Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Бек Әметов: «Басты міндет – сот төрелігінің сапасын арттыру»

–        Бек Әметұлы, 2018 жылдың басында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап, алдағы уақытта орындалар мақсат ретінде белгілеп берген болатын. Атап айтар болсақ, «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» секілді жеті топқа біріктірілген мақсатты жұмыстар бүгінде сот саласының дамуына жұмыс істеуде. Батыс Қазақстан облысында аталмыш жобаның жүзеге асырылу барысы қандай деңгейде?

 «Сот төрелігінің 7 түйіні» жобасының басты мақсаты елімізде сот төрелігінің әділдігін, оның жауапкершілігі мен тәуелсіздігін, сот шешімдерінің сапасының жоғары болуын, судьялардың біліктілігін арттыру арқылы еліміздегі сот жүйесін дамыту, сөйтіп, құқық үстемдігін қамтамасыз ету болып табылады. Жеті жоба 2020 жылға дейінгі сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының негізін құрамақ. Судьялардан, адвокаттардан, сот қызметкерлерінен, заңгерлік қауымдастықтардан келіп түскен мыңнан астам ұсыныстың негізінде даярланған, оларды қорыту нәтижесінде анықталған «7 түйіннің» негізінде бүгінде қыруар жұмыс атқарылып жатыр.

Жоба бойынша бірінші міндет – «Мінсіз судья». Халық сенімі мен құрметіне ие болуда сот саласы судьяның жұмысына тікелей тәуелді. Яғни, сот жүйесінің беделі судьялардың әділ төрелігімен өлшенеді. Осыған орай қазіргі таңда судьялар мен үміткерлерге қойылатын талап күшейтілуде.

Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судья мәртебесі» туралы Конституциялық Заңға үміткерлерді іріктеу мен кадрларды күшейту жөнінде өзгертулер енгізілді. 2019 жылдың 21 ақпанында енгізілген өзгерістерге сәйкес, жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметі Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияда бағаланады.

Сонымен қатар Конституциялық Заңның 29-бабы бойынша судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптарғада өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес, аудандық соттың судьясы болып 30 жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жоғары моральдық-адамгершілік қасиет пен мінсіз абыройға ие, құқық саласында бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар, кәсіби біліктілік сынағын тапсырған, медициналық тексеруден өткен және судьяның кәсіби міндеттерін атқаруға кедергі болатын сырқаттарының жоқтығын дәлелдеген, сотта ақылы тағылымдамадан өтіп, оның қорытындысы бойынша пленарлық отырыстың оң қорытындысын алған, ҚР «Қазақстан Республикасындағы Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңында қарастырылған жағдайлар бойынша полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

Конституциялық Заң сондай-ақ аудандық соттың төрағасы мен судьясы лауазымына жарияланған байқау қатысушыларынан Соттармен өзара қарым-қатынас бойынша Қоғамдық кеңестің қорытындысын да талап етеді.

Батыс Қазақстан облыстық соты Соттармен өзара қарым-қатынас бойынша Қоғамдық кеңеспен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Судьялыққа үміткерлер бос орынға арыз берген кезде жан-жақты іріктеледі, бұқаралық ақпарат құралдарына олар жөнінде мәліметтер жарияланады. Үміткердің кәсіби дайындығына, сонымен қатар оның жеке басына, қоғамдағы мінез-құлқына, моральдық орнықтылығына, өз ойын жеткізу қабілетіне аса мән беріледі.

Екінші басымдық «Үлгілі сот» қалыптастыру, жұмысты оңтайлы ұйымдастыру, қызмет көрсету сапасын арттыру, сот персоналы, материалдық-­техникалық қамсыздандыру, жүктеме, ресурстарды тиімді пайдала­нумен тығыз байланысты.

Халыққа сапалы құқықтық қызмет көрсету үшін соттарды замануи ғимараттармен қамтамасыз етуіміз қажет. Өкінішке орай кейбір аудандардың соттары бейімделген ғимараттарда орналасқанын жасыра алмаймыз. Алайда Жоғарғы Сот тарапынан бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, қазіргі таңда Тасқала аудандық соты ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан пайдалауға берілді. Орал қаласының №2 соты мен Бәйтерек ауданының №2 сотының ғимараттарында ағымдағы жөндеу жұмыстары өткізілді. Сондай-ақ Қаратөбе аудандық соты ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Орал қаласының №2 соты, Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты, Бөрлі аудандық соты мен Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ғимараттарында пайдаланушыларға көрсетілетін сот қызметтерінің сапасын жақсарту мақсатында фронт-кеңселер ашылып, өз қызметтерін жүзеге асыруда.

