Судья мінбері | Судебная система

Өткеніміздің жаңғыруы өркениетке жол ашты

Билер соты дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан билік институтының құқықтық нормаларды реттеудегі озық үлгісі. Демек, оларды жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу бүгінгілер міндеті.

Тарихтан білетініміздей, Қазақ билер соты адамды жазалаудан гөрі, керісінше, ойландыру, ар-ұятын ояту арқылы қатарға қосу принципін ұстанды. Себебі, билер қашанда даулы мәселелерге өш алу, есе қайтару мақсатында емес, гуманистік құндылықтар аясында ел тыныштығын, ағайын татулығын сақтау тұрғысында қарады. Төле би бабамыздың “Саяқ жүрген таяқ жейді” немесе “Ынтымағы, бірлігі мықты елді дау да, жау да алмайды”-деп, қазақты қашан да бірлікке үндеп отыруы да осының дәлелі. Одан беріге келсек, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы: “Билік туралы қазақтың ескі жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар. Ол ескі жолдың көбі осы күнгі өмірге қолайлы. Соларды тексеріп, қолайлысын алып, осы күнгі өмірге келісімсізін түзеп, бір жоба жол қылып жазса, қазаққа сонан қолайлы жол болмас еді”,-деп 1914 жылы жазды. Ақын айтқан ескі жолдың бірі бітімгершілік десек, бұл билер институтының басты құндылығы.

Бұл мәселеге тоқталып отырғанымыз, осынау құндылық ел заңдарына қайта оралып, “Медиация туралы” заң қабылданды. Медиация институтының жаңғыртылуы тараптардың дауды сотсыз өзара шешуіне жол ашты. Осылайша, елімізде медиацияны дамытудың түрлі тәсілі қолға алынды. Ел соттары даудың бейбіт жолмен реттелуіне жоғары деңгейде атсалысты. Осы тұрғыда айта кетерлігі, Жоғарғы Сот төрағасы арнайы үндеу жариялап, онда жұртшылықты екі ауыз сөзбен ердің тағдырын шешкен ата-бабалар дәстүрімен бәтуалы бітімге жол іздеуге шақырды. Әрі қатулықтан гөрі татулыққа талпынудың тиімділігін жан-жақты саралап берді. Жоғарғы Соттың Кәсіподақтар федерациясымен жасалған меморандумы аясында еліміздің барлық өңірінде татуласу орталықтары ашылды. Мұндай орталықтарға біріккен медиаторлар, психологтар, заңгерлер, ақсақалдар жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстық істермен қоса жеке меншік мүлікке зиян келтіру, ажырасу, ортақ мүлікті бөлу, еңбек, т.б. даулы мәселелерде азаматтардың татуласу арқылы өз тағдырларына байланысты шешімдерді өздері қабылдай алатынына көздерін жеткізді. Қазіргі таңда халыққа кешенді көмек көрсетілуде. Азаматтар дауды соттан тыс келіссөздер жүргізу арқылы да шешуге болатынын түсіне бастады. Бітімгерлік рәсімдерді өзекті ету үшін Жоғарғы Сотта бірнеше жоба, атап айтқанда, «Түнгі сот», «Отбасылық сот» қолға алынды. Соттарда медиатор судьялардың іске кірісуі де медиация институтын одан әрі тартымды ете түсті.

Билер сотының негізгі принциптерінің бірі – қолжетімділік, ашықтық әрі шешімді созбалаңға салмай, заң шеңберінде шешім қабылдау болса, осы қағидаттар зайырлы мемлекетіміз сот жүйесінің азаматтар құқығы мен бостандығын қорғаудағы басты ұстанымына айналды. Қазақ билер сотынан бастау алған осы үрдіс бүгінде әлемдік трендке айналды. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, дауды шешуде басымдық негізінен тараптардың

өздеріне беріледі. Медиацияның қоғам үшін пайдалылығының басты ерекшелігін тараптардық қаржылық шығынға ұшырамай, уақыттарын үнемдеп, өзара достық қарым-қатынасты сақтап қалуымен байланыстыруға болады. Қоғамдағы дау түйінен шешуге нотариустар мен адвокаттардың белсенді араласуы заңдық тұрғыда шешілді. Өз кезегінде бұл заңдылық медиацияның қолданылу аясын кеңітті.

Қоғамымызға медиацияны дендеп енгізу соттардың жүктемесін азайтып қана қоймай, құқықтық мәдениет пен құқықтық сананың күшеюіне айтарлықтай ықпал етті. Сот жүйесі мемлекеттік биліктің үш тармағының бірі болғандықтан, Қазақ елінің өткені де, бүгіні де, ертеңі де билер сотымен тікелей байланысты. Өткеніміздің оралып, өшкеніміздің жаңғыруы өркениетке жеткізері талассыз.

Қарлығаш Сарсенова,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий