Аптадағы сұхбат | Интервью неделиҚұқық | Право

Әсел ЖАНӘБІЛОВА, республикалық Нотариалдық палатаның төрайымы:«Нотариаттық қызмет жаңа міндеттерді орындауға дайын»

– Әсел Болатқазықызы, нотариалдық қызметтің азаматтар құқын қорғайтын институттардың бірі ретінде құзыреті кеңейе түскені белгілі. Құжаттарды растаумен айналысатын бұл институт еншісіне енді сотқа тиесілі құзыреттер беріліп жатыр. Судьялар жүктемесін азайтуды көздейтін ол міндеттер нотариустардың мүмкіндігіне сай ма? Жаңа міндетті атқаруға қаншалықты дайынсыздар?
– Иә, бүгінде құқықтық инфрақұрылымның бөлінбес бір бөлшегі болып табылатын нотариалдық қызмет өзінің құқық қорғау ісінде тиімділігін, мүмкіндігінің кеңдігін көрсетіп отыр. Биылғы жылдың 21 қаңтарында Елбасы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемелерін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң негізінде нотариаттық қызметке қатысты өзгерістер жасалған болатын. Сол өзгерістерге сәйкес, сотта дау туғызбайтын талаптар бойынша борыштарды өндіруді нотариалдық қызметтің еншісіне беру мәселесі қамтылды. Бұл істер сотта – бұйырықты істер, нотариалдық қызметте – орындаушылық жазулар деп аталады. Біз үшін бұл жаңалық емес. Қазақстанның нотариустары орындаушылық жазулармен 2016 жылдан бері айналысып келеді. Ол кезде Азаматтық кодекстің жаңа редакциясы қабылданып, бізге 6 атқару қағазын рәсімдеу құзыреті берілген еді. Бірақ, бізге балама болды. Яғни, азаматтар даусыз талаптар бойынша сотқа да, нотариалдық кеңселерге де жүгіне алатын. Енді аталмыш заңнама бойынша бұл құзыреттер толығымен біздің міндетімізге беріліп отыр. Бұл жұмыстарды енді тек нотариустар атқарады. Сонымен қатар, атқарушы жазулардың саны 9-ға жетті. Яғни, үш жыл бойы нотариустар нотариалдық расталған келісім, жазба мәміле, коммуналдық төлем, газ энергиясы, жалдау ақысының қарыздары бойынша атқару жазуларын жүзеге асырып келсе, енді оларға тағы үш құзырет қосылып отыр. Олар – есептеліп, бірақ төленбеген жалақы, ломбардқа салынған заттар, лизинг келісімі бойынша қарыздарды өндіру рәсімдері. Нотариустар бұл жұмыстарды жүзеге асыруға толықтай дайын. Үш жылдан бері олар бұған қажетті тәжірибені, біліктілікті игерді. Толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік беретін заңнамалық актілер бар. Сонымен қатар жұмыс барысында басшылыққа алатын әдістемелік нұсқаулықтар да жеткілікті. Мұның сыртында қазір ақпараттық-насихат жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері қалалық, аудандық соттарда бірнеше семинарлар өткізіліп, судьялармен тәжірибе алмастық. Ақмола, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Астана қалаларында көшпелі мәжілістер өтіп, республика нотариустарына ақпараттық қолдау, әдістемелік көмек көрсетіліп жатыр. Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасын таба беретін болады.
Осыдан бір жыл бұрын Парламентте адвокаттар мен нотариустар қызметіне қатысты заң қаралған кезде нотариустар қызметіне сұраныс кемиді деген әңгіме айтылған еді. Бұған себеп ретінде заңды ұсынған құзырлы орын басшысы ақпараттық технологияны алға тартқан. Яғни, қазіргі таңда құжаттарды фотоға түсіру еш қиындық тудырмайтындықтан оларды нотариалдық растаудың қажеті болмайтыны айтылған еді. Шынында солай ма?
– Иә, қазір ақпараттық технология заманы. Сонымен қатар мемлекетіміздің саясаты цифрландыруға басымдық беріп отыр. Мұның сыртында барлық құжаттандыру шаралары мемлекеттік қызметке өткізіліп, азаматтардан анықтамаларды қандай да бір ұйымдардан алу талап етілмейтін болды. Олардың бәрін электронды түрде ұсынуға болады. Бұл қағаз құжаттың айналымын белгілі деңгейде қысқартты. Мұндай өзгерістер жеке және заңды тұлғалардың нотариусқа жүгінуін азайтқаны рас. Дегенмен, нотариустар жұмысы артпаса, кеміген жоқ.
Жалпы тұрғындар қандай мәселелер бойынша нотариалдық қызметке көп жүгінеді?
– Нотариат институтының негізгі айналысатын ісі мұрагерлікке қатысты құқықтық қарым-қатынастар. Яғни, мүлікті мұраға қалдырушыдан мұрагерге аудару рәсімін жүзеге асыру. Екінші, әрине, жылжымайтын мүлік мәмілесін куәландыру. Бұл тараптардың қалауы бойынша атқарылады. Заңнамада бұл рәсімді азамат қарапайым жазба түрінде орындап, бірден тіркеуге бара алатыны немесе келісімді сауатты, дұрыс құруға көмектесіп, ол мүліктің санатта барлығын тексеретін, тұтқындалмағанын, зайыбының келісім бергенін тағы да басқа жайттарды анықтайтын нотариусқа жүгінуге құқылы екені айтылған. Яғни, нотариус – мәмілені сапалы, сауатты жасайтын маман. Цифровизация аясында 2015 жылдан бастап, нотариус мәмілені рәсімдеп, бірден электронды түрде жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесіне енгізе алады. Бұл шара азаматтар үшін өте қолайлы. Өйткені, ол бар болғаны бір күн ішінде жүзеге асады. Яғни, нотариаттық қызмет бүгінде «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін «фронт офис» рөлін атқарып отыр. Азаматтарға ешқайда барудың қажеті жоқ. Нотариус жеке және заңды тұлғалар жайлы барлық ақпараттық жүйелерге, Азаматтық хал актілерін жазу, жылжымайтын мүлік мәліметтер базасына кіру мүмкіндігіне ие. Ондағы барлық мәліметтерді тексере алатындықтан аталмыш мәмілелерді толыққанды жасай алады. Азаматқа бұл анықтамаларды жинаудың қажеті жоқ. Нотариусқа бір рет қана келіп, осының бәрін жасатып ала алады.
– Нотариустар жеткілікті ме? Бір кездері аймақтарда, ауылдық жерлерде бұл қызметке қол жеткізу қиын болып, азаматтар оларды іздеп аудан орталықтарына, қалаға баруға мәжбүр болушы еді. Қазір кімдер нотариус бола алады?
– Бүгінде нотариустардың тапшылығы деген мәселе жоқ. Ел көлемінде 4200 нотариус бар. Кетіп, келіп жататын нотариустар жылына елу адам көлемінде. Әлемдік талап бойынша бір нотариусқа бір миллион тұрғыннан келу керек болса, Астанада бұл көрсеткіш бес мың адамнан аспайды. Аймақтарда да нотариустар жеткілікті. Бізде нотариус болу үшін ең алдымен қойылатын талап осы елдің азаматы болудың қажеттігі. Жасы жиырма беске толған, екі жылдық заң саласында өтілі бар, бір жыл нотариуста тағлымдамадан өткен азаматқа біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырса Әділет министрлігі лицензия береді. Бізде бұл қызметпен айналысу үшін жарна төлеу 2011 жылдан бері талап етілмейді.
– Қазіргі таңда бұл қызметтің қандай өзекті мәселелері бар? Заңнамалық түрде қандай құқықтық тетіктер қажет деп есептейсіз?