Үшінші міндет «Әділ процесс» аясында сот практикасының әділдігі мен объективтілігіне қоғамның қанағаттанбау негізділігін талдау және себебін анықтау, халықтың сот төрелігін нақты бағалау механизмін  дайындау, сыбайлас жемқорлық құбылыстарының алдын алу және судьялар этикасы нормаларын сақтау мақсатында судьялар қызметін бағалау үшін облыстық соттың бастамасымен әр сот процесінен кейін тараптарға қысқаша сауалнаманың сұрақтарына жауап беру ұсынылуда.

Азаматтарға ыңғайлы уақытта, тиімді әкімшілік сот өндірісіне құқығын қамтамасыз ететін «Түнгі сот» пилоттық жобасы бойынша облыс соттары 2019 жылдың 11 айында 649 әкімшілік құқық бұзушылық істі қарап, оның ішінде 83 іс медиация тәртібімен аяқталған. Сот процестерін оңтайландыру арқылы судьялардың жүктемелері азайып, күрделі істерді зерделеу уақыты артты.

Өткен жылмен салыстырсақ, бұйрық шығарумен аяқталған азаматтық істердің саны өсіп, шешім қабылдаумен аяқталған істер азайып отыр.

Сот актілерінің түсінікті жазылуы мен олардың орындалуы – өзектілігін жоймайтын мәселе. «Сапалы нәтиже» жобасы аясында Жоғарғы Сот «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, азаматтарға түсінікті болу үшін сот актілерінің жаңа типтік нысанын дайындап бекітті. Қазіргі таңда судьялар сот шешімін жариялаған соң, тараптарға не себептен нақ осындай шешім қабылданғанын түсіндіреді. Бұл процесске қатысушылардың сот актісімен келіспеушілігін азайтады.

 

  • Қазір заман талабына сай қоғамның барлық саласында цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны мәлім. Мұндай жаңалықтан заң саласының да тысқары қалмайтыны анық. Осы орайда батысқазақстандықтар сот жүйесіндегі цифрландырудың қандай игілігін көріп жатыр?

 

-«Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының маңызды бір бағыты – «Е-СОТ» немесе смарт-сот шеңберінде халық пен сот қызмет­керлерінің ІТ­ қызметтерін жүз пайыз пайдалануына жағдай туғызылмақ. Бұл жоба негізінде сот саласында электронды жүйелерді қолданып, қағаз айналымын барынша азайту мақсат етіліп отыр.

2019 жылдың 11 айында «Сот кабинеті» сервисі арқылы облыс соттарына 17 749 талап арыз, 849 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, 14 879 әкімшілік істер мен материалдар түсті. Яғни, соттарға түскен барлық талап арыздар мен өтініштер, әкімшілік материалдар мен шағымдардың 100 пайызға жуығы «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолданған.

Облыс бойынша бүгінгі таңда 67 сот мәжілісінің залдары 100% дыбыс және бейне жазу жүйесімен жабдықталған.

2019 жылдың 11 айында  58 312 сот отырысы тағайындалды, оның ішінде аудио-, бейнежазу жүйесімен 47 443 сот отырысы өткізіліп, 99,91% құрады. Аталған жүйе соттарды «Тараптардың жауаптары толық көрсетілмеді, хаттама толық жазылмаған» деген сияқты шағымдардан біржола құтқарды деп айтуға болады.

Тараптардың сотқа келмей-ақ процеске қатысу мүмкіндігі де жүзеге асырылуда. Азаматтардың үйінен, жұмыс орнынан немесе шетелде жүріп-ақ сот мәжілісіне гаджет арқылы қатысумен қаралған істер саны өсуде. Бейнебайланыс жүйесіне арналған қондырғылар барлық қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріне орнатылып, толық жұмыс жасап тұрғандығын айтқым келеді.

