Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Білім және ғылым министрлігі орта білімді дамыту үшін 18 триллион теңге сұрап отыр

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орта білім сапасын жақсарту үшін қанша қаржы қажет деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Аталған сұрақты сенатор Серік Бектұрғанов қойды.

“Ғылымсыз, ЖОО-сыз, арнайы мамандандырылған орта білімсіз әрі жергілік орындаушы органдардың бюджетін қоспағанда Қазақстан білім бюджетінің дефицит саны қандай болатынын атай аласыз ба? Азаматтардың мектепке дейінгі және орта білім сапасын қамтамасыз ету үшін білім саласына қанша ақша бөлу керек?”, – деп сұрады депутат.

Министрдің сөзінше, білім саласын қаржыландыру ЖІӨ-нің 5 пайызына жету керек.

“Жалақыға байланысты түсетін үлкен жүктемені ескермесек, білім саласындағы негізгі проблемаларды шешу үшін осының өзі жеткілікті болар еді. Үкімет басшысы осы тапсырманы міндеттеген болатын, Елбасы да айтқан. Білім саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жобасында тек материалды-техникалық базаны, құрылыс және басқа да жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін 2 триллион теңге қарастырылып отыр. Одан бөлек, жалақыны өсіруге байланысты өзге де мәселелер талқылануда”, – деді Асхат Аймағамбетов.

Білім министрі мектепке дейінгі оқытуды дамыту үшін 5 жылға арналған 500 миллиард теңге керек екенін атап өтті.

“ЖОО бойынша. Гранттардың орта бағасын көтеру үшін, тек мемлекеттік гранттың өзіне 5 жылға арналған 250 миллиард теңге керек. Ғылым туралы айтар болсақ, (…) ол 1 триллион теңгені талап етеді. Бұл жылғы шығындар ЖІӨ-нің 0,13 пайызын құрайды. Аталған сандар орасан екенін түсінемін, мемлекеттік бағдарламаға дайындық кезінде мәселенің көпшілігі бюджет мүмкіндігіне қарай шешілетінін ескергеніміз дұрыс”, – деді министр.

“Асхат Қанатұлы, тағы да бір сұрақ. Орта білімді стандарттауға қажетті сомманы атаңызшы. Басқа ештеңе керек емес. Жергілікті бюджетті қоса есептегенде қанша болады? Сіз барлық білім жүйесін қарастырып кеттіңіз ғой. Сізден нәтижені талап ету үшін білім саласына қаржыны қаншалық дұрыс бөлмей жатырмыз, соны түсінуіміз керек”, – деп нақтылады депутат.

“Бүгін бес жылға деп 18 триллион теңге сұрап отырмыз. Қазір есебімізде 12 триллион теңге”, – деп жауап берді Асхат Аймағамбетов.

Комментарий