Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Елбасы. Тәуелсіздік. Алматы»

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік саясатына әлі толық баға берілген жоқ. Бұл Алматыда 30 қараша күні «Заман» парасатты және салауатты өмір» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Елбасы. Тәуелсіздік. Алматы» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылды.
Онда Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ахан Бижанов ҚР Тұңғыш Президентінің саяси реформаларына шолу жасады. Өтпелі кезеңдегі қиын жағдайда Елбасының металлургтамен болған кездесуін мысалға келтіре отырып, тығырықтан жол таба білген саяси көрегендігіне талдау жасады. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов Н.Назарбаевтың экономикалық саясаты туралы ойларын ортаға салды. «Президентте сол кездегі нарықтың экономикаға көшсек дамыған елдер сияқты біз де бәрін шешеміз деген ой болды. Сол кезде нарық бәрін шешеді деген романтизмді де естідік. Алайда біздің экономика кеңес дәуірінде 80-90 пайыз Мәскеуге қараған болатын. Сондықтан, экономикадағы саясат бірінші кәсіпорындарды республикалық меншікке алудан басталды. Содан кейін нарыққа көшеміз деген шешім қабылданды», – дейді ғалым Р.Алшанов. Оның айтуынша, жоспарлы экономикадан нарыққа көшу барысында қаражат болмады. Сондықтан оларды сақтап қалу үшін кәсіпорындар ғана емес, кейбір қаржы институттарын кәсіпкерлерге есігінің тұтқасының бағасына ғана беруге мәжбүр болдық. Алайда мұндай қатаң экономикалық саясаттан әлеуметтік мәселе ақсай бастады. Бұл олқылықты түзету үшін етек-жеңімізді жинағанша біршама уақыт жұмсауға мәжбүр болдық. Кластерлік даму енді ғана өз нәтижесін бере бастады. Осыған қарамастан ҚР Тұңғыш Президентінің тәуелсіздік кезеңіндегі экономикалық өзгерістері әлемнің көптеген елдері үшін үлгі-өнеге болып отыр.
– Мен мәдениеттегі өзгерістер, мәдениеттегі құндылықтардың өзгеруі, әдебиет пен өнердің мәселесі, тәуелсіздік дәуіріндегі жалпы қоғамдық сананың өзгеруі туралы мәселеге көңіл аударғым кеп отыр. Саясатты да, экономиканы да өзгертуге болады. Меніңше Елбасына ең қиын түскен мәселе қоғамдық сананы өзгерту болды. Өйткені кеңестік кезеңде 70 жыл бойы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бақайшағына дейін кеңестік идеологиямен қаруланды. «Үйімізде, төрімізде тұратын ұлы Ленин бабамыз, ұлы Ленин данамыз» деп айтып келдік. Біздің санамызда да кеңестік дәуірдің стеоративі тұрды. Өзгерген күнде де кеңестік идеологияны жамап-жасқап, сәл өзгертіп, басқаша қабылдап, сол арқылы өзгеруге тырыстық. Осының өзі қоғамдық сананы өзгертудің өзі үлкен кезеңдерден тұратынын, бірден жүзеге аспайтынын көрсетеді, – дегенді айтты Алматы қалалық мәслихатының депутаты, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов. Оның сөзіне қарағанда, кеңестік идеологияның шекпенінен шыққан елдерге қарасақ саналық өзгеріс көп республикаларда жүзеге аса қоймады. Бірден өзгерем дегендердің барлығы тығырыққа тірелді. Өйткені бұрынғы санамен өмір сүріп жатқан адамдар бірден өзгертуге қарсы болды. Ұлтаралық қатынас, билік ауысуы жайттары көбінесе революциялық жағдайлардан орын алды. Ал, Қазақстандағы саналық өзгеріс өзінің табиғи бағытымен жүріп отырып, білікті, байыпты саясаттың арқасында өзінің нәтижесін бере бастады.
Филология ғылымдарының докторы, К.Ісләмжанұлының сөзіне қарағанда, әлемдік тәжрибеге көз жүгірткен кезде басқа елдердің отары болып, кейін бостандық алған мемлекетерде 3 түрлі ағымның пайда болғанын аңғаруға болады. «Біріншісі бұрынғы жүйеден айырылмау. Екіншісі, ұлтшылдық бағыт болса, үшіншісі осы уақытқа дейінгі жетістікті ұлттық құндылықпен дамытайық деген ұстаным. Елбасы оның үшіншісін ұстанып, өз саясатын жүргізді. Мәдениетті дамытудағы ең көреген консепция меніңше осы болды», – деді өз ойын ортаға салған кезде ол.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев болса: « Тұңғыш Президент күні деп аталғанымен ар жағын қарасақ 1 желтоқсан – мемлекеттіліктің, мемлекеттің мерекесі. Дүниежүзінде 200-ден аса ел, 5 мыңнан аса халық бар. Яғни мемлекеті жоқ халықтар, этностар көп. Соның бірі бізге ең жақын, туыс болып келетін қырым татарлары. Ал кезінде Қырым хандығы қандай ел болды. Башқұрт, татарлар да тұра сол сияқты. Алтын орда тарағанда бәріміздің деңгейміз бірдей болатын. Бірақ бізге қарағанда олар бір кездері мықтылау да болды. Алайда дербес мемлекеті болу бақыты қазір бізге ғана бұйырыпты. Заң бойынша еліміз Президенттік Республика. Олай болса Тұңғыш Президент күні де мемлекеттік мереке болуы керек», – дегенді айтты.
Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогикалық білімді дамыту орталығының директоры Алма Әбілқасымова ұлт көшбасшысының білім саласын дамыту бағытында жасаған реформаларына шолу жасап, оның нәтижесіне көз жүгіртті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, әскери қызмет және тыл еңбеккерлерінің Алматы қалалық кеңесінің төрағасы Көпесбай Оразбайұлы болса, 1991 жылы Қазақстан егемендігін алғанда қарулы күштері болмағанын еске алды. Сондықтан 1992 жылы 14700 әскери қызметкер Қазақстан территориясынан қашып кеткенін, ал олардың арасында офицерлер де болғанын жеткізді. Сол кезде бәрін тастап, бет-бетіне кеткен басқа ұлттың офицерлерінің өздерімен бірге қару-жарақты алып, ұшақтарды айдап кеткен жағдайлары аз болмаған көрінеді. Ал 1 жойғыш ұшақтың құны 198 млн доллар тұрады деген 1-дәрежелі капитанның айтуынша, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың әскери сала мамандары арасында зор беделі бар Сағадат Нұрмағамбетовты министр етіп қоюы шекараны бекітіп, қауіпсіздікті нығайтуға зор септігін тигізді. Сондықтан қарулы күштерді қайта құрып, дамытудағы Елбасының атқарған жұмысы өте зор және ол ешқашан ұмытылмайды.

Комментарий