Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

«ӨЗІМ» ДЕП КЕЛГЕНДЕРДІ ӨЗЕККЕ ТЕПКЕН КІМ?

«Заң» республикалық қоғамдық-саяси, құқықтық газетінің 3-желтоқсан күнгі санында тілші Ерлік Ержанұлының «Өзім» деп келгендерді өзекке тепкеніміз қалай?!» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқимын деп құжатын өткізгенімен, оның нәтижесіне қатысты әлі күнге дейін бір жауабын ала алмай жүрген 70 өзбекстандық азаматтың мәселесі айтылған болатын. Осыған орай Қыздар университетінің ресми өкілі Жандар Асан түсініктеме берді.

2016 жылдан бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің сенімхаты негізінде Өзбекстандағы республикалық Қазақ мәдени орталығы төрағасының білім және жастар ісі жөніндегі орынбасары Клара Садырбаева Өзбекстан Республикасындағы мектеп және колледж бітірушілерін оқу орнына тарту мақсатында бірлесіп жұмыс атқарып келеді.

Қыздар университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімінің басшысы Әсел Алшынованың айтуынша, биылғы жылы педагогикалық оқу орнына түсуге ниетті 174 талапкердің құжатын Клара Садырбаеваның Алматыдағы М. Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникация академиясындағы жұмыс орнында қабылданып алынған.

– Аталған құжаттар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қайта іріктеуден өтіп, нәтижесінде оқу орнына мамандығы бойынша сәйкес келетін 34 талапкердің құжаты ғана қабылданды. Оның төртеуі күндізгі, 28-і колледжден кейінгі қашықтықтан оқуға қабылданды. Ал мамандығы бойынша сәйкес келмеген 39 талапкердің құжаты биылғы жылдың 9-қыркүйек күні қабылдап-тапсыру актісі бойынша Клара Садырбаеваға өткізілген. Бір бұл ғана емес, Қыздар университетіне мамандығы сәйкес келмеген өзге 111 талапкердің де құжаты да 24 қазан күні қабылдап-тапсыру актісі бойынша К. Садырбаеваға қайтарылып беріледі. Оның ішінде мақалаға негізгі арқау болған 70 өзбекстандық талапкердің де құжаты бар. Құжаттарды қабылдап алу кезінде Клара Садырбаева мен оның қарамағында жұмыс істейтін қызметкері болған. Нәтижесінде К. Садырбаева мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Смольный институтының өкілдігі болып табылатын «KazRosEducation» ЖШС директоры Арнұр Нұрқасым сөйлесіп, өзара келісім жасалған, – дейді Әсел Алшынова.

Сонымен қатар келісімде аталған 70 азамат 1 семестрден кейін өзге жоғары оқу орнына ауысу туралы айтылған. Оны айғақтайтын дәлелдер бар. Мәселенің ұзын-ырғасы осы.

Осы орайда ерекше атап өтетін жайт, Өзбекстаннан келген азаматтардың оқуға қатысты қандай да бір мәселесі Қазақ мәдени орталығы төрағасының білім және жастар ісі жөніндегі орынбасары Клара Садырбаева арқылы жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығымен 2022 жылға дейін шетелдік студенттер санын 50 мыңға дейін арттыру көзделген болатын. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда. Оқу орнының ұйытқы болуымен шетелде тұратын қазақ диаспорасының ерекше дарынды балаларын анықтау және оларға қолдау көрсету бағытында Ыбырай Алтынсарин атындағы Халықаралық олимпиада өткізіліп, білім көрмелеріне тұрақты қатысып келеді. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылатын білім көрмелерінде шетелдік қандастарға қарашаңырақ Қыздар университеті туралы жан-жақты ақпарат беріледі.

– Қазақстандық жоғары білім берудің көшбасшысы саналатын оқу орнында білім алғысы келетін шетелдік азаматтар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Басты мақсатымыз – Білім және ғылым министрлігінің елімізді Орталық Азиядағы білім хабына айналдыру туралы міндетіне өз үлесімізді қосу. Бүгінде отандық жоғары білікті педагог мамандар даярланатын білім ордасында Өзбекстан, Қытай, Моңғолия азаматтары оқиды, – деп атап өтті Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.

Комментарий