Қоғам | Общество

«Ішкілік – барлық жамандықтың кілті»

Спиртті ішімдіктен болатын кеселді ертеде қасиетті Құран Кәрімде Пайғамбарымыз бірнеше сүре мен хадисте жазып, үмбеттеріне одан аулақ болуды насихат еткен. Мәселен, бір хадисінде «Ішкіліктен сақтаныңдар! Өйткені ол – барлық жамандықтың кілті» деген. Негізінде арақтың адам денсаулығына қауіп-қатерін қазіргі таңдағы ғылым да жан-жақты дәлелдеп, айтып жатыр. Алайда, құлақ асатын адам аз…

«Арақ – барлық жамандықтың кілті» деген Пайғамбарымыздың бұл тұжырымының шындығын қазіргі таңда біздер күнде көріп, естіп жүрміз. Ішімдік ішіп көлік айдап, жол апатына түсетіндер қаншама?! Арақтың буымен заңды бұзып, біреудің құқығына нұқсан келтіріп, жаға жыртысып, тіпті бір-бірін пышақтап өлтіруге дейін барып жатқандарды қайтеміз?! Осы әзәзілдің суынан отбасылар ойран болып, бала жетім, ана жесір қалуда. Арақтың кесірінен талай бала өмірге
аурушаң болып келіп, зардабын ата анасы ғана емес, қоғам болып тартуда. Ішімдіктің салдарынан елімізде жыл сайын мыңдаған адам денсаулығынан айырылып, мүгедек болып жатыр. Жалпы, маскүнемдік мәселесі бізді ғана емес, әлемдік қауымдастықты да алаңдатып отырғаны анық. Мәселен, БҰҰ әлемдегі 185 мемлекеттің халқы арасында зерттеу жүргізген. Сол зерттеу нәтижесіне көз салсақ, Қазақ елі арақ ішу жөнінен алдыңғы ондыққа кіріп, 8-і орыннан бір-ақ шыққанын аңғарамыз. Еліміздегі статистикалық деректерге сүйенсек, наркологиялық орталықтарда ресми тіркелген 130 мың маскүнем бар екен. Бұлар нарколог дәрігерлердің көмегіне жүгінген, ресми тіркелгендері ғана.
Ал, мамандар шын мәнінде маскүнемдіктің шегіне жетіп, күнде бас жазбаса тұра алмайтындардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады. Баяғы қазақы менталитетімізге салып, наркологқа баруды ұят санап жүргендер миллионға жеткен. Нарколог-дәрігерлер бірқалыпты жұмыс істеп жүріп-ақ, 5-7 жыл арақты орташа деңгейде тұтынуды маскүнемдіктің алғашқы сатысы деп есептейді. Ендеше, сексеннен аса да «бір сілтерім бар» деп, тартып жіберетін қарттарды кімдердің қатарына жатқызамыз? Жиырма жасында арақтың дәмін татқан ол «аталарымыз» алпыс жылдан аса әзәзілдің суын ішіп келе жатыр емес пе?! Әрине, барлық уақытта мас болмас. Алайда, артық сілтеп, естерін білмей қалған, ертесі бастарын жазбаса, қалыптарына келе алмаған күндері болды ғой. Сонда оларды кім дейміз..?! Ең өкініштісі, бүгінде елімізде спирттік ішімдікке үйір жастар көбейген. Наркологтардың зерттеуіне сүйенсек, балалардың алды 8-10 жасында отбасында-ақ ішімдіктің «дәмін» татып көре бастайды екен. Қызығып, еліктеп деген сияқты әуестікпен. Ал, әлеуметтік зерттеулердің деректеріне көз салсақ, 13- 15 жастағы ер балалардың 75 пайызы, қыздардың 40 пайызы сырадан бастап шарап, араққа дейінгі ішімдіктерді ішіп көрген. 18-20 жастағылардың 90 пайызы алкогольдің дәмін татқан болып отыр.
Бұл енді дабыл қағарлық мәселе. Себебі, жастардың спиртті ішімдікке қарсы тұру иммунитеті төмен келеді де, олардың ағзалары араққа тез тәуелді болады. Алкоголь ағзадағы тірі тіндерді жойып, жасушаларды жаңартпайды. Ішімдікті ерте бастан тұтыну қыздарды бедеулікке, ұлдарды белсіздікке ұрындыратынын ғалымдар дәлелдеген. Жүктілік кезінде
ішімдіктің жеңіл түрін ішкен әйелдердің болашақ сәбилерінің 40-60 пайызы ақылесі кем, дене мүшелері дұрыс дамымаған, аурушаң болып туылатыны анықталған.
Жақында Сиднейдегі Маккуори университетінің ғалымдары да осындай зерттеулерін жариялапты. Олардың айтуынша, бала емізетін әйелдердің ішімдік ішуі нәресте миының дамуын тежейді. Олар бұл тәжірибені 2004 жылы бастаған. Зерттеуге 5000-нан аса ана мен бала қатысқан. Он жылдан аса уақыт зерттелген тәжірибеде бала емізетін әйелдердің ішімдік ішуі тексеріліп отырыпты. Ал, баланың ақыл-ойының дамуы екі жыл сайын бақыланған. Нәтижесінде, ішімдік ана сүтінің құрамын өзгертіп, дәрумендер санын азайтатыны анықталған. Сондай-ақ, ол баланың ақыл-ойының дамуын тежеп, ұйқы жиілігін өзгертіп жіберетіні дәлелденіпті. Тағы бір дерек, француз дәрігері Доньсе маскүнемдікке салынған 10 отбасының 57 сәбиіне ұзақ уақыт зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, олардың 25-і қызыл шақа кездерінде шетінеп кеткенін тіркеген. Бес бала тырысқақ ауруымен ауырған. Тағы бесеуінде ауыр ми ісіктері кездессе, 12 баланың он екі мүшесінде кемістік байқалғаны дәлелденген. Мұндай мысалдарды әлемнің әр елінен келтіруге болады. Ең бастысы, арақты үнемі тұтыну жүрек, қан айналымын бұзып, жүйке жүйесін зақымдап, түрлі ауруларға ұрындыратынын әрбір адам білуі тиіс. Мәселен, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының бекіткен мөлшері бойынша, жан басына шаққанда бір жылда алкогольді ішімдікті 8 литрден көп тұтынған елдің генафонды тоқырауға ұшырайды екен. Өкінішке қарай, елімізде бұл көрсеткіш 12 литрден асып кетіпті. Қазақ еліне арақты алып келіп үйреткен Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш 10,5 литрмен түйінделіп, олар БҰҰ-ның зерттеуінде 22 орында тұр. Сөйтіп, қазақ елі «ұстазынан» озып кеткен. Ел ішінде «орыстар бізге арақ ішуді үйретіпті де, қандай мөлшерде ішуді үйретпепті» деген бір әңгіме бар еді. Сол шындыққа айналған. Дегенмен, Ресей президенті В.Путин өткен жылы алкоголизм мәселесін өте күрделі жағдайда деп, оған қарсы кешенді шараларды Ресей Үкіметінде қабылдаттырған болатын. Ал, біздің Үкімет бұл мәселеде әлі үнсіз. Сонда кімді, нені күтіп отырғаны белгісіз..? Рас, бірер жыл бұрын спиртті ішімдіктер мен темекіні жасөспірімдерге сатпау, түнгі сағат 24 пен күндізгі 12 арасында саудаламау жөнінде қаулы шығарған. Алайда, оны орындап жатқан дүкендерді көрмедік. Саудасын жүргізу үшін тәуліктің қай уақытында барсаңыз да есік ашық, қалағаныңызды ала бересіз. Ендеше, бақылау, тексеру керек емес пе? Сонымен қатар, маскүнемдіктің алдын алу, одан емдеу шараларын кешенді жүргізу қажет. Әйтпесе, күні ертең кеш болуы мүмкін. Арақ адам
баласын түбі аздырады. Сондықтан, әзәзілден ұрпағымызды қорғап, иман жолын таңдайық ағайын!
Нұрболат АБАЙҰЛЫ

Комментарий