Құқық | Право

Соттағы жаңашылдықтардың насихаты аз

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров өңірдің алты ауданында тұрғындармен кездесу өткізді. Облыстық соттың төрағасы Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарында Жоғарғы Соттың жобаларын жүзеге асыру бойынша соттарда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Өңірлерде татуластыру рәсімдерін қолдануды дамыту және мемлекеттік тілдің қолданылуы мәселелерін талқылап, ағымдағы жылдың ақпан айында заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.
Жергілікті әкімдіктердің ғимараттарында өткізілген кездесулерге аудан және ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік органдардың, жергілікті мәслихаттардың, «Нұр Отан» партиясы филиалының, «Атамекен» КП өкілдері, Ардагерлер кеңесі, медиаторлар, адвокаттар, нотариустар, прокуратура, полиция, БАҚ өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Облыстық соттың төрағасы Д.Әміров кездесулер барысында Елбасы Жолдауындағы сот-құқықтық жүйесіне бекітілген тапсырмалар, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының негіздері, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жобалары мен судьялардың қорытынды кеңесінде Жоғарғы Сот төрағасы берген тапсырмалардың жүзеге асырылуы жайлы айтып өтті. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндіре келе, «Биыл 3 ақпанында заңды күшіне енген заң нормалары азаматтар мен заңды тұлғалардың меншік құқығын қорғауды күшейтуге, нотариаттық жазба арқылы азаматтардың қызметтерді алуға қолжетімділігін оңтайландыруға, экономикалық және салық құқықбұзушылығын ізгілендіруге бағытталған», – деді Д.Әміров. Облыс соттарында іске асырылып жатқан Жоғарғы Соттың басымдылық жобалары да назардан тыс қалған жоқ. Яғни, «Үлгілі сот» жобасы аясында фронт-офис, Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мен Бурабай аудандық сотында «Түнгі сот», облыстың 7 сотында «татуластырушы-судья», Көкшетау қалалық сотында, Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мен Степногорск қалалық сотында «Судья көмекшісі», Көкшетау қалалық соты мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Отбасы соты» жобаларының жүзеге асырылуы сөз болды.
– Судьялардың қорытынды жиналысында Жоғарғы Соттың төрағасы Ж.Асанов азаматтардың соттарға деген сенімін арттыруға тапсырма берді. Сот жүйесі осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді», – деді сот төрағасы. Сондай-ақ, тұрғындармен кездесуде сот ісін жүргізудегі цифрландырудың маңыздылығы, электронды сот төрелігі, оның мүмкіндіктері мен азаматтар үшін артықшылықтарын атап көрсетті. Аудандардағы әрбір ауылдық округте азаматтарға онлайн режимінде бейнеконференц байланыс арқылы сот отырыстарына қатысу үшін «Сот кабинеті» бұрыштары құрылған. Дауды шешудің тәсілдері және татуластыру рәсімдері, медиация, партисипативтік рәсімдер, Билер кеңесін дамыту туралы да айта келе облыстық соттың төрағасы өңірде татуластырумен қаралған істердің статистикалық мәліметтеріне тоқталды. Аудандық соттардың төрағалары және жергілікті атқарушы органдармен ауылдық округтерде кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жасау, Билер кеңесінің қызметін ұйымдастыру мәселелерінде және тұрғындар арасында татуластыру рәсімдерін насихаттауда жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын атап көрсетті.
Облыстық соттың төрағасы азаматтық қоғамды қалыптастырудағы азаматтық ұстанымы, келісім және Ақмола облысында медиация институтын дамытудағы белсенділігі үшін аудандардағы медиаторларға Құрмет грамоталарын табыс етті.
Ақмола облысы бойынша Достық үйінде 3 татуластыру орталығы құрылып, әкімдіктер және соттардың ғимараттарында 38 медиация кабинеттері жұмыс істеуде. Жалпы, 67 кәсіпқой және 1036 кәсіпқой емес медиаторлар тіркелген. Сонымен қатар, ауылдық округтерде 69 Билер кеңесі құрылған. Ағымдағы жылдың екі айында даулар бойынша сотқа жеткізбей 35 медиативтік келісім бекітіліп, 70 тарапты татуластыруға мүмкіндік туды. Ал, 2018 жылы 465 медиативтік келісім бекітілген. Кездесу барысында облыстық сот төрағасы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін арттыру, сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану, ведомствоаралық хат алмасу мәселелерінің себептері мен кемшіліктерін айтты. Досжан Әміров Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін еске салып, Елбасының «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» – деген сөзін мысал етті. Сондай-ақ, сот төрағасы Елбасының 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны 95 пайызды құрауы тиіс деген тапсырмасын қаперге салды. Облыстық сот төрағасы тұрғындармен кездесуден кейін әр ауданның аудандық сот ғимаратында азаматтарды қабылдап, тұрғындардың сұрақтары мен мәселелерін тыңдап, дауларды шешудің тәсілдерін және сот сатыларына сот шешімдері бойынша шағым келтіру мүмкіндіктері жөнінде түсіндірді. Облыстық соттың төрағасы аудандарда азаматтарды қабылдау барысында 60-тан астам өтінішті тыңдады. Барлық келушілерге жауап және түсініктеме берілді.
Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметі

Комментарий

Бөлісу | Поделится