Қоғам | Общество

Бауырлас ел қазақ халқына алғысын білдірді

Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған Түркияның әнұраны қабылданған күнге орай Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің Еуразия ғылыми-зерттеу институтында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Түркия Респбликасы әнұранының авторы Мехмет Акиф Ерсойды және 18 наурыз «Чанаккале теңіз жеңісін» еске алуға арналған шараға Қазақстан және Түркия Республикасының зиялы қауым өкілдері қатысып, екі елдің рухани саладағы қарым-қатынасын кеңінен қозғады. Әуелі Қазақстан, сосын Түркияның гимні шырқалған жиында әнұран құдыреті төңірегінде әңгіме өрбіді.

Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доцент, доктор Вакур Сүмер жиынның ашылу сөзінде Түркияның ең үлкен рухани қаһармандарының бірі М.А.Ерсой ғасырдан астам уақыт бұрын Түркияның қиын жағдайын он шумаққа сыйғызған жырымен түрік халқының жеңіс рухын оятқанын тілге тиек етті. Бірнеше ай бұрын Еуразия ғылыми-зерттеу институты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Мимар Синан университетімен бірлесіп Ыстамбұл қаласында Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай халықаралық симпозиум өткізген. Симпозиумда басты тақырып М.Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» атты жырының аясында өрбіп, ол Түркияға ел басынан ауыр да тарихи кезеңді өткеріп жатқан шақта қазақ халқының рухани көмегі болғанын, бұл басқосу сол жиынның рухани жалғасы екенін жеткізді.

Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз Осман империясы тарап, Түркия халқы тәуелсіз жаңа мемлекет құру үшін соғыстарды басынан өткергенін, сол уақытта Мехмет Акиф Ерсойдың қаһарман замандастарының ерлігі бүгінгі Түркияның негізін қалағанына тоқталды. Сонымен қатар, Бас консул осы атаулы күнге орай Түркия Президенті Р.Т. Ердоғанның: «Мехмет Акиф Ерсойдың өлеңдерінде елдік бірлік, ұлттық және рухани құндылықтар рухы бар. Ұлт Тәуелсіздігінің декларациясы болған ұлттық әнұранымыз еліміздің бостандық үшін күресіндегі еркіндік рухын қастерлей білуде халық бірлігі мен бен ынтымақтастығы арқасында бабалар рухын сақтаған қасиетті жыр жолдары» деген пікірін оқып берді.

Жиынға арнайы шақырылған Ыстамбұл Жаңа ғасыр университеті Түрік тілі мен әдебиеті факультетінің профессоры, ф.ғ.д. Мехмет Метин Караөріс ширек ғасыр бұрын Түркістанда қызмет атқарғанын, сол уақытта Бес арыс еңбектеріне ден қойып, оның ішінде Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына айрықша зерттеу жүргізгенін жеткізді. Тіпті, М.Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін қазақша оқып беріп, сол уақыттағы қазақ халқының бауырмашылығына алғысын білдірді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті «Түріксой» зерттеу орталығының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Зубайда Шадкам әнұранның азаматтар өмірінде алар орнын еске сала келе,

бұған мысал ретінде «Менің – Қазақстаным» әні Кеңес одағы кезінде қысым мен қиындыққа қарсы бас көтерген Қазақ халқының рухани мұнарасы болғанын және Тәуелсіздікке 15 жыл өткен соң мемлекеттік әнұран болып, өзінің нақты дәрежесіне көтерілгенін баяндады.

Жиын соңында Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысатын институт атынан естелік сыйлықтар табыстады.

С.ОРЫНБАСАР

Комментарий

Бөлісу | Поделится