Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

Заң көмегін көрсету ісі жетілдіруді қажет етеді

Жуырда елордада Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңының жүзеге асу барысы алқалы жиынға арқау болды. Заң саласының қызметкерлері, депутаттар, қоғамдық ұйымдар мен мүдделі құзырлы орындар өкілдері қатысқан жиында адвокаттық және заң қызметін көрсетудің өзекті мәселелері көтерілді. Бүгін бірнеше өзекті сауалдар бойынша ведомство басшысының, адвокаттық ұйымдар жетекшілері мен мүшелерінің ой-пікірлерін ұсынбақпыз.

– Жаңа заң күткен сенімді ақтады ма?

Қадыржан Баймұханова, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

– «Адвокаттық қызмет және заң қызметі туралы» заң өткен жылдың екінші жартысынан бастап қолданысқа енді. Осы уақыт ішінде адвокатура саласында да, заң қызметін көрсету ұйымдарында да елеулі өзгерістер болды. Алдымен аймақтық адвокаттар алқасы өздерінің құрылтайшылық құжаттарын заңмен сәйкестендіріп, атқарушы және басқа да органдардың жаңа құрамын сайлады. Республикалық адвокаттар алқасы(одан әрі РАА) президиумының, ғылыми-консультативтік кеңестің, адвокаттар құқын қорғау мен тексеру комиссияларының құрамы жаңарды.

Заңға сәйкес РАА президиумы төрт жылға сайланып, құрамы әр алқадағы адвокаттар санына тең деңгейде жасақталады. Бұл өлшем РАА-ны ұйымдастыруға елеулі өзгеріс енгізді. Егер бұрын оған өкілдік әр алқадағы адвокаттар санына сәйкес анықталса, енді бұл ұйымның мүшелігіне әр алқадан екі өкіл енетін болды. Сонымен қатар адвокаттардың республикалық конференцияға өкілдігіне белгіленген талап та өзгерді. Оған әрбір аймақтық алқадан бес адвокаттан ұсынылуда. Бұл РАА-ның қажеттілігі үшін аударылатын қаржы көлеміне айтарлықтай әсер етті.

– Құжатта адвокаттардың жауапкершілігі мәселесі қаншалықты нақтыланған?

– Заң бойынша адвокаттарды тәртіптік жауапкершілікке тарту рәсімі де жетілдірілді. Оның екі деңгейлі жүйесі енгізілді. Жергілікті деңгейде адвокаттардың заңсыз әрекеттеріне жасалған шағымды қарайтын адвокаттардың тәртіптік кеңесі құрылып, жұмыс істеуде. Бұл комиссиялардың шешімдеріне шағым сотқа және адвокатураның тәртіптік кеңесіне жасалады. Онда аймақтық алқалардың жетекшілеріне де шағымдар қаралады және бұл ұйым тәртіптік кеңес тәжірибесін таратуға міндетті. Комиссияның құрамы 11 мүшеден тұрады, олардың 6-ы адвокат, 2-і отставкадағы судья, 3-і әділет органдары ұсынған қоғамдық ұйым өкілдері. Осылайша бұл комиссиядағы адвокаттар санына жаңа заң бойынша басымдық беріліп, адвокаттардың тәртіптік жауапкершілігін қараған кезде тәуелсіздік қағидатын сақтауға жол ашылып отыр.

Оксана Савчук, Алматы қалалық адвокаттар алқасы адвокаттардың тәртіптік кеңес комиссиясының мүшесі:

