Судья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік тілде іс жүргізу сапасы артуда

Тәуелсіздік алып, өз алдымызға дербес ел болған соң республикамыздың бас құжатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігі нақтыланып, «Тіл туралы» заңмен мемлекеттік тіл мәртебесі бекітілді. Бірақ, тілдің қолданылу аясын кеңейту, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу сынды проблемалар алдан шықты. Нәтижесінде қазақ тілінің ресми және заңнамалық жағынан толық мойындалуы үшін мемлекет тарапынан түрлі шара қолға алынып, өмірге енді. Және олар өз нәтижесін беруде.

Жалпы алғанда мемлекеттік тіл аясын кеңейтуге қатысты мәселелер сот са-ласына да тән болды. Олқылықтарды жою үшін Жоғарғы Сот төрағасының «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі іске асыру туралы» өкімі шығып, Республика соттарындағы іс қағаздар мемлекеттік тілге көшті. Жүйелі жұмыстар арқасында бүгінде барлық сотта шығыс, кіріс және ішкі құжаттар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сондай-ақ, сот төрағаларының өкімдерімен мемлекеттік тілді қолдану, дамытумен айналысатын комиссиялар құрылып, нақты іс-шаралар мақсатты жүзеге асуда. Дейтұрғанмен, статистика қазақ тілінде қаралатын істер саны көңіл қуантпайтынын көрсетіп отыр. Бұл жайт, әрине, тікелей соттарға байланысты емес, олай дейтініміз, заң бойынша, іс сотқа қай тілде түссе, сол тілде қаралады. Мысалы, қазақ тіліндегі істер пайызының артуында адвокаттар мен тергеушілердің де рөлі үлкен. Бұған қоса қай салада болмасын мемлекеттік тіл мәртебесінің артып, өрісінің кеңуіне ең алдымен қарапайым азаматтардың өздері мүдделі болуы тиіс. Мұны айтып отырғанымыз, мемлекеттік тілдің мәртебесі жекелеген азаматтардан бастап, мемлекеттік органдар қызметкерлері, халық қалаулылары, жалпы ел халқының қолдауына тәуелді. Әсіресе, Елбасы айтқандай, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе» біраз мәселе оң шешімін табары анық.

Жоғарғы Сот бүгінде тіл қолданысы проблемаларына жіті назар аударып, мемлекеттік тіл мәртебесін көтерудің өзекті мәселелері ұдайы көтеріліп келеді. Әсіресе, соңғы уақыттарда сот төрелігін атқарудағы тіл қолданысы мәселесіне жіті көңіл бөлініп, пәрменді шаралар қолға алынуда. Оған еліміздің Жоғарғы Сотында «Сот жүйесінде мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбында өткен кеңес айғақ. ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажыманұлы сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру үшін тілге қатысты талап күн сайын қатаю керектігін айтып, сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіру қажеттігі жайлы үлкен бастама көтерді. Және ол үшін не істеу керектігін де нақтылап берді. Осы тұрғыда төрағаның «Тараптар әр уәжіне нақты және толық жауап алса, судья өз шешімін түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізе білсе, сонда ғана азаматтар сот шешімімен келісіп, жоғарыға шағым түспейтін болады» деген сөзі әр судьяға бағыт-бағдар іспетті. Төраға бұған қоса судьяларға билеріміздің шешендік өнерін жаңғыртуды ұсынды. Мемлекеттік тіл мәртебесін биіктетіп, қолданыс аясын кеңейтуде ҚР Жоғарғы Соты сот шешімдері мен үкімдерінің сапасына қойылатын талаптарды күшейтті. Яғни, осы мәселеге қатысты арнайы нормативтік қаулылар қабылдады. Сондықтан, судьялыққа үміткерлер мен судьялардың мемлекеттік тілді жетік білмеуі болашақта оларға мін болмақ.

Мемлекеттік тілдегі сот актілеріне тұрақты мониторинг жүргізілетінін де айта кеткен жөн. Ел соты тіл заңдылықтарының сақталуына кепілдік беріп қана қоймай, мемлекеттік тілде іс жүргізуді сапалық белеске көтеруге бағыт алып отыр. Оған барша сот қызметкерлері белсенді атсалысары хақ және Халық батыры Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзін жас ұрпақ ұдайы бағдар етсе, онда діттеген межеге жетеміз. Ойымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтқан сөзімен түйіндесек, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді».

Айдос Байғалиев,

Талғар аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

Комментарий