Жыл басынан бері бейнебайланыс режимінде өткізілген 1441 сот отырысының 173-і аймақтық соттардың, 884-і қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) мекемелерінің үлесінде. Ал 384 сот отырысы TrueConf мобильді нұсқасы арқылы өткізілді. Бұл сот процесіне қатысушылардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге бағытталған, сондай-ақ белгілі бір себептермен сот отырысына жете алмай қалған жандар үшін зор мүмкіндік болып табылады

Аудандық және оған теңестірілген соттарда «Виртуалды сот» жобасы іске асырылды. Ағымдағы жылдың 11 айында Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мен Орал қалалық полиция бөлімі арасында бейнебайланыс жүйесі арқылы 65 әкімшілік істі, қылмысты атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД)  мекемелері 2 істі және жергілікті соттар арасында 1 іс каралды. Осы мерзім ішінде Орал қаласының тергеу соты Орал қаласының ІІО ұснған 117 материалды және ҚАЖД мекемесінен 59 істі қарады.

Электрондық қылмыстық істер туралы айтар болсам, 2019 жылдың 11 айында  Батыс Қазақстан облысының соттарында 646  іс қағазы электронды түрде тіркеліп, оның 638-і электронды түрде каралған. Қалған 7 іс әлі аяқталмаған, сондай-ақ 135 электрондық санкция тіркеліп қаралған. Жазбаша түрде 1-ақ іс қаралған.

Салыстырмалы түрде алатын болсақ, өткен жылы тіркелген 436 істің 429-ы электронды, ал 7 іс жазбаша түрде қаралған.

 

  • Елімізде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының бастамасымен медиация институтын дамытудың кешенді шаралары қолға алынып келеді. Алайда татуластыру шараларының мән-маңызын түсінбей, ортақ шешімге келуден қашқақтайтындар да аз емес. Батыс Қазақстан облысында татуластыру шаралары қалай жүзеге асырылуда?

 

Батыс Қазақстан облысының соттары ағымдағы жылдың 11 айында 18 308 азаматтық істі қарап, оның 1589-ы татуластыру рәсімдерімен аяқталды. Оның ішінде 147 істе тараптар бітімгершілікке келді, 1426 іс медиация тәртібімен қаралды, 16 іс партисипативтік рәсім тәртібімен шешілді. Бұдан басқа қаралған 14 172 әкімшілік істің 1123-і Медиация заңын қолдану арқылы қысқартылды. Қылмыстық істер бойынша аяқталған 1404 істің 201-і медиация тәртібімен қаралған.

Жалпы, облыс бойынша аталған мерзім ішінде 33 884 азаматтық, әкімшілік, қылмыстық іс қаралып, оның 2913-інде медиация арқылы татуластыру рәсімдері жасалды.

Бұл мәселеге «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» деп аталатын жетінші жобасында да назар аударылған. Дауласушы тараптарды татуластыру – барлық жаққа да тиімді әрі қажетті. Бұл бағытта көптеген шаралар ұйымдастырылуда, облыс бойынша аудандар мен ауылдық округтерде медиация кабинеттері және 10 ауданда татуласу орталығы ашылды. Қазіргі уақытта дауларды сотқа дейін медиативтік келісіммен шешу аясы кеңейіп келеді.

Орал қаласының №2 сотында азаматтық істерді қарайтын бітімгер судья ретінде осы соттың судьясы А.М.Нургалиев, Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Н.К.Сейдахметова бекітілді. Жыл басынан бері аталғанекі сотта 1039 азаматтық іс қаралып, оның 481-і татуластыру рәсімдерімен аяқталды.

«Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жылдың 28 тамызында Батыс Қазақстан облыстық сотының қолдауымен БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы мен БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-мен бірлесіп Соттан тыс татуласу орталығы ашылды. Татуласу орталығы ашылғалы 105 азаматтан өтініш қабылданып, оның 25-і медиациялық келісім жасады. Мұндай орталықтар облыстың Ақжайық, Бөкейорда, Тасқала, Жәнібек, Бәйтерек, Қазталов, Жалпақтал, Шыңғырлау, Қаратөбе, Теректі ауылдарында да ашылды.

Сонымен қатар 2019 жылдың 25 қарашасында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде және Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде медиация кабинеттері ашылды. Татуласу кабинеттері негізінен студенттік қауымдастыққа бағытталған, себебі жастар арасындағы қақтығыстар жиі болып тұрады және оны өзара шешу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан бұл жерде студенттерге тегін заң көмегі, медиативтік процедуралар мен қажетті нормативтік-құқықтық әдебиеттер ұсынылады.

 

  • Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әртүрлі деңгейдегі әкімдер мен сала басшыларына әлеуметтік желі арқылы халықпен қоян-қолтық араласуды міндеттегені белгілі. БҚО сотының Төрағасы ретінде әлеуметтік желіде белсендісіз бе? Бұл сіздің жұмысыңызға бөгет болмай ма?

-Менің Facebook әлеуметтік желісінде аккаунтым бар. Жеке парақшамда мен облыс соттарының атқарып жатқан жұмысы туралы ақпараттарды, сот жүйесіндегі реформалар мен жаңалықтар жайында жиі жариялап отырамын. Бұдан басқа желі пайдаланушыларының қойған сауалдарына да жауап беруге тырысамын.

Кейінгі кезде әлеуметтік желінің біздің күнделікті өміріміздің, қоғамның ажырамас бөлігіне айналғандығын мойындауымыз қажет. Судья да қоғамның толық құқылы мүшесі ретінде заман ағымымен бірге адымдап, жаңалықтардың ортасында болуы тиіс деп есептеймін. Сондықтан қат-қабат негізгі жұмысымның арасынан уақыт тауып, әлеуметтік желіге кіріп тұруға тырысамын. Өйткені желі дегеніміз – қоғамның, халықтың және биліктің арасындағы «алтын көпір». Алайда мұны асыра пайдалануға болмайды. Өйткені БАҚ өкілдерімен жұмыс жөніндегі бөлім бар, жауапты мамандар бар, жұртшылықпен байланыс жасайтын судьялар бар. Сондықтан әркім өзіне жүктелген жұмыспен айналысқаны дұрыс деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, облыстық соттың Facebook, Instagram, Telegram және Youtube сынды әлеуметтік желілерде ашылған ресми парақшалары арқылы өңірдің сот жүйесіндегі жаңалықтары кеңінен таратылып, азаматтардың сын-пікірлеріне және сұрақтарына жауап беріліп тұрады.

«Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының «Оңтайлы орта» жобасы да қоғам мен соттар арасында тиімді қарым-­қатынасты орнатуға арналған. Сот жүйесінің ел алдындағы шынайы бет пердесін қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Осыған байланысты облыс соттары жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде.

 

-Батыс Қазақстан облысы – табиғат байлықтарына, оларды өндіретін, өңдейтін ірі кәсіпорындарға бай өлке.  Еңбек даулары жиі болып тұра ма және олар қалай шешілуде?

 

Өңірімізде еңбек дауларына қатысты кикілжіңдер аса көп емес деп сенімді түрде айта аламын. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс көлемінде құрамында 250-ден артық жұмысшысы бар 82 ірі кәсіпорын бар. Оларда жалпы саны 56 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кәсіпорындарда еңбек заңнамасында көрсетілген жұмысшылар құқығы мен еңбекті қорғау талаптары сақталған.

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысының соттарына еңбек дауына байланысты 248 азаматтық іске қатысты шағым түскен. Бұл көрсеткіш республика бойынша осы санаттағы істердің  3,8% құрайды. Өткен жылы 275 шағым түсіпті. Көріп тұрғаныңыздай, еңбек дауларының саны азайған. Түскен арыз-шағымдардың 203-і аяқталып, 98 шешім шыққан, ал татуласу тәртібімен 64 шешім шығарылған. Жұмыс беруші мен қызметкерлердің арасын медиация арқылы татуластырудың мүмкіндігі зор деген ойдамын.

 

  • Сапалы өзгерістерге қол жеткізу өз кезегінде халықтың сот төрелігіне сенімін арттырудың бірден-бір шарты болып табылады. Сот жүйесінде сапалы өзгерістерге қол жеткізу үшін қандай кешенді шаралар қажет? Облыстық сот төрағасы ретіндегі өзіңіздің пікіріңізді білсек.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты басшылығы  тарапынан:

  • Сот жүктемесін азайту, судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, судьялар корпусына іріктеуді жетілдіру, сот жұмысына жаңа форматтарды енгізу, электронды сот төрелігін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұлардың барлығы сот төрелігінің тиімділігін арттыра түсті.