– Тәртіптік кеңес құрамында жұмыс істеген тәжірибеме сүйене отырып, Заңның осы ұйымның қызметін реттейтін 72-бабына өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Тәртіптік іс бұл комиссияда бұзушылық анықталған күннен бастап бір айдан аспайтын уақытта қаралады. Заңда тәртіптік өндірісті қозғауға негіз болған сот актісіне шағым жасалған жағдайда немесе осындай жауапкершілікке тартылған адвокат ауырып қалғанда қарау мерзімін тоқтату қарастырылмаған. Сондай-ақ заң бойынша тәртіптік істі қарау барысында комиссия өздерінің отырыстарына шағым жіберген тұлғалар мен шағым жасалған адвокаттар алқасының мүшелерін шақыруға міндетті. Бұл жерде де нақты ұғым жоқ. Әсіресе өз шағымдарын әділет органдарына жіберген азаматтарға қатысты талап нақты айқындалмаған. Сол секілді тәртіптік іс қозғауға негіз болатын құжаттарға қатысты дау туғызатын жайттар да бар. Мысалы, заң бойынша істі қозғау үшін адвокаттың аталмыш заңды, адвокаттардың кәсіби этика кодексін, адвокаттар алқасы жарғысын бұзғанын дәлелдейтін фактілер болса жеткілікті. Көрсетілген фактілердің жеткіліктілігін немесе керісінше жеткіліксіздігін қалай бағалауға болады? Бұл мәселе түскен сот актісінің негізділігін тексеру барысында немесе тәртіптік кеңес мүшелерінің жазған қорытындысы бойынша ғана анықталуы мүмкін. Демек тексеру барысында көрсетілген дәйектер жеткіліксіз болса, онда тәртіптік істі қозғау заңсыз болып шығады. 72-баптың 4-тармағына «Тәртіптік өндірісті қозғауға себеп болатындар: сот талқысы бойынша адвокат қорғаушы болып табылатын заңдық күшіне енген сот актісі, әділет органының ұйғарымы, Президиум алқасының шешімі негізінде шығарылған Президиум төрағасының ұйғарымы» деген толықтыру қажет деп есептейміз.

Жалпы, бүгінде Адвокатураның тәртіптік кеңесі заңның қабылданғанына бір жыл өтсе де толыққанды жұмыс істей алмай отыр. Тіпті, бұл комиссия ҚР Әділет министрлігі тарапынан ұсынылған мүшелер құрамы бекітілмегендіктен құрылған да жоқ. Бұл Заңның адвокатураның тәртіптік кеңесі жайлы талапты бекіткен 73-бабы жұмыс істемей тұр деген сөз.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

– Заңнамада тәртіптік кеңестің жұмысына барынша ашықтық беруге күш салынды. Басында онда Әділет министрлігінің өкілі болсын деген идея болды. Бірақ бұл ұсыныс сынға ұшырап, сол пікір ақыры қабылданды. Бұл норма заң жобасында өзгеріп, нәтижесінде тәртіптік кеңес құрамына қоғамдық ұйымдардан үш өкіл, екі доғарыстағы судья кіретін болып шешілді. Бұлар адвокаттардың өз мундирін ғана емес, өзгелерді де қорғауын қадағалап отыратын адамдар.

Адвокаттардың құқы бұзылатын біраз жағдайлардың бар екеніне келісемін. Алайда бірінші кезекте адвокаттардың өздері клиенттердің құқын бұзатыны жайлы ақпараттар аламыз. Тек биылдың өзінде осындай 278 шағым түсті. Адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясында 30 адвокат жауапкершілікке тартылды. 11 адамның мәселесі тәртіптік кеңесте қаралып, өздері қанағаттанарлық шешім қабылданбаған соң Әділет министрлігіне жүгінді. Бұл сандардың көп немесе аз екеніне баға беру қиын. Бірақ осы бағытта жұмысты жақсарту керектігі анық.

– Өзгеріс енгізу бойынша қол жеткізілген нақты нәтижені атай аласыздар ма?

Қадыржан Баймұханова, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

– Адвокаттың нақты іс бойынша қорғаушы және қоғамдық өкіл ретінде қатысуын куәландыру тәртібі елеулі өзгеріске ұшырады. Заң негізінде адвокаттық ордер, бұрын адвокаттардың аймақтық алқасының президиумы тарапынан жүзеге асырылатын бақылау жойылды. Биылғы қаңтардан бастап адвокаттың құзыреті жазбаша хабарламамен расталады. Оның үлгісі мен рәсімдеу тәртібін республикалық конференция мақұлдайды. Қабылданған ереже бойынша хабарламаны адвокат өзі рәсімдейді. Олардың есебін де адвокат бекітілген үлгі бойынша тіркеу кітабында өзі жүргізеді.

Ордерді жою адвокаттардың тәуелсіздігін, іске кірісерде олардың құзыреттігін растауға байланысты мәселелерді шешудегі жеделдігі мен дербестігін көтеру мақсатын көздеді. Бұған сөзсіз қол жетті. Мәжілістегі дискуссияда ордерді алып тастау хабарламаны рәсімдеп, тергеу мен анықтау органдарына ұсынуда бақылаудың жойылуына алып келеді деген қауіп айтылған. Осы ретте жыл басынан бері адвокаттар тарапынан хабарламаны ұсыну тәртібі бұзылғаны жайлы РАА-на мәлімет түскен жоқ.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

– Адвокат институтын жүйелі негізде нығайту қажет. Ол қалай болу керек? Бұл ретте адвокат пен заң кеңесшісінің мәртебесі олардың өзі үшін емес, олар ұсынатын қызметтің сапасын көтеру тұрғысында күшейтілуі тиіс. Яғни, басты назарда азаматтардың құқын қалай жақсы қорғау мәселесі болуы керек. Бұл ретте әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ең жақсы үлгі – өзін өзі реттеу. Әділет министрлігі қашан да осы салада бұл институттың жұмыс істегенін қолдайды. Бұл тұрғыда көптеген пікір бар, мен кез келген өзін өзі реттейтін ұйымның негізгі функцияларына тоқталайын. Бірінші, бұл мамандыққа білікті және адал адамдар келуі үшін оған кіру жарнасын ұйымдастыру. Егер жақсы емтихан болса, бұл қызметке жақсы адвокаттар мен заң кеңесшілері шоғырланады. Оларды үнемі дамыту керек. Жұмысын дұрыс атқармағандар болса, оларға тәртіптік шаралар қолдану қажет. Біздің ойымызша, бұл өзін өзі реттейтін ұйымдардың негізгі қызметі.

Елімізде 9100-ге жуық тергеушілер мен анықтаушылар бар. Ал адвокаттар саны 5278. Заңды қабылдаған сәтте бұдан да аз болатын. Бізде бір адвокатқа 3500 адамнан келеді. Батыс елдерінде бір адвокатқа 800, Францияда 500, АҚШ-та штатқа байланысты 400-1000 адамнан келеді екен. Сонымен қатар дамыған елдерде бір судьяға 3-тен 5 адвокатқа дейін келеді. Біздің елде екіден аз. Бұл екі тергеуші атқаратын жұмысты бізде бір адвокат орындауға мәжбүр деген сөз.

– Адвокаттардың соттағы рөлі қандай болуы тиіс және елімізде олардың саны жеткілікті ме?

– Соттағы жарыспалылықты толыққанды қамтамасыз ету бір деңгейде атқарылу керек. Адвокат көп жұмыс істеп, құжаттарды көбірек ұсынып, ақпараттарды тергеушіге қарағанда көбірек өңдеген болу қажет. Өйткені оның басты миссиясы өзінің клиентін қорғау ғой. Өкінішке қарай көрсеткіштер бізде адвокаттардың жетіспейтінін көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда, тіпті, жағдай өте қиын аймақтар бар. Мәселен, Түркістан облысында соңғы деректер бойынша 16 000 тұрғынға, Маңғыстау облысында 12 000 тұрғынға  1 адвокаттан келеді. Бұл көп адамның адвокатқа жүгінуге қаржылық мүмкіндігі болғанымен, мамандар тапшы деген сөз. Жақсы адвокаттар бар шығар, бірақ олар басқа істермен айналысып жатқандықтан қолдары тимейді. Бұл олардың қызмет құнының қымбаттай түсетінін білдіреді. Заң адвокаттық қызметке кіру барысында туындайтын кедергілерді жоюға бағытталған. Ол өзінің ролін орындады. Мәселен, 2010-2017 жылдар аралығында 562 жаңа адвокат жұмысқа тұрса, жаңа заң қабылданған бір жыл ішінде 558 адвокат іске кірісті.

Тағы бір мәселе, адвокаттық қызметке кірудің бірыңғай талабын айқындау керек. Өйткені заң бір, талаптар ортақ болғанымен, тәжірибеде олардың қолданылуы әр өңірде әрқалай. Бұл әріптестердің бір-бірімен белсенді түрде араласып, тәжірибе алмаспауының, озық үлгіні игеруге ұмтылмауының салдары болар. Адвокаттар үнемі ізденісте болуы тиіс. Бұл тұрғыда алқа мен заң кеңесшілері палатасы реттеуші ретінде білім жетілдіру ісін қамтамасыз етуі қажет.

Қадыржан Баймұханова, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

– Бірақ жастардың адвокаттық қызметке кіруі әлі күнгі шешілмеген мәселе. Жаңа заң қолданысқа енген сәттен бастап адвокаттар қатарына небәрі 154 қана 35 жасқа дейінгі маман қосылды. Адвокаттық қызметтен кететіндер көбейіп барады. Жыл басынан бері 466 адвокат өз қызметін тоқтатты. Бұрын мұндай жағдай болмаған. Ал адвокаттардың сапалық құрамына келсек, жаңа заң бойынша олардың біліктілігін көтеру тетігі өзгерді. Енді адвокаттар өздерінің біліктіліктерін адвокаттар қауымдастығы тіркеген ұйымдарда көтеру керек. Осы мақсатта республикалық конференция адвокаттардың біліктілігін арттыру талабын бекітті. Заң қызметінің сапасын көтеретін тетіктердің бірі 2020 жылы енгізілетін адвокаттардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру. Бүгінгі таңда сақтандыру шарттарын бекіту үшін сақтандыру компанияларымен консультациялық және ұйымдастыру шаралары жүріп жатыр.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

– Адвокаттардың жауапкершілігін сақтандыру тәртіптік шараның бір түрі деуге болады. Өйткені мұндағы мақсат та азаматтардың құқын қорғау. Адамға өз құқын бұзды деп санайтын адвокатпен дауласу қиын. Оған сотта адвокат әрекетінің дұрыс еместігін дәлелдеу оңайға түспейді. Себебі оның заң саласының қызметкеріне қарағанда юриспруденция бойынша білімі аз. Оны осындай қиындықтан құтқаратын жол әлемдік тәжірибеде өзін ақтаған міндетті сақтандыру. Бұл үшін оған сақтандыру компаниясына келіп, сақтандыратын жағдай туғанын айту жеткілікті. Мысалы, адвокат мерзімді өткізіп алды немесе азаматтың құпиясын жария етті. Мұны біліп, фактіні көру үшін арнайы заңгерлік білім алудың қажеті жоқ. Оны анықтап, сақтандыру компаниясына келіп, өтемақы сұрауы керек. Одан әрі сақтандыру компаниясы адвокатпен өзі соттасып, онда бұзылған құқықты өзі дәлелдейді. Осылайша сақтандыру белгілі бір деңгейде адвокаттар мен заң кеңесшілерін тәртіпке келтіреді.

– Халық заң көмегін көрсету қаншалықты жүзеге асуда?

Серік Ақылбай, «Қазақстан Республикасы заң кеңесшілері палаталары қауымдастығының» төрағасы:

– Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы заң кеңесшілері палаталары қауымдастығының құрамында 2500 заң кеңесшісі бар. Бұл сан ақырғы көрсеткіш емес. Өйткені заң кеңесшілері палаталарынан қауымдастық құрамына кіруге өтініштер көп түседі.

Мұқтаж жандарға заң көмегін көрсету Қазақстанның барлық өңірі үшін маңызды болып тұр және басқа заңгерлік бірлестіктер мен жекелеген заңгерлердің қызығушылығын тудыруда. Мұндай көмек нақты адамға дер көзінде көрсетілуі, сонымен қатар ағартушылық сипатта өнімді болуы қажет. Бұл бастама адамдардың құқықтық санасы мен мәдениетін көтеріп, тұтастай құқықтық мемлекеттің бекемдігін қамтамасыз етудің жергілікті плацдармы болудың мүмкіндігін көрсетеді. Заң кеңесшілері палаталарының қауымдастығы қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, белсенді қызмет етуде. Олар біздің мүшелеріміздің қатысуымен «Заң кеңесшінің күні», «Құқықтық сауаттылық аптасы» деген акциялардың алыс аймақтарда өткізілуіне зор көмек көрсетіп жатыр.

Аталмыш заңға сай, заң кеңесшісі заң көмегін көрсетуге қажетті барлық мәліметті барлық мемлекеттік органнан, жергілікті өзін өзі басқару ұйымдарынан сұрап, алуға құқылы. Сондай-ақ заң көмегін сұрап өздеріне жүгінген азаматтардың процессуалдық материалдарымен бірге сот істерімен, ондағы ақпараттарды заңға қайшы келмейтін тәсілмен белгілеуге тиіс. Өкