Бас тақырып | Тема дняКОНКУРС ДЕТЕКТИВҚұқық | Право

Детективтік шығармалардың байқауы мәресіне жетті!

Жақында ғана 25 жылдық мерейтойын атап өткен “Заң” Медиа-корпорациясы” ЖШС қарасты “Заң газеті” мен “Юридическая газета” басылымдары еліміздің тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тағы бір айтулы шараны жүзеге асырды. Биыл құрылғанына 50 жыл толған Алматы қалалық сотының тікелей қолдауымен ұйымдастырылған “Детективтік шығармалар”  байқауы осымен екінші рет өтіп отыр.            

         Естеріңізде болса, өткен жылы  «Заң газеті» алғаш рет детективтік шығармаларға байқау жариялап, төрт айға созылған доданың жеңімпаздарына бір миллион теңгелік жүлде қоры үстірілген болатын.

Сондай-ақ, Алматы қалалық соты бірқатар қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етіп, игі бастамаға өз үлестерін қосқан-ды. Ал биылғы детектив жанрына жан бітіру мақсатында жарияланған байқаудың жалпы қоры былтырғыға қарағанда қомақты.

Нұрғазы Әбдіқанов жетекшілік еткен    Алматы қалалық сотының қолдауымен жүлде қоры биыл үш миллион теңгеге жетіп, сәйкесінше жүлдегерлердің саны да артқан. Өткен жылы төрт айға созылған байқау қоржына 72 шытырман оқиғалы шығарма келіп түссе, биыл бес айдың ішінде редакция қоржынына қазақ тілінде 43, орыс тілінде 16 шығарма келіп түсті.

      Жалпы, екінші мәрте өтіп отырған байқаудың алғашқы байқаудан тағы бір өзгешелігі Алматы қалалық сотының 50 жылдық, «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС-нің 25 жылдық мерейтойымен ұштасуы десек, бұл байқауға “Юридическая газета” оқырмандарының бақ сынауға мүмкіндік алуы да көпшілікті бір қуантып тастады.

Сонымен қатар, Алматы қалалық соты жалпы жүлде қорынан бөлек детектив жанрының атасы Кемел Тоқаев атындағы арнайы жүлде тағайындап, бұл атаулы жүлде Алматы қалалық сотының мұрағатынан алынған қылмыстық істер желісімен жазылған шығарма авторларының біріне берілуі де осы жолғы доданың ерекшілігіне жатқызуға болады.

Тағы бір айта кетерлігі, күрделі жанрдың дамуына өз үлестерін қосуға ниет білдірген шығарма авторларының арасынан қаламы жүйрік шытырман жазушыларды таңдау оңайға соқпады. Әділ қазылар алқасы қос басылымның бетінде жарық көрген әрбір туындымен күні бұрын танысып өз бағасын берсе, әлеуметтік желі қолданушылары да онлайн дауыс беру арқылы үздіктерді анықтауға атсалысты.

Сонымен, қаламы жүйріктердің қатарына бұл жолы кімдер ілінді екен? Жарты миллион теңгені қанжығасына байлаған кім? Екінші, үшінші орынды еншілегендер мен Кемел Тоқаев атындағы жүлдеге кімге бұйырды? Әділ қазылар алқасы ынталандыру сыйлығына кімдерді лайықты деп тапты? Осыған кезек берейік. Анау-мынау емес, детектив жанрының майталманы, жазушы Кемел Тоқаев атындағы жүлдеге алматылық Аяла Зейінқызының бәйгеге баптаған “Тек пен шек” атты шығармасы лайықты деп табылса, Жарас Кемелжан “Қанды сүттің дәмі”  атты тың туындысымен бірінші орынды иеленді.   

   Ал, екінші орынды Сансызбай Молдажанов “Сырға” деген шытырман шығармасы үшін алды. Айда Қожамамбетованың “Жұмбақ өлім” деп аталатын туындысы мен Қалмұрат Дәулетбаевтың «Ғажайып бестік» атты шытырманға толы шығармасы үшінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар, елу мың теңге ынталандыру сыйлықтары Райхан Ратова (“Пиғылы бұзық “періште”) мен Қуаныш Нұрданбек (“Жөргем”) иеленді.

Комментарий