Детектив

ҚАНДЫ КЕК

Көзіне қан толған жігіттің тықыршып тұрғанына бір сағаттай болып қалды. Күткен қандай жаман! Әшейінде кешкі жаттығудан сегізде шығатын ол мұның жынына тигісі келгендей, әлі бой көрсете қоймады. Тағаты таусылған жігіт «Бұл жерден шығатын басқа есік болса қайтпекпін? Әлде, мынау бірдеңеден күдіктеніп қалды ма екен?» деп тұрғанда таныс бейне жарқ ете қалған. Осыдан кейін аңдушы жігіт өзі күткен көліктің соңынан ілесе берді. Бұл кезде кеш түсіп, далаға қараңғылық та орнай бастаған болатын. Алдыңғы көліктің басқа жаққа бұрылмай, үйіне қарай беттегенін байқаған аңдушы өзіне қолайлы сәттің туғанын сезінген. Енді көзге түсіп қаламын ба деп бұқпантайламай, межелі жерден күтіп алса болады. Алдыңғы көліктен озып кетіп, өзі білетін үйдің маңына бірінші жеткен ол аңдуындағы жігіт келгенше жоспарын тағы бір пысықтап үлгерді. Енді міне, ол күткен уақыт та жеткен сыңайлы. Ойпыр ай, осы бір сәтті қанша күтті?! Неше жылдан бері маза бермеген ар жазасын орындайтын кез де келген екен ақыры.
Қараңғылықты пайдаланған қаскөй тасадан шыға келгенде көңілінде күмән жоқ жігіт сасып қалды. Бұған да керегі сол еді. Өйткені, денесі мығым, спортпен тұрақты айналысатын адамды абайсызда болмаса, қапы қалдыру қиындау. Тыңғылықты дайындық жасағанымен мынаның бойы да ұзын, қарулы екені қимылынан да анық аңғарылады. Ал, тосыннан ұру қанша мықты болса да, кез келген адамды састыратыны белгілі. Сасқалақтап, әбігерге түскен жанның қорғанысы да мықты болмайды. Мынау да сөйтті. Қарсыласпақ түгілі, қапелімде не болғанын бағамдап үлгермеген жанның қорғансыз сәтін пайдаланған бұл уысын толтырған қанжарды қолы жеткен жердің бәріне сұққылаған. Әуелде тек жарымжан етуді армандаған жігіт қанды көргенде одан бетер өршеленді. Өзінің басымдығын сезінген сайын өрекпіп, өктем қимылдарын үдете түсті. Тек жақыннан естілген көлік дабылы ғана санасы уланған жанды сабырға келтіргендей еді. Оқыстан шыққан дауыстан кейін қансыраған жігітті тастай қашқан қаскөй көлігіне жеткенше қолына жұққан қанды сүрткілеумен болды.

Жалғыздың өлімі
Жақынының тойынан оралған Құрышбек Қалымов келіншегімен үйіне жеткенде түнгі он екінің шамасы болып қалған. «Расулдың да мына тойға қатысуы керек еді. Қырсығып бармады. Жалғыз баланың туыстардан алыстамағаны дұрыс қой», – деп әйеліне ақтарылып келе жатқан Құрышбек ұлының қақпа сыртында тұрған көлігін байқап тағы қынжылыс білдірді. «Әбден еріншек болып кеткен. Өзі жұмыс істемеген бала ақшаның да, маңдай тердің де қадірін білуші ме еді? Қарашы, көлігін ішке кіргізуге ерінгенін», – деп таусылған әке қақпаның алдына бір-ақ тоқтады. Бірақ, бұл пайымдағандай Расул үйге кіріп кетпеген екен. Шұқшиып алдыңғы орындықта отырған сияқты. Тіпті, жанынан тақалып өткен бұларға назар салмады да. «Мынау көліктен неге түспей отыр?» Ұлының рөлге сүйеніп отырған сұлбасын байқаған Құрышбектің ойына оралған алғашқы сауал осы болды. Баласына деген өкпесі көбейген әке
