Саясат | Политика

Рейтингтегі «мәнді» емес, әлеуметтің халін ойлау керек

ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫНДА «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІНЕ БИЗНЕС ОРТАНЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ САУДА ҚЫЗМЕТІН РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ БІРДЕН ЕКІ ОҚЫЛЫМДА ҚАРАЛДЫ. ЖАҢА ҚҰЖАТТЫ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА МИНИСТРІ РУСЛАН ДӘЛЕНОВ ҚОРҒАДЫ.

Астанадағы базарларды аралап, азықтүлік өнімдерінің бағасын назарда ұстауға тырысып жүрген министр әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын мемлекеттік деңгейде реттеу қажеттігіне әбден көз жеткізген сияқты. Өйткені, аталмыш заң жобасында көзделген бірқатар талаптар осы мәселеге бағытталыпты. Онда мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін нақты шаралар дәйектелген екен. Соның бірі – әкімдіктерге азық-түлікті өз құны бойынша сататын сауда желілерін қолдануға мүмкіндік беру. Бұл шара тұрақтандыру қорларының резервтерін пайдаланудың баламасы болады. Сонымен қатар ішкі сауда субъектілеріне отандық өндіріс тауарларын көзге көрінетін және физикалық қолжетімді жерлерге орналастыру міндеті енгізілді. Көлеңкелі экономиканы қысқарту және контрафактілі өнімдермен күресу мақсатында тауарларды таңбалау мен қадағалау нормалары айқындалды. Міндетті таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін үкімет бизнес субъектілерінің келісімі бойынша бекітеді. Министрдің айтуынша, тауарларды сәйкестендірудің бұл әдісі тұтынушылардың құқықтарын қорғау және кәсіпкерлердің жосықсыз әрекеттерінің алдын алуға жол ашады. Жалпы заң жобасы Мемлекет басшысының бизнес ортаны одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында дайындалған. Онда басты басымдық кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және сауда саласына инвестициялар тарту, салық жүйесін басқаруды жетілдіру, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен сауда-саттықты одан әрі арттыруға беріліп отыр. Осы мақсатта әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың сатып алатын тауарларының уақытын және санын дербес айқындау, сондай-ақ, оны өткізу өкілеттілігі кеңейтілді. Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында арнайы экономикалық
аймақтарға қатысушыларға, олардың аумағындағы тауарларды сату кезінде қосымша құн салығының нөлдік ставкасын қолдануды таңдау құқығы ұсынылды. Электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлер үшін корпоративтік салық көлемі жүз пайызға төмендетілмек. Сондай-ақ, онлайн бақылау кассалық машинасын жергілікті жерлерде қолдану мерзімі 2024 жылдан 2020 жылға ауыстырылмақ. Бұл ретте заң жобасында шағын бизнесті ынталандыру үшін онлайн бақылау кассалық машинасын сатып алу кезінде салық сомасын алпыс мың теңгеге дейін төмендету мүмкіндігі енгізілді.
Құжатта тұтынушылардың электронды саудадағы құқын қорғау мәселелеріне де ерекше ден қойылған. Сонымен қатар, тауар биржаларын жетілдіру шаралары да қарастырылды. Бұл ретте нарықтық баға ұғымы енгізілді. Яғни, адал бәсекелестік және бизнес нысандарының биржалық саудаға еркін қол жеткізуі есебінен қалыптасқан бағалар болады. Онда барлық
биржа қатысушылары құқықтарының тең болуы қамтамасыз етілді. Брокерлер мен диллерді лицензиялау институты алынып тасталды. Биржаларды аккредиттеу институтын сақтау және өзін-өзі реттеуді енгізу арқылы бизнес қауымдастықтың өз жауапкершілігі күшейтілді. Заң жобасында агроөнеркәсіптік сауда мәселелері де назардан тыс қалмапты. Мәселен, отандық өнім өндірушілердің сауда желілеріне қолжетімділігін арттыру, әлемдік маңызы бар  тауарларды өткізу мақсатында ретробонустар белгілеуге тыйым салу көзделген. Қалған азық-түлік тауарларына қатысты бес пайыздан аспайтын мөлшерде ретробонустар лимиті енгізілді. Тоқетерін айтқанда, заң жобасы тұтастай экономикалық сипатқа ие. Сөз алған сенаторлар жаңа құжатты отандық бизнес қауымдастығының сұранысына дер кезінде беріліп отырған жауап деп бағалады. Олардың айтуынша, қабылданып отырған шаралар жеке сектордың тынысына тың да үлкен серпін береді. Алайда, олар әлі жеткіліксіз. Сенатор Еділ Мамытбеков осы ретте сауда саласында қалыптасып отырған жағдайлар үкіметтің сауда саясатына қатысты стратегиялық жоспар жасауын қажет ететініне назар аудартты. Өйткені, бұл салада орта және ұзақ мерзімді міндеттерді шешуге ресурстарды шоғырландырудың тетіктері жоқ. Бағдарламаларды болжау, мақсатты түрде жоспарлау, бақылау тәсілдері сабақтастықты қажет етеді. Жалпы экономиканың қай саласында болмасын реформа әзірге нүктелі сипатта жүргізілуде. Қатал реттеудің болмауы бір жағынан жоғары инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал етіп, саланың тез дамуына әкелсе, екінші жағынан көлеңкелі экономиканың өсуіне жол ашып отыр. Бүгінде республикадағы 51 пайызға жуық сауда алаңдарының қоры базарларға тиесілі. Осындай алаңдардың тапшылығынан ауылдағы, шағын қалалардағы шағын және орта бизнес үшін сауда саласы жеткілікті деңгейде тартымды болмай отыр. Сыртқы сауда да ұйымдастырушылық сипаттағы проблемалармен бетпе-бет келіп отырмыз. Соның нақты мысалы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер нарығына шығуға қойылып отырған шектеулерді айтуға болады. Оларға әсіресе, алкоголь, дәрі өнімдерін, мұнайды сату қиын. Бұл сауда секторын мемлекеттік және заңнамалық реттеуде қордаланған проблемалардың салдары. Заң жобасындағы бір өлшем сенаторлардың айрықша алаңдаушылығын тудырды. Ол кепілді несиелендірушілерге берілген артықшылық. Жаңа құжатта банкротқа ұшырап, таратылған кәсіпорындардың алдымен осы несиені өтеу қажеттігі жөнінде талап белгіленіпті. Министрдің
айтуынша, бұл шағын және орта бизнесті төменгі пайызбен несиелендіруге мүмкіндік беріп, халықаралық рейтингте еліміздің көрсеткішін көтеретін шара. Алайда, сенатор Серік Бектұрғанов бұл ұстанымға қарсы шықты. Ол осы ретте несиелердің алдымен қайтарылуы кәсіпорын жұмысшыларын жалақыдан қағып, олардың әлеуметтік жағдайына кері әсер ететініне назар аудартты. Шын мәнінде бүгінде банктердің өздері туындатқан жағдайлар көбіне бюджет есебінен реттелуде. Оларға бұл тұрғыда артықшылық берудің қажеті жоқ. Жалпы қай мәселеде болмасын алдыңғы кезекке әлемдегі рейтингті емес, халықтың бақуатты жағдайын қою керек. Елбасының да алға қойып отырған тапсырмасы – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Орынды көтерілген мәселеге қатысты министр
тарапынан уәж айтылмады. Сондықтан, құжат әлі де пысықталуы үшін Мәжіліске кері қайтарылды. Осылайша, жаңа министрдің Парламентке келген алғашқы қадамы сәтсіздеу болды.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий

Бөлісу | Поделится