Ең басты міндет – сот төрелігінің сапасын арттыру арқылы халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайту. Бұл жұмыс басым екі бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады: заңнаманы және сот тәжірибесін өзгерту. Заңнаманы өзгерту бойынша былтырғы жылы қолға алынған маңызды бастамалар жалғасын табады.

Осы орайда, алға қойылатын бірінші міндет – соттардағы айыптау бағытын азайту. Ол үшін біз қылмыстық процестің бірнеше маңызды мәселесін шешуіміз қажет. Бұл мәселелердің барлығы қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп талқылануда. Сонымен қатар алқабилер құрамымен қаралатын істер санаттарының аясын кеңейтуіміз қажет. Бұл бағытта аса ауыр қылмыс санаттары бойынша бірқатар қылмыс құрамдарын алқабилердің құрамының қарауына беру көзделуде.

Екінші міндеткассацияға қолжетімділікті кеңейту. Бұл мақсатта шағымды кассациялық тәртіппен қарауға беру мәселесін жалғыз бір судья емес, үш судьядан тұратын алқаның қарауына беріп, ал істі кассациялық тәртіппен қарайтын алқаның құрамын бес судьяға дейін көбейту мүмкіндігі қарастырылуда.

Үшінші міндетсот процедураларын оңайлату. Азаматтық процес саласында судьяның іс бойынша уәкілеттігі аясын кеңейту көзделуде. Азаматтық-процестік заңнамада істі қарап жатқан судьяның іс бойынша барлық мән-жайларды толық анықтап, дауды тиімді шешу үшін кедергі келтіретін нормаларды өзгерту қажет. Қазіргі уақытта судьяларға жиі айтылатын сындардың бірі – істің мән-жайын неге толық зерттемеді деген сауал. Алайда қазіргі жағдайда заңнаманың талаптарына сәйкес судьяның қолы байлаулы деседе болады, ол өзінің бастамасымен іс бойынша қосымша мән-жайларды анықтауға құқығы жоқ, ол тек тараптардың мәлімдеген өтініштері және олардың ұсынған дәлелдемелері шеңберінде ғана істі зерттеуі тиіс. Ал қарапайым адамдар бұл ерекшеліктерді білмейді. Сол себепті азаматтық-процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда.

Төртінші міндет – татуласу рәсімдерін одан әрі дамыту. Бұл бағытта «Бітімгер судья» жобасы өз тиімділігін көрсетті, алайда кейбір заңнамалық тұрғыдан проблемалық мәселелер бар. Осы орайда «Бітімгер судья» жобасының аясын кеңейтіп, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу, қоғамдағы дауласушылық деңгейін төмендету бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру, дауласушы тараптарға дауды өзара татуласумен шешу үшін заңнамалық тұрғыдан барлық жағдай жасау қажет. Сонымен қатар сотқа дейінгі дауды реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыру, ынталандыру мәселелерін қарастыру.

Алға қойылып отырған бесінші міндет – әкімшілік соттардағы құқық қорғауды күшейту. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің көптеген баптары бойынша көзделген жаза қылмыстық жазадан да ауыр болып жататын жағдайлар кездеседі. Әкімшілік соттарда жүктеменің көптігінен істер аз уақыттың ішінде толық және жан-жақты зерттелместен қарау фактілері орын алып жатады. Бұл жағдайды жақсарту мақсатында кешенді шаралар дайындалуда.

Алтыншы міндетсот актілерінің сапасын көтеру. Ол үшін барлық сатыдағы соттардың сот актілерінің мониторингі жүргізу жоспарлануда, судьялардың тәуелсіздігін сақтай отырып, олардың жауапкершілігін қатаңдату мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар судьялардың біліктілік деңгейін арттыру бойынша тиісті шараларды жүзеге асыру, соның ішінде қажетті мамандарды тарту арқылы тренингтер, арнайы курстар және т.б. оқыту шаралары жоспарлануда.

Жетінші және басты міндеттердің бірісоттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Ол үшін арнайы құқық қорғау органдарымен соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын ала анықтаудың мехинизмдерін дайындау мәселелері талқыланып, судьялардың әрекетіне келтірілген шағымдарды қарау  орталықтандырылатын болады.

  • Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Айгүл Ахметова

«Заң газеті»

 

 

Комментарий