Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

30 әріптен көп: Қазақ тіліндегі ең ұзын сөздер аталды

Қазақ тілі – түркі тілдері ішіндегі сөздік қоры ең үлкен тіл ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең таза тілдердің бірі. Дегенмен қастерлі мұрамыз тіліміздің қадір-қасиетіне қаншалықты мән беріп жүрміз, сөз құрамы мен сөздік қорында кездесетін түрлі сөздерге қаншалықты зер саламыз? Тілімізде кездесетін ең ұзақ сөздердің қолданылу аясы қандай? Stan.kz тілішісі анықтап көрді.

“Қазақ тілі сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл”, – осы бір сөйлеммен Бауыржан Момышұлы тіліміздің болмысын айшықтап тұрғандай. Stan.kz тілшісі тілдік қорымызды байытып, күнделікті ауызекі тілде пайдаланбаса да, ең ұзақ болып саналатын қазақ тіліндегі сөздерді іздеді.

Тіліміздегі кездесетін ең ұзақ сөздің көшін “қанағаттандыралмағандықтарыңыздан” деген 33 әріптен тұратын сөз бастап тұр. Бір сөзге осынша жұрнақ жалғаудың, бірінен кейін бірін жамап жалғастыра беру қаншалықты дұрыс деп профессор, ф.ғ.д., тіл маманы Анар Салқынбайдан сұрап едік.

“Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, сөз құрамы күрделі болып, грамматикалық тұлғалар мен сөзжасамдық жұрнақтар бірінен кейін бірі жалғанатыны – заңдылық.

Қанағаттандырылмағандықтарыңыздан – қазақ тілінде ең ұзақ сөз ретінде танылатыны рас. Алайда, әлемдік тілдерде ең ұзақ сөздер көптеп саналады. Мәселен, ағылшын тілінде құрамы күрделі, мағынасы бір ұғымды білдіретін, жазылғанда екі бетке жететін бір сөз бар. Ол 1909 әріптен тұрады. Ол сөз ағылшын тілінің өзінің сөздіктерінің бәрінің соңында беріледі. Сондықтан, қазақ сөзі ұзақ деп ойлаудан, жазудан шаршау орынсыз.

Қазіргі әлеуметтік желілерде қазақ сөздерін қысқартып жазу жиі кездесіп жүр. «Сәлем» – «слм» сияқты тұлғаға ие боп барады. Сөзді қалай болса солай қысқартып жаза салу қазақ тіліне қазақтың өз тарапынан жасалып жатқан қатер ме деп қорқамын. Себебі жазылған таңба солай оқылады да, бірте-бірте лебізімізге сіңіп кетуі мүмкін. Осыдан сақтансақ”, – деген профессор сақтану керек жайттың барын ескерте өтті.

Назарларыңызға қазақ тілінде кездесетін ұзақ сөздердің бір қатарын ұсынамыз:

– Жатақханаларымыздағыларданбысыздар;

– Залалсыздандырылмағандықтарыңыздан;

– Насихаттағандықтарыңызбен;

– Шаңырақтағыларыңыздың;

– Шапағаттандырылмағандықтарыңыздан;

– Шапалақтамағандықтарыңыздан;

– Жауалдырмаңыздаршы;

– Елемегендіктеріңізден;

– Жұмыстарыңыздардағыларданбысыңыздар?;

Комментарий