Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Қазақстанда 2020 жылы әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы артады

Алдағы үш жылда әлеуметтік қызметкерлерге үстеме ақы төлеуге бюджеттен 25,1 миллиард теңге бөлінеді.

Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 2020 жылдан бастап өседі. Бұл туралы Алматыға жұмыс сапары кезінде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Today.kz федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде биылғы жылдың қазан айында Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі Үкіметке “Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы” қаулы жобасын енгізді. Құжатта әлеуметтік қызметкерлерге психо-эмоционалды жүктемесі үшін 2020 жылдан бастап үстемақы қарастырылған.

Ералы Тоғжанов әлеуметтік қызметкерлердің жалақысына қосылатын үстемақы бойынша нақты мәліметтер келтірді: 30% — басқарушы персонал үшін; 35% — негізгі персонал үшін (әлеуметтік қызметкер – жатпайды); 40% – әлеуметтік қызметкерлер үшін; 40% – санитарлар үшін;  60% – тәрбиешілер, мейірбикелер, паллиативтік көмек палаталарының санитарлары үшін. Үйде әлеуметтік қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлер 15-тен 35%-ға дейін үстемақы алады. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда әлеуметтік қызметкерлерге төленетін үстемақы үшін бюджеттен 25,1 млрд. теңге бөлінеді.

Орталық қызметкерлері кәсіптік одақтардың көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.

“№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” КММ қызметкерлері әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде әлеуметтік қызметкерлердің 40 мыңнан 90 мыңға дейінгі алатын жалақы деңгейінің олар атқарып отырған ауыр жұмысқа сәйкес келмеуі салдарынан білікті кадрлардың тапшылығы байқалатынын айтып өтті.

 “Әлеуметтік қызметкерлер ерекше жандармен – мүмкіндігі шектеулі, жүйке ауруларына шалдыққан адамдармен, жалғызілікті қариялармен жұмыс жасайды. Кәсіптік одақтардың пәрменді жұмысының арқасында көп жылдар бойы қордаланған мәселе өз шешімін тапты. Жалақыны арттыру Орталыққа жұмыс істеу үшін қажетті мамандарды тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз”, – деп атап өтті “№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы”, – КММ директоры Раиса Сыпабекова.

Оның айтуынша, Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға  мүмкіндіктің болмауы өзекті мәселе болып табылады.

 

Комментарий