көлікке екпіндей жеткенде жартылай ашылған есікті, басы салбыраған ұлын көрді. Күніне қанды қылмыстардың небір түрімен бетпе-бет келіп жүрген Құрышбек бір сәт аңтарылып қалған. Санаулы секундтарда есін жиған тәжірибелі тергеуші бұдан кейін жалғызының тамырын басып, тіршілік белгілерін анықтағысы келді. Талай өлімді әшкерелеген әккі
қол бұл жолы да жас жігіттің бақилық болғанын күмәнсіз айтып берген еді. Күйеуінің ашуланғанын көріп, баласына араша болуды ойлаған Бүбіш те бұл кезде көлікке жеткен. Әке мен баланың арасына түсіп, отбасының тыныштығын ойлап жүрген әйел бұл жолы да күйеуінің ашуын басып, Расулға деген ренішін ұмыттырмақ болған. Бірақ, көлікке жақындағанда күйеуінің сұрланған түрін көріп, шошып кетті. Қанша ашуланса да Құрышбектің түрінің бұлай өзгергенін байқаған емес. Күйеуінің қас-қабағын аңдып келе жатқан әйел есікке жақындағанда ғана қызыл қанға боялған ұлын көрді. Мұның жалғызы, маңдайына біткен бір ғана ұлы тілсіз отыр. Түрінің өзі балаға көмек берудің қажет еместігін меңзейтіндей. Алайда, айналаны азан-қазан еткен әйелінің дауысы полковникті селт еткізген жоқ. «Кім екен, менің ұлымды дәл үйімнің алдында өлтірген? Кімнің батылы жетті екен?», – деп іштей қайталаған ол өзімен өзі алысып кеткен. Тек айналасына көршілер жинала бастағанда ғана полковник қолына телефонын алып, ішкі істер бөліміне қоңырау шалған болатын.
Кінәлі кім?
«Жігіттер, мұқият болыңдаршы. Менің жалғыз ұлымды жазым еткен жан қолдан сусып кетпеуі керек. Ештеңе назардан тыс қалмасын», – деп әріптестеріне өтініш айтқан Құрышбек Қалымов өзегін өртеген өкінішті қайтып басарын білмеді. Тергеушілер қылмыстың күрмеуін
шешер айғақ іздеп жатқанда, бұл өткенін таразылап, өзіне өш жандардың тізімін көз алдынан өткізіп шыққан. Тергеу саласында жиырма жылдан аса уақыт қызмет еткен Құрышбектің қауіптенетін жөні бар. Өйткені, білімі мен біліктілігі қатар ұштасқан оның алдынан кімдер өтпеді дейсіз? Ұрыны да, нашақорды да, алаяқты да, кісі өлтірген қаныпезерді де заң алдында жазалаған жан ғой бұл. Әрине, қателескен, қатты кеткен кезі де болған шығар. Талайынан тергеуден соң «Құртамын, көзіңді жоямын» деген хабар да алғаны есінде. Бірақ, жәбірленушілердің алғыстарынан кейін бұл қоқан-лоққының бәрі ұмытылып қала беретін. Мына қылмыстың тамыры сол қаралы істерден бастау алса қайтпек? Өз ұлының жолын кескен болып шықпай ма? Жанын жеген мың сұраққа жауап таппаған тергеуші жұмысқа шыққаннан кейін де әріптестерінен істің қалай жүріп жатқанын сұрап, қозғау салумен болды.
