Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

АҚШ-тағы турнирде қазақстандық бес зілтеміршінің бәрі де алтын медаль иеленді

Лас-Вегаста ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық команда бес алтын медаль ұтып алды, – деп хабарлайды Tengrinews.kzтілшісі Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасының тағы екі спортшысы команда қоржынына алтын жүлде алып келді. 81 келіге дейінгі салмақта Ольга Пастухова екі жаттығу қорытындысы бойынша 215 (жұлқа көтеруде – 92, серпе көтеруде – 123) келіні бағындырып, әлем чемпионы атағын кезекті рет алды.
Рахат Бекболат та әлем чемпионатында бақ сынады. 96 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол қоссайыс нәтижесі бойынша 323 келіні (жұлқа көтеруде – 144, серпе көтеруде – 179) көтеріп, мойнына алтын медаль тақты. “Жасөспірім спортшыларымыз осы сайыстарда өз күш-қуаттарын көрсете алды. Әрине, командадағы алғашқы жеңістер Ольга мен Рахатты одан сайын жігерлендіріп жіберді. Олар сол деңгейді түсірмеу керек екенін түсінді. Жақсы көңіл-күй, табанды жаттығуларымыз – осының бәрі чемпионатта алтын медаль алып келді. Командамыздағы ең жас спортшы Рахат Бекболат үшін бұл дебют болған, ол бізді нәтижесімен қуанта алды”, – деді жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов. Жалпы есепте Қазақстан бес медаль еншілеп, сенімді жеңіске жетті. Жалпы есеп: 1. Қазақстан – 5-0-0; 2. Өзбекстан – 2-3-1; 3. Вьетнам – 2-0-1. Бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның қоржынына алтынды Ақмолда Сайрамкез (61 келіге дейінгі салмақ), Сайхан Тайсуев (67 келіге дейінгі салмақ) пен Сәпи Есенгелді (81 келіге дейінгі салмақ) әкелген болатын. Ауыр атлетикадан Лас-Вегаста өтіп жатқан әлем чемпионаты 15 наурызда аяқталады. Бұл чемпионатта 50 елден 13-17 жас аралығындағы екі жүзден аса спортшы қатысып жатыр. Қазақстанның атынан бес спортшы өнер көрсетті.

Комментарий