– Жалпы аталмыш заңнама аясында нотариаттық қызметтің толыққанды жүзеге асуына кедергі келтіріп отырған бірқатар түйткілді жағдайлар реттеліп, сала жұмысын белгілі деңгейде жетілдірді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі мен «Нотариат туралы» заңдарға енгізілген өзгерістер нотариус депозитін пайдалану үшін қажет негіздер жасады. Нақтырақ айтқанда, оны тараптардың келісімдері бойынша пайдалану құқығы берілді. Бұл жылжымайтын мүлікті сатып алу және сату келісім-шарттарын жасаған кезде жағымсыз тәуекелдерді азайтады. Айталық, жылжымайтын мүлікті сатып алу және сату шартын жасаған кезде сатып алушы тараптардың келісімі бойынша нотариустың депозитіне ақша салады, оны сатушы меншік құқын сатып алушыға тіркегеннен кейін алады. Аталған өзгеріс Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ақша айналымын азайтып, ақшасыз төлемдерді дамыту жұмыстары аясындағы ұсыныстарымен үйлестірілуде. Бұл шара Мемлекет басшысының былтырғы қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының
өсуі табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында
көлеңкелі экономиканы азайту шаралары жоспарына енгізілген болатын.
– Қазіргі таңда мұрагерлік мәселесіне қатысты дау көп. Тұрғындардың нотариустарға да осы мәселемен жүгінетінін айтып қалдыңыз. Дау қалай реттеледі?
– Бүгінгі таңда Қазақстанның нотариустарында 20 құпия өсиет сақтаулы тұр. Аталмыш заң аясында бұл мәселеге қатысты жаңа шешімдер қабылданды. Яғни, Азаматтық кодекстегі мұрагерліктің жекелеген мәселелерін реттейтін Мұрагерлік құқы тарауына бірқатар өзгерістер
енгізілді. Мәселен, онда құрсаққа бітіп, әлі дүниеге келмеген мұрагер болған жағдайда оның құқын қорғау мақсатында нотариусқа мұрагерлік туралы куәлікті беруді тоқтату құқы көзделді. Заң сонымен қатар жаңа тармақ енгізу арқылы нотариусқа құпия аманат сақталған конвертті өлім туралы куәлік ұсынылған он күннен кем емес уақытта және екіден кем емес куәгер мен заң бойынша мұрагер болып табылатындар ішінен қатысқысы келетіндер алдында ашуға құқық беріп отыр. Осы рәсімнен соң нотариус хаттың мәтінін жариялап, аманат бар конверттің ашылғандығын куәлендіретін хаттама жасалады. Аманаттың түпнұсқасы нотариуста сақталады. Мұрагерге нотариаттық куәлендірілген хаттама көшірмесі беріледі. Аталған рәсім нотариаттық қызметті реттейтін заңнамалық актілермен реттеледі.
– Бұл мәселеде өлім туралы куәлікті алудағы белгілі бір шектеулердің қиындық тудырып жататынын да естиміз.
– Бұрын қайтыс болған жанның туысқандары болып табылмайтын мұрагерлер өлім туралы куәлікті алудан шеттеліп келген еді. Нақтырақ айтқанда, бұл тізімде мұра қалдыратын адамның туысы емес, бірақ, өсиет бойынша мұрагерлер қатарына енгізілгендер жоқ еді. Олардың құқығы бұзылған жағдайда нотариус тек өлім туралы куәлік болғанда ғана олардың мұрагерлік мүлікті иелену туралы өтінішін алуға құзырлы болды. «Нотариат туралы» заңға сәйкес, нотариус мұрагерлікке құқық туралы куәлікті беру кезінде мұрагерлік мүліктің құрамын тексереді. Мұрагерліктің міндетті үлесінің көлемін анықтау үшін нотариус Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорындағы қалдықты және оның қозғалысын білуі керек. Өз ұсыныстарымыз негізінде бүгінде бұл тұрғыда тиімді шешімге қол жеткіздік. Мәселен, аталмыш заңнама аясында азаматтық хал актілерін жазу органдарынан өлім туралы куәлікті алуға құқылы тұлғалар аясы кеңіді. «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңға енгізіліп отырған өзгерістердің бірі енді нотариусқа мұраға қалдырушының жеке зейенетақы шотының барлығы туралы ғана емес, оның қозғалысы жайлы қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Мұның сыртында қазіргі таңда «Е-нотариат» Бірыңғай нотариаттық ақпарат жүйесі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақпараттық жүйесінің бірлескен іс-қимыл туралы келісімінің аясында нотариустар зейнетақы шоты туралы қайтыс болған салымшылардың жеке шоты, ондағы қаражат көлемі жайлы кедергісіз ақпарат алуға қол жеткізді.
– Жаңадан енгізіліп отырған қандай қызметтер бар?
– Заңнамалық өзгерістер арқылы келісімді куәландыратын жаңа нотариаттық әрекет енгізілді. Бұл да бүгінгі таңда өте қажет қызмет түрі деп есептейміз. Өйткені, келісім өзінің табиғаты бойынша юридикциялық фактіні білдіретін ерікті білдіру рәсімі. Осы ретте аталмыш факт белгілі бір әрекетті жүзеге асыруға келісім алған адамға құқықты сақтаудың шарты болып саналады. Өзге юридикциялық фактілермен бірге келісім басқа адамдардың құқықтары мен міндеттерін тудыру, тоқтату негіздемесі бола алады. Осылайша өзінің құқықтық табиғаты бойынша тұлғаның келісімі бір жақты мәмілені білдіреді. Бірінші кезекте аталмыш норма ерлі-зайыптылардың бірінің нотариаттық куәландыруды немесе белгіленген заңнамалық тәртіппен тіркелуді қажет ететін мәмілелер бойынша әрекет жасауы үшін қажет. Жаңа нотариаттық әрекеттің енгізілуіне орай, оған ақы төлеу шарасы да көзделді. Заңнама негізінде мұндай келісімдерді куәландыру үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлемақы белгіленіп отыр.
– Есептелген, бірақ, төленбеген жалақы қарыздарын өндіру қалай жүзеге аспақ?
– Жұмыскердің есептелген, бірақ, төленбеген жалақы және басқа да төлемдерді өндіру үшін нотариус қаулы шығарады. Сонымен қатар нотариустың борышкерге хабарлама беру тәртібі нақтыланды. Заңнамадағы айқындалған тетік бойынша атқару жазуын жүзеге асырғаннан кейін немесе тиісті қаулыны қабылдаған соң келесі жұмыс күнінен кешіктірмей оның көшірмесін борышкерге тапсырады немесе электронды мекен-жайы, тұрғылықты жері бойынша жеткізілгенін айғақтайтын байланыс құралы бойынша жөнелтіледі. Бұл қызмет үшін бұрынғы 1 айлық есептік көрсеткіш орнына жеке тұлғалар үшін сараптамалық төлем енгізілді. Ол өндірілген соманың немесе дауланып отырған қозғалыстағы мүліктің 0,2 пайызы көлемінде, бірақ 0,5 айлық есептік көрсеткіштен кем емес және 50 айлық есептік көрсеткіштен көп болмауы тиіс. Ал, заңды тұлғалар үшін жылжымалы мүліктің нарықтық бағасының бір пайызын құрайды. Бірақ, ол 1 айлық есептік көрсеткіштен кем емес, 100 айлық есептік көрсеткіштен көп емес көлемде болады. Атқару жазуын шығару барысында құқықтық және техникалық сипаттағы қызмет ақысының төменгі шегі жаңа талап бойынша 0,5 айлық есептік
көрсеткішті құрайды. Алайда бұл аталған өзгерістер мен толықтырулар нотариат институтының қордаланған проблемаларын толықтай жойған жоқ. Атап айтқанда, мұрагерлік
құқықтардан мұрагерлікті иеленудің енжар (пассивті) үлгісін реттейтін нормалар өзгеріссіз қалды. Алдағы уақытта да бұған қатысты ұсыныстарымызды құзырлы орындарға беретін боламыз. Жалпы нотариаттық қызмет азаматтар мен заңды тұлғаларға құқықтық көмек көрсетудің тиімді құралы. Сондықтан бұл саладағы шешімін күткен мәселелер нормативтік,
құқықтық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-техникалық тұрғыдан дұрыс шешімін табуы қажет.
– Әңгімеңізге рақмет.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті» 

Комментарий