Аршабеков ашып, оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенованың конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Онлайн желісінде өткен жиында трих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Берекет Кәрібаев «Қазақ хандығы және қазақ хандары (XV-XVIII ғ. басы)» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақ хандығының құрылу, күшею, әлсіреу және қайта өрлеу кезеңдерін нақты деректерге сүйене отырып жеткізді.

– Қазақстан аумағындағы бірнеше мыңжылдық тарихи және мемлекеттіліктің дамудың кейінгі орта ғасырлардағы көрінісі болған Қазақ хандығының құрылуымен «қазақ» этносы да өмірге келді. Қазақ хандығы өзі өмір сүрген дәуірдің алғашқы кезеңдерінде этностың этникалық аумағын қалыптастырды және кейінгі кезеңдерде оны сақтай білді. Осы жолда мемлекеттің тізгінін ұстаған хандар өздерінің жеке бастарындағы ерекше қасиеттері мен қабілеттері арқасында әртүрлі қиыншылықтарға қарамастан қиыннан жол тауып, Қазақ елі мен халқын жаңа заманның табалдырығына дейін жеткізді, – деді өз сөзінде Берекет Кәрібаев.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Сайлан Абылай ханның әскери және мемлекеттік қызметінің басталуына тоқталса, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Әуезхан Шашаев «Ұлы даланың ұлы есімдері» мультимедиялық веб-порталын таныстырды.

Тарихшының пікірінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлттық тарихымызды зерттеуге зор серпін беріп отыр. Мәселен, археографиялық экспедиция Омбыдан үш жарым мыңнан астам тың деректі әкелген. 1934 жылы «құпия сақталсын» деп мөр басылған құжаттар қазақ елінің XVII-XIX ғасырдағы өмірінен және Абылай хан туралы мәлімет береді. Мультимедиялық порталға әзірге 100 тұлғаның есімі енгізіледі. Олардың арасында көпке үлгі болар қазақ қыздары да бар. Ақпарат қазақ, ағылшын және орыс тілінде жарияланады. Портал әуелі Тарих және этнология институтының сайтында болады. Кейін жеке портал болып ашылып, қазақ тарихында ерекше орны бар тұлғалар туралы деректермен толықтырылып тұрмақ.

Сондай-ақ конференция барысында «Вайнах» ассоциациясының төрағасы Абу-Касим Хажалиев, Моңғолия университетінің PhD докторанты Уругмыл және тарих ғылымдарының кандидаты Ердәулет Берлібаев сөз сөйлеп, қазақ тарихы туралы тың деректерімен бөлісті. Жиында әлем тарихының ортағасырлық кезеңіндегі саяси, тарихи, мәдени және географиялық бет-бейнесі де айшықталды.

Жиынның өтуіне ұйытқы болған Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы Жамал Әшірбекованың айтуынша, конференцияға келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ жарық көрмек.

Комментарий