Қоғам | Общество

“Жүйені түбірімен өзгерткім келеді”: Шымкенттік кәсіпкер колледждерді жекеменшікке беруді ұсынды

Шымкенттік кәсіпкер Болатбек Әлиев мемлекет меншігіндегі колледждерді кәсіпкерлердің қолына өткізуге ұсынды. Алма егумен айналысатын кәсіпкер ұсынысын Facebook желісіндегі жеке парақшасында жасаған, дегенмен оның пікірімен көпшілік келіспей, қарсы шықты. Қарсы тарап тіпті 90-ншы жылдардағыдай білім ошақтары жойылып кетеді деген қауіптерін де жасырмады.

«Мемлекеттік колледждерді мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі аясында сенімді басқаруға өткізу туралы сауал Үкімет пен әкімдік деңгейінде көтеріліп келеді. Бірден айтайын, мен мұны қолдаймын әрі осыған үміткерлердің бірімін. Бірақ бұдан маған және менің компанияма келетін экономикалық пайда жоқ. Жұмысты көп талап ететін және шығыны көп жоба. Одан бөлек, менің онсыз да аз уақытымның біраз бөлігін алайын деп тұр. Мен сияқты жеке кәсіпкерге бұл неліктен қызықты әрі маңызды? Кадр дайындаудағы қазіргі жүйені түбірімен өзгерткім келеді. Өйткені, кадр мәселесі мемлекет пен жұмыс берушінің талаптарына сай емес. Колледждер дайындайтын мамандардың деңгейі сын көтермейді. Жеке кәсібіміді кеңейтіп, кадр іздеген кезде мен де бұл мәселемен жиі кездесемін», – деп жазады Әлиев.

Сондай-ақ, бизнесмен мемлекеттік колледждердегі материалдық-техникалық базаның ескіргенін және  оқытушылар жалақасының төмендегенін тілге тиек еткен.

«Материалдық-техникалық база жаңармаған, оқытушылардың біліктілігі төмен. Менің кәсіпорнымдағы дәнекерлеушінің орташа жалақысы 150 мың, ал колледж оқытушыларының жалақысын 100 мың теңгеден кем. Осыдан соң басқаша болуы мүмкін бе? Мен бұл процеске кірісуге дайынмын және өз әріптестерімді де осы салаға бет бұруға шақырамын», – делінген Болатбек Әлиевтің жазбасында.

Facebook желісіндегі жазбаға пікір жазушылардың басым көпшілігі бизнесменнің бұл идеясының соңы құрдымға кетеді деп отыр. Ләззат Құсайынова есімді желі қолданушысы кәсіпкерлердің қолына өткен оқу орындарының студенттерінің қаңғып қалу қауіпін тілге тиек еткен.

«Мұның салдары Жоғарғы оқу орындары секілді болуы мүмкін. Алғашында жеке ЖОО құруға мүмкіндік берді де, меншік иелері бұған жаппай ақша салды. Бірнеше жылдан бері бұған үлкен ақша құйылды, ал қазіргі таңда жекеменшік ЖОО-лар жабылып жатыр. Осыдан соң студенттер қайда барады? Кәсіпкерлер ақшасы қалай өтеледі? Әзірге барлығы да бұл мәселе шешіледі деген оймен отыр. Бұл мәселе заң жүзінде іске аспайынша, асығуға болмайды»,  деп жазады ол.

Серік Шоңбаев есімді азамат: «Сенбеймін! Әдеттегідей колледжді «белгілі бір қолға» беріледі. Оны әлгілер тақырға отырғызып, сосын әкімдік ғимаратты өзінің белгілі бір шенділеріне тиынға сататын болады. Жақсы идея болғанымен мен біздің шенділерге сенбеймін», деп жазған.

Ал белгілі заңгер әрі блогер Айгүл Орынбек бұл бастамаға түбегейлі қарсы шықты.

«Таңдап отырған колледждеріңізді де біліп отырмын. Оңтүстікте облыс әкімнің орынбасары болып мемлекеттік қызметте жүрген кезде, оңтүстікке қандай пайдаңызды тигізгеніңізді қайдам, бірақ мемлекеттен миллиондап қаржы бөлінген колледждерді бизнесмендердің қолына беруге мен қарсымын! Сізді қайдам, қоғам белсендісі ретінде, аудан -ауданды аралап, ауыл халқының жағдайын білем! Әлеуметтік колледждерге отбасылық жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін оқитынын ескеруіміз керек! Бірақ сіздер сияқты бизнесмендерге тегін деген дүние жоқ шығар! Сіздер әрбір нәрседен ақша жасап қалудың жолын жасайсыздар деп ойлаймын! Кеше ғана мемлекеттік қызметкер, бүгінгі псевдобизнесмендер халықтың жағдайын емес, қалтасының жағдайын ойлатыны тағы бар! Егер мемлекетке шын жаныңыз ашса, оқу базасына миллиондап ақша құйылған ғимараттары бар, жағдайы жасалған колледждерді емес, ескіріп, құлдырап жойылуға шақ қалып тұрған, оқу орындарын өз сеніміңізге алып, ақша құйып істеңіз!
Шаруалар мен бизнесмендер білімге араласпай, өз жұмыстарын қатырып алғаны дұрыс. Студенттерге жұмыс беріп, маман дайындағыңыз келсе колледждермен келісім жұмыс істеуге болады. Өз қолыңызға басқаруды алғыңыз келіп отырғаныңызға қарағанда , басқа ой бар болуы әбден мүмкін. Бизнесмен ешқашан пайда түспейтін жерге көз тікпейді!», – деп жазды заңгер.

Комментарий