КОНКУРС ДЕТЕКТИВ

Алаяқта амал көп

ПИҒЫЛЫ БҰЗЫҚ «ПЕРІШТЕ»

Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кешіп келе жатқан Алмагүл  мемлекеттен алатын азғантай еңбекақысын місе тұтпай, ала дорбасын арқалап, базарға шықты. Бастапқыда ұсақ-түйек сатумен айналысты. Табысы да жаман болмады. Бір-екі жылдан кейін киім-кешек сататын дүкен ашты. Қимылы ылдым-жылдым, майда тілді келіншектің саудасы дөңгелей кетті. Бірақ сауда-саттықпен айналысқанын күйеуі құптай қоймады. Біреудің ала жібін аттамаған Қанат үшін табан ақы, маңдай термен тапқан ақша ғана адал саналатын. Оны тыңдайтын Алмагүл жоқ.

Сауданың дәмін алған Алмагүл сырттан тауар алып сататын болды. Қытайдан бір серіктес тауып, оның жіберген киім-кешектерін Алматының үлкен базарларына өткізіп жүрген. Бір күні қысық көз құрбысы жіберген бірнеше түйіншекті республиканың түкпір-түкпіріне таратты да, Гуанжоудағы құрбысына хабарласты. «Ақшадан, барлық тауардан айырылып қалдым», – деп жылап-сықтады. Оған серіктесі сенді ме, сенбеді ме, ол жағы белгісіз, әйтеуір артынан түскен жоқ. Алмагүлді ырғын байлыққа батырған осы жолғы сауда болатын.

Ақшаның буы жұмырбасты пендені аздырмай қоймайды екен. Содан саудагер келіншек қанағат дегенді ұмытты. Ақша үстіне ақша жамауға құнығып алды. Алаяқтықпен тапқан алғашқы мол қаржысына бірнеше жер телімін алып, үй сала бастады. Өйткені Қытай асуға қауіптенді, оның үстіне шекараның алым-салығы да арта бастаған….

Алғашқы құрбандық

2004 жылдың бас кезі еді. Алмагүл салған үйлердің бағасы бірден шарықтап кетіп, ол ақшаның астында қалған. Заман осылай тұра береді деп ойласа керек, үй бизнесінен тапқан табысының бәрін тағы да жерге салды. Алматыны шыр айналып, кездескен жер телімдерінің бәрін сатып ала берді. Алайда кәсіпкер келіншектің құрыған жері де осы болды. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығадының» кері келді. Гектарымен жер телімін сатқан делдалдар қулығын асырған екен. Бар ақшасына сатып алған қара жердің тең жартысының заңды құжаты болмай шықты. Ал қалғаны – су  мен жарық былай тұрсын, әлі жол түсіп үлгермеген иесіз дала. Осы сәтсіздіктен кейін Алмагүлдің өмірі күрт өзгерді. Ол алданғанына налыды. Алаяқтарды қарғап-сіледі. Бірнеше күн төсегінен тұра алмай жатып қалды. Бұдан ештеңе өзгермейтініне көзі жеткен соң, орнынан тұрды. Мен де біреуді алдадым ғой, сол алдымнан шықты демеді. Керісінше, жұрттың бәрін жек көрді. Алдына бір ғана мақсат қойды. Ол – қайткенде де алаяқтардың уысында кеткен ақшасын қайтару. Бұдан өзге ештеңе ойламады.

Алмагүл мақсатын жүзеге асыру үшін жұмысты өзінен бастамақ болды. Ең алдымен базардағы дүкенін сатты. Одан түскен мардымсыз ақшаға тағы да жер телімін алды. Сонан соң ең жақын құрбысына айналасы бау-бақшалы жер телімін көрсетті. «Мына жерге зәулім сарай саламыз, оны сатсақ байлыққа батамыз», – деп сендірді. Айлакерлікпен құрбысының үйін банкке кепілге қойдыртып, 14 миллион 500 мың теңге несие алды. Банкке ай сайынғы төлемді алғашқы екі-үш ай уақытылы төлеп тұрды. Кейін ұмытты. Өйткені бұл кезде құрбысының ақшасын төлеуге ниеті де, уақыты да жоқ еді. Себебі ол осы жарты жыл уақыт ішінде туған-туыс, таныс-тамыр арасынан 12 адамды дәл осы жолмен сан соқтырып үлгерген болатын.

Жақындарын зар жылатып…

Екінші құрбаны – қайынағасы. Ашық мінезді келініне имандай сенетін қайынағасы оның өтінішін тыңдап жатпай, Алматының қақ ортасындағы үйі мен бау-бақшалы қора-жайын банкке кепілге қойды. Банктен алған 18 миллион 700 мың теңгенің бір тиынын да жаратпай, ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған келініне ұстата салды.

Қайынағасын қара жерге отырғызған сылқым келіншек қылмысы әшкере болмай тұрғанда қарпып қалуға тырысты. Қармағына іліккендердің бәріне қала шетіндегі жер телімін көрсетті. Анасының ұзақ жылғы құрбысы – Мәриям апайдың өмірбойғы жиған-терген тиын-тебенін де шәй үстіндегі қысқа әңгімеде-ақ сыпырып әкеткен. Мәриям апайдың жалғыз ұлы шетелде тұратын. Одан туған жалғыз немересі жуырда Алматыға келіп, осында қалыңдық айттырмақшы болған екен. Кейуананың немереме деп жиған 10 миллион теңгесі де лезде қолынан сусып кетті.

Алаяқта амал көп

Арада бірнеше күн өткенде тіс қаққан келіншек күйеуінің досы Мұратбекті айналдыра бастайды. Алайда Мұратбек анау-мынауға оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Бірақ Алмагүл оның қасында өткен-кеткенді айтып, шәй ішіп, әңгімелесіп екі сағаттай отырады. Досының әйелін қанша жылдан бері көріп жүрсе де, оның дәл бүгінгідей ашық-жарқын мінезін байқамаған Мұратбектің де буыны босап кеткен еді. Тіпті оның бизнес жоспарын естіп, «Өндірістік база салғалы жатырмын, соған 9 миллион теңге жетпей тұр» деген сөзіне майдай еріді. «Алмагүлдің жоспары да, талабы да жақсы екен» деп іштей риза болды. Әңгіменің соңын айтқызбай түсінген ол Алмагүлге екі күннің ішінде сұраған ақшасын тауып беруге келісімін берді.

«Дәріханадан» дәметіп…

Бұл жолы оның қармағына жалғызбасты Айжан деген қыз ілінді. Айжан Оралдан келген. Қаланың шет жағында пәтері бар. Алмагүлдің арбауына түскен жас қыз бір күннен кейін-ақ оған құжаттарын рәсімдеп, банктен ақша алып берді.Айжаннан кейін медициналық орталықтың басшысы Мақсат пен тағы бір білікті дәрігер топ ете түсті. Алаяқ әйелдің бұл жолғы айласы тіптен қызық. Ол дәрігерлердің мінез-құлқын әбден тексеріп, қай жерден ұстау керегін жақсы меңгерген. Ойлап тапқан амалы – дәріхана ашу.

Алмагүлдің бұл ұсынысын олар құп көріп, үлескер ретінде қаржы қосады. Бұл болса, жаңа бизнестерінің даңғыл жолға түсуін тілеп, үлескерлердің бәрін мейрамханаға шақырады. Көл-көсір ақша, көпірме сөз  мейрамханадағы басқа қонақтардың да назарын аударып әкетті. Сол күні алаяқ әйел тағы бір жігітпен танысады. Ол сыра зауытының иесі – Мағжан деген кәсіпкер еді.

Шортан аулау

Бас шұлғып отырып, екі күнде барлық құжаттарын рәсімдеп, ақшаны оның шотына аударып берген Мағжан Алмагүлдің қармағын қапқандардың ең ауқаттысы еді. Кер маралдай керіле қалатын көрікті келіншек оны орға құлату үшін аянып қалмады. Онымен бірге қала маңынан жақсы үйді жалға алып, күнде бір уақыт кездесіп тұрды. Не құдіреті барын кім білсін, Алмагүл келгенше Мағжанның жаны жай таппайтын. Жаңа қосылған ерлі-зайыптылардай олар бірін-бірі сағына көрісетін күнге жетті. Мағжан ғашығын бір күні кәсіпкерлердің жиынына алып барды. Сол күні-ақ алаяқ келіншектің қақпанына тағы бір арлан түскен. Ол Алматыдағы шіріген байдың бірі болса керек. Әппақ көйлек киіп, қасы-көзін керген сұлу келіншек шылым шегетін оңаша бөлмеде отырған Айбар байдың үстіне «аңдаусызда» кіріп барды. «Ой, кешіріңіз!» деп кейін шегінбек болған «періштені» оның өзі тоқтатты. Сөйтіп, олар танысты. Тәтті әзіл айтысты.

Арада екі күн өткенде Айбар оны Қапшағай қаласындағы өзінің казиносына шақырды. Казино деген ақшаның суша ағып, намыстың топырақша тапталып  жататын жері екенін Алмагүл сол кезде алғаш сезінді. Ешбір әртістен кем түспейтін тума таланты бар әккі әйел сол күні Айбар мырзаның аяғын уқалап отырып, өзінің жеке бизнесіне үлескер ретінде кіруге көндірді. Бұл оның тоғызыншы алаяқтық әрекеті болатын. Бірақ ол мұнымен шектеліп қалмады. Тағы да бірнеше шабаққа қармақ салды. Бәрі оның қармағын анталай қауып жатты. Өйткені оның дені туған-туыс, дос-жаран болатын. Ол жақындарының банктен алып берген несиелерінің алғашқы үш айдағы төлемін Мағжан мен Айбар секілді дөкейлердің ақшасымен жауып отырды. Кейін қоянбұлтаққа салып, таптырмай кететін.

Асқанға – тосқан

«Мың асқанға, бір тосқан» деген рас екен. Алмагүлдің де ақыры арты ашылды. Алғашқы құрбаны – ең жақын құрбысы 7 ай төленбеген қарызын сұрап, оның «зәулім сарай салып, сатамын» деген жер теліміне барды. Оны бос жатқан қара жер ғана қарсы алды. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, даудың басы осыдан шықты.

Айналып келгенде алданып, сан соққандардың бәрі Алмагүлдің үстінен арыз түсірді. Оның алаяқтық жолмен тапқан ақшасының көлемі 500 мың долларға жетіпті. Бірақ өзінің алаяқтығын қылмыс деп мойындамаған ол «барлық қарызды қайтарам» деп байбалам салып бақты.

Қараңғы қапаста жатып, бүкіл өткен өмірін көз алдынан өткізген ол өзіне қандай жазаның тағайындалатынын емес, осы жолға қалай адасып түскенін, неге алжасқанын, қай жерден шалыс басқанын ойлап, басы қатты. Өйткені бұл кезде өзгеге қазған орына өзі түскенін жан-тәнімен сезінген еді.

Күзетші: «Алмагүл, сізге күйеуіңіз келді, бері шығыңыз!» – деп шойын есікті шиқылдата ашқанда, бұл селк етіп, есік жаққа қарады. Тар қапастың сығырайған терезесінен күн сәулесіндей үміт оты маздаған еді…

Райхан РАТОВА

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Басқа да | О другом

Комментарий