Өткенге өкпе
Расул Құрышбекұлының өліміне қатысты қылмыстық істі жүргізген Ескендір Тәуекелов бөлімдегі үздік тергеушілердің қатарынан. Полиция қызметіне жаңа араласқан кезінде жол сілтеп, білмегенін ерінбей үйреткен Құрышбекке оның алғысы шексіз еді. Әрі ұстазы, әрі әріптесінің қайғысын іштей түсінген ол тексеру жұмыстарын жан-жақты қарастырған. Жас жігіттің өліміне себептің алғашқысы, әрине, әке қызметімен байланысты болса керек. Осыдан кейін кезінде істерін Құрышбек Қалымов тергеген, кек қайтаруға бейім, түзеу мекемелерінен соңғы алты айдың ішінде босаған жандардың тізімі жасалып, бақылау орнатылды. Ондайлар көп емес екен. Алты айдың ішінде Құрышбектің тергеуінен соң түрмеге қамалған екі адам анықталды. Оның бірі алпыстан асқан, қатерлі дертке шалдыққандықтан жазасы ауыстырылған Болат Басқынбайұлы. Кейде өзінің өмірдегі сәтсіздігіне өзгелерді кінәлі санап, кек қайтаруды ойлайтындар болады. Екінші рет түрме быламығының дәмін татып келген Болат Басқынбайұлын арнайы іздеп барған тергеуші қозғалуы қиындаған сырқат жанды көріп, оны күдіктілер қатарынан сызып тастады. Өзінің отбасы жоқ болған соң інісінің үйін паналаған оны кектен гөрі, сырқаты, ертеңгі күні қатты мазалайтыны байқалады. Ал, түзеу мекемесінен босап келген екінші адам – Қайрат Секенов үш айдан бері тұрақты жұмысын істеп жатыр екен. Тергеушінің өзіне келгенін білген соң, бірден сыртқа жетелеген ол өткені туралы айналасындағылардың білмегенін қалайтынын айтты. «Мені алты жыл күткен жұбайымның, маған сенім артып отырған қос құлыншағымның көңіліне кірбің түсіргім келмейді, азамат бастық. Қателікпен қылмыс жасағаным рас. Бірақ, мұндай іс енді қайталанбайды» деді жігіт ширақ дауыспен. Осыдан кейін, отбасымен араздығы бар туыстар, үй қызметіне көмектескен адамдар да назардан тыс қалмады.
Саңылау
Тергеушіні қызықтырған келесі топ – Расулдың достары болатын. Бос күдіктің кейде тергеуді теріс жолға салып жіберетінін талай көрген тергеуші «Расулдың Әсем деген қызбен достасып жүргенін білді. Достарының айтуынша, қыздың бұрынғы жігіті соңғы кезде жастардың арасына түсіп, мазаларын алған көрінеді. Қызғаныштың талай қылмысқа түрткі болғанын білетін тергеуші күдікті жігітті іздестірген. Жігіттің ауырып жатқанына бір аптадан аса уақыт өткенін айтқан курстастары Әсемді де, Расулды да танитын болып шықты. Бірақ, тергеушінің қазбалай қойған сұрақтарына олардың бәрінің айтқаны «Қанағат ондай жігіт емес. Ол аңқылдақ, көңіліндегіні ішінде сақтай қоймайды. Біреуді ренжітсе, сол үшін бірнеше күн қайғырып жүреді» дегенмен шектелді. «Қой терісін жамылған қасқырдың» талайын алдынан өткізген тергеуші енді жігіттің өзін көрмек болған. Жігіттің ата-анасымен бірге ауруханаға келген оның күмәні бірден тарқады. Соқырішегін алдырған Қанағат қайғылы жағдай болған сәтте операция үстелінде жатқан болып шықты. Бөлімге қайта оралғанда тергеушіні Расулдың екі досы күтіп отыр еді. Бір сыныпта тәлім алған үш достың оқитын факультеттері бөлек болғанымен, білім ордалары бір. Үшеуі аптасына үш рет жүзуге, үш рет футболға баратын болып шықты. Ал тергеушінің «соңғы кезде Расулдың әрекетінен күдікті ештеңе байқалмады ма?» деген сауалы Талапқа тіл бітірген.
– Білесіз бе, ол осыдан екі жыл бұрын бір кісіні қағып кетті. Үлкен адам жолдан жүгіріп өте шығам десе керек, бірақ, қатты келе жатқан Расул тежегішті басқанымен апаттың алдын ала алмады. Сол соққыдан қарт кісі аман қалды. Бірақ, екі аяғынан жүре алмайтын болыпты. Досым сол кісіні жиі айтатын. Обалына қалдым дейтін. Құрышбек аға әлгі кісінің отбасына қолынан келгенше көмектесті. Бүлінген денсаулықты түзету мүмкін емес қой бірақ. Ал, Расул әлгі кісінің баласымен былтыр кездесіп қалыпты. Расулдың танымай қалғанын менсінбей
тұр деп түсінген әлгі жігіт: «Сені тәубаңа келтіретін күн алыс емес» депті. Сол жігітті досым жақында көріп қалғанын айтты, – деді ол. Талаптың бұл күдігін Жасұлан да жалғай түскен.
– Қайғылы оқиға орын алған күні жаттығу кеш бітті. Расул далаға менен бұрын шығып кетті де, мен жаттықтырушыдан тапсырма алып, сыртқа беттегенімде оның көлігі автотұрақтан енді қозғалып барады екен. Бірдеңе айтқым келіп артынан жүгірдім. Бірақ, мені байқамаған ол зуылдатып ала жөнелді. Жолға дейін жүгіріп барып ысқырмақ болғанымда артымнан келген «мазда» құйғытып өте шықты. Түсі қызыл, сериясы облыстыкі. Алдыңғы саны нөл секілді көрінді. Қалғанын байқай алмадым. Мүмкін… Жігіттердің күмәнін орынды көрген
тергеуші қызыл түсті «мазданы» іздеуге қойған соң Расул кінәлі болған ескі істі мұрағаттан алдырған.
Соңғы сөз
Тергеушіге қызыл «мазданың» иесін табу да, жәбірленушінің мекен-жайын анықтау да қиын болған жоқ. Бұл көмекшісін ертіп үйге келгенде күдікті көлік аулада қаңтарылып тұр екен. Отбасы мүшелерінің бәрінің үйде болғанына қуанған тергеуші осыдан екі жыл бұрынғы жол апаты туралы сөз қозғағанда үлкен ұлдың қозғалақтап, қашқақтап отырғанын бірден байқады. Сол күнгі жағдайды қайта естеріне алған соң отбасының айтқан әңгімесі мынау: «Міне, жалғыз асыраушымыз төсекке таңылып жатыр. Олардың берген ақшасы бір айға да жеткен жоқ. Ал бізге өз бетінше тамақ ішпек түгілі, дәретке өзі отыра алмайтын адамды бағудың қаншалықты қиын, қаншалықты азап екенін солар түсінеді дейсіз бе? Біз сол кезде қайта арызданбақ болдық. Бірақ, полковникке қарапайым жандардың сөзі өтуші ме еді?!». Мынадан кейін күдігі күшейе түскен тергеуші жас жігітпен оңаша сөйлесуді құп көрген. Табандаған жігіттің ақтарылар түрі болмаған соң тергеуші үйді тінтуге рұқсат алған. Оның көлігіндегі жазулардың өзі күмән тудырар еді. Әр күн, әр сағат, әр минутқа дейін көше аттарымен бірге жазылыпты. Мұны көрсеткенде Расулдың достары «мынау біздің спорт мектебі мен үйге қайтатын жолымыздың, уақытымыздың кестесі ғой» деп қалды.
Ал, өртенген қоқыс арасында жартылай жанған футболкадағы қан барлығын өз орнына қойған болатын. Бұлтаруға жол қалмағанын түсінгенде ғана кекті жігіт өз кінәсін мойындаған.
Мойындау
– Мен оны өлтірейін дегем жоқ. Дәл әкем сияқты жарымжан жасағым келді. Полковниктің мені табатынына да күмәнданған жоқпын. Бірақ, оның бізден өзі не баласы келіп кешірім сұрамай, қарауындағылар арқылы мәселені шешуі, итке тамақ тастағандай біраз ақша беріп, сосын ұмытып кетуі жынымды келтірді. Әкемнің қиналып, біз дәретке апарған сайын өз-өзінен мүжілуі, анамның екі жылда уайымнан қалақтай болып арықтап кетуі менің кегімді күшейте түсті. Өкінбеймін, мен тек енді анам әкемді қалай жалғыз өзі далаға алып шығарады деп қиналып отырмын, – деді жасы жиырмаға жаңа толған бозбала. Ал, тергеу ісімен танысқан полковниктің өкінішінде тіпті шек болмады. «Бәрі қарбалас жұмыстың кесірі. Мен қарауымдағы жандар мәселені жақсы шешеді деп ойлағам. Ал олар онсыз да жапа шегіп отырған жандардың жарасын қалыңдата түсіпті. Бір түсінбейтінім, мен сол кезде аурухана шығынынан бөлек, баланың көлігін сатып тұрып отбасына екі миллион теңге берген едім ғой. Сонда бұл ақша оларға жетпеген бе?» – деп таңданды полковник кейіннен. Кектің оянуына түрткі болған полковниктің әріптестері қазір алаңсыз өз жұмыстарын атқарып жатыр. Олар кезінде сенімді ақтап, жәбірленушінің жазылып кетуіне қол ұшын берсе осындай қанды оқиға болмас па еді, кім білсін?
Нұрлан ШЫНТАЕВ

Комментарий