Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Жиырма бір мың теңгенің жыры

Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде Үкіметке көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеудің жаңа үлгісін ұсынып, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек әрбір балаға 21 мың теңгеден айналуы тиістігін айтты. Алғашында өз құлақтарына өздері сенбеген аналар бүгінде ХҚКО мен жергілікті әкімдіктерді жағалап жүр. Себебі, жаңа Үкімет Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын шілдеге қалдырмай жеделдетіп орындауы тиіс.

«Әлеуметтік қамқорлық» деп те аталатын су жаңа әрі қомақты жәрдемақы көпбалалы аналарға сәуір айынан бастап есептелетініне қарамастан, аталған төлем төңірегінде сұрақтар күн сайын көбеюде. Осы ретте, біз әрбір балаға төленуі тиіс «20 789 теңгеден кімдер үмітті, ол қалай төленеді?» деген сауалға жауап іздеп көрген едік.
Елбасы «Нұр Отан» партиясының съезінде биылға есептелген республикалық бюджеттің барлық шығынының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталғанын және халықтың тұрмысын көтеру мақсатында Ұлттық қордан тағы қосымша қаражат бөлінетінін айтты. Демек, жаңа атаулы әлеуметтік көмекке қажетті қаражат мәселесі шешілген. Бірақ, оның қалай және кімдерге берілетіні әлі де болса нақтылауды қажет етеді. Мәселен, Мемлекет басшысы партия жиынында ел билігіне халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған нақты үш тапсырма бергені есімізде. Соның біріншісі, халықтың табыс көзін арттыру және аз қамтылған қазақстандықтарға қолдау көрсету. Жалпы, елімізде төрт және одан көп балалы отбасылардың саны 340 мыңға жуықтайды. Осы орайда, олардың тұрмыс жағдайы әртүрлі екенін тілге тиек еткен Президент Н. Назарбаев Үкіметке күнкөрісі төмен отбасыларға көмек көрсетуді тапсырып, бірінші кезекте аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көрсетілер көмектің жаңа түрін ұсынған еді. Алайда, халық Елбасы айтқан «тұрмысы төмен отбасылар» мен «аз қамтылған көпбалалы отбасылардың» айырмашылығын әлі күнге ұға алмай дал. Осы тұста, бала саны төртеуге толмайтын, бірақ, тақыр кедей отбасыларға қандай жәрдем болатыны белгісіз күйі қалып отыр.

Сәуірге дейін сабыр етейік
Қалай есептесек те, көпбалалы отбасыларға берілетін 21 мың теңге көпке дейін жыр болатын түрі бар. Себебі, біз «хитқа» айналған 21 мың теңгенің есеп-қисабын білмекке Алматы қаласы
Алматы облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, сондай-ақ, бірнеше аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне хабарласқан едік. Алайда, барлығы ақылдасып алғандай, бірауыздан «Бірер аптадан кейін хабарласыңыздар. Қазір сіздерге тұшымды жауап бере алмаймыз» деді. Қолдағы ақпаратқа сенсек, күнкөріс деңгейінің жетпіс пайызына сай белгіленген төлем әрбір балаға ай сайын 20 789 теңгеден беріліп, ол он сегіз жасқа дейінгі балалар мен 23 жасқа толмаған студенттерге де төленеді. Ал, жаңа атаулы әлеуметтік көмекке ілінбей қалған көпбалалы аналардың жәрдемақысы (1.01.2018 жылға дейін тағайындалған) бұрынғыдай 10 504 теңге күйінде қалыпты. Бұл жағы түсінікті делік. Ал көпбалалы, бірақ еш жерде жұмыс істемейтіндер қайтпек? Әсіресе, шалғайдағы ауыл халқы. Айталық, сіз көпбалалысыз. Сіздің отбасыңызда ешкім еш жерде ресми түрде жұмыс істемейді. Бұл жағдайда тиісті мемлекеттік мекемелер сіздің жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» жәрдемақысын тағайындау туралы өтініштеріңізді қанағаттандыра алмайтыны анық. Мұндай мәселемен халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтыған санаты мен ауылдағы жұмыссыздар бетпе-бет келетінін және ондайлардың аз еместігі анық. Олай болса, билік келер айға дейін осы тығырықтан шығатын жолды тауып қалар. Не де болса, сәуірге дейін сабыр етейік.

Жұмыртқа санау науқаны жақындап келеді
Енді көпбалалы аналарға үміт отын сыйлаған 21 мың теңге қалай есептелетініне аз-кем тоқталып өтсек. Біріншіден, бұл төлем көпбалалы отбасылардың барлығына бірдей берілмейтінін мықтап еске сақтап алғанымыз жөн. Аталған әлеуметтік қамқорлық әлеуметтің ең әлсіз тобына бағытталғандықтан, оның есеп-қисабының да қиындығы аз емес. Елбасы уәде еткендей, атаулы әлеуметтік көмек төрт және одан да көп баласы бар отбасының ортақ табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспайтындарға беріледі. Алдымен, осының есебін шығарып көрейік. Биылға белгіленген ең төменгі күнкөріс мөлшері 29 мың 698 теңге, ал оның елу пайызы 14 мың 849 теңге болады. Демек, атаулы әлеуметтік көмекті отбасының жиынтық табысын отбасы мүшелеріне теңдей бөлгенде 14 мың 849 теңгеден аспағандар ғана алады. Осы ретте, жұрт тағы бір мәселені шатастырып жүр. Бастапқыда көпшілігіміз көпбалалы отбасының жиынтық табысын адам басына бөлгенде отбасы мүшелерінің барлығы есепке алынады деп ойлаған едік. Мысалы, төрт балалы отбасының бір айлық кірісі 80 мың теңге десек, ол біз ойлағандай алты адамға емес, бес адамға (төрт бала және анасына) теңдей бөлінеді екен. Есептеп көрсек, жоғарыдағы 80 мың теңгені беске бөлсек, адам басына 16 мың теңгеден айналатындықтан, бұл отбасы атаулы көмектен қағылады. Егер дәл осы 80 мың теңгені алты адамға (төрт бала және анасы мен әкесіне) шақсақ, әңгіме басқаша болар еді…
Енді, отбасының жиынтық табысы қалай есептелетініне тоқталайық. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпараттарға сүйенсек, отбасының жиынтық табысына еңбекақы мен жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыстар кіреді екен. Бір жақсысы, мұнда төрт және одан да көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы, көпбалалы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне төленетін төлемдер, мүгедек балалардың жәрдемақысы, студенттердің шәкіртақысы, т.б есепке алынбайды. Бір қарағанда, бәрі түсінікті. Алайда, жиынтық табысты есептеуде қосалқы шаруашылықтан түсетін кірістің қалай саналатыны әлі белгісіз. Жеке қосалқы шаруашылыққа ауылдық және қала маңындағы жер телімдері, егіс алқаптары ғана емес, мал және үй құстарының барлық түрі жатады. Бұл дегеніміз, бірер күнде тиісті комиссия мүшелері үй-үйді аралап, көпбалалы отбасылардың мал-жанын түгендеп, баяғыдай жұмыртқа санауы әбден мүмкін деген сөз…

Жақсылық ҚЫРЫМБАЕВ, Алматы облысы Жамбыл аудандық Жұмыспен
қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
– Елбасының жаңа «Әлеуметтік қамқорлық» шарасына сай төленетін 20 789 теңге мөлшеріндегі төлем алдағы сәуір айынан бастап есептелетінін өздеріңіз де білесіздер. Алайда, әлі заң қабылданған жоқ. Сондықтан, халықтың қордаланған сұрақтарына әзірге толыққанды жауап беру мүмкін болмай тұр. Біз қазір жоғарыдан аталған төлемді жүзеге асыруға бағытталған, сараланған әдістемелік пен нақты нұсқаулықты күтіп отырмыз. Сол құжаттар қолымызға тиісімен, іске кірісеміз. Негізі төлем өтініш қабылданған уақыттан бастап есептеледі. Сондықтан, халық дайын жүргені жөн. Азаматтардың өтініштерін жұмыспен қамту орталығы қабылдайды. Төлемді де тағайындайтын осы мекеме. Ал, біздің міндетіміз оны төлеу ғана. Жаңа заң талабы бойынша, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі халыққа тікелей қызмет көрсетпейді. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қолға алынған шара. Бұған дейін ауылдық жерлерде атаулы әлеуметтік төлемдер қалай жүзеге асты дегенге келсек, тұрғындар өздері тұрып жатқан ауылдық округтер арқылы тиісті көмекті рәсімдейтін. Мысалы, Жамбыл ауданына қарасты 62 ауыл бар. Сол ауыл әкімдіктерінің әрқайсысында бес адамнан тұратын комиссия жұмыс жасайды. Олар тұрғындардың өтініштерін қабылдап, әлеуметтік жағдайын анықтайды. Комиссия әлеуметтік жағдайы төмен деп тапқан отбасыларға тексеру актісін береді. Бұдан әрі азаматтар ХҚКО барып, тиісті құжаттарды өткізеді. Содан кейін оның құжаттары Жұмыспен қамту орталығына түсіп, олар жәрдемақы тағайындап, құжаттарын бізге жібереді. Сол бойынша біз төлеуді жүзеге асырамыз. Осы жолы қалай болатынын дөп басып айту қиын. Естуімізше, өтініштер ХҚКО арқылы «Е-НАLYK» бағдарламасына түседі де, одан жұмыспен қамту орталығына, кейін әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолданады. Аталған бағдарламаның базасында тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қатысты барлық ақпаратты табуға болады. Онда азаматтардың табысынан бастап, мал-мүлкіне дейін, отбасы мүшелерінің саны, олардың денсаулық жағдайына дейін, бәрі осы базада көрсетіледі. Алайда, мұндай ақпараттық база бірде-бір ауылдық округте жоқ. Сондықтан, жаңа атаулы әлеуметтік көмек бұрынғы тәртіпке сай жүзеге асатын сияқты.
Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий

Бөлісу | Поделится