Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Азынаған аялдамалар»: елорда әкімі қысқы көшелерді аралап көрді

Әкімнің «Жылуы істемей тұрған аялдамаларды байқап жатсаңыздар, нақты орналасқан жерін айтуларыңызды сұраймын» дегені сол-ақ екен, қала тұрғындары кемшіліктің бәрін жіпке тізгендей етіп жеткізуде.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов әкімдікке жақын маңайдағы көшелерді аралап, жылуы қосылмаған «жылы аялдамаларды» өз көзімен көріп қайтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бүгін қаладағы жылы аялдамалардың бірқатарына бардым. Жылуы жоқ аялдамалар анықталады. Соның бірі – Республика даңғылымен қиылысатын Сейфулин көшесіндегі «Жастар сарайы» аялдамасы. Қала бойынша осындай аялдамаларды тексеріп шығу аудан әкімдеріне тапсырылды» деп жазды ол өзінің instagram парақшасында.

Әкімнің «Жылуы істемей тұрған аялдамаларды байқап жатсаңыздар, нақты орналасқан жерін айтуларыңызды сұраймын» дегені сол-ақ екен, қала тұрғындары кемшіліктің бәрін жіпке тізгендей етіп жеткізуде. Жылуы қосылмаған аялдамалардан бөлек, жабық аялдамалар мүлде салынбаған орындар Тілендиев, Тәуелсіздік даңғылдары, Нәжімединов көшесі, Самал шағын ауданы, 73 мектеп-лицейінің алды… деп кете береді.

Тұрғындардың бірі: «Пригородныйға бұрылғандағы Ново аэропортская аялдамасы желге қарсы тұр, ашықта. Таңғы уақытта суық сүйегіңнен өтіп кетеді. Жылы аялдама керек-ақ», – десе, екіншісі: «50% аялдамалар жарамсыз ғой. Сапасы өте нашар. Ақшаның ауаға ұшқанын-ай!» – деген күйінішін білдірген.

Ал Алтай Көлгінов аталған жазбасында: «Қала тұрғындарына жайлы болу үшін көбірек жылы аялдамалар салуды жоспарладық», – деп отыр.

Еске сала кетсек, біз бұдан бұрын да «Нұр-Сұлтандағы жабық аялдамалар қашан іске қосылады?» деген мақала жариялаған болатынбыз. Сол кезде де қысы алты айға созылатын бас қаланы қытымыр аяз қысып тұрса да «азынаған аялдамалардың» оған дайын емес екені айтылған-ды. Елордалықтарға енді әкім уәдесінің нәтижесін күтуге тура келеді.

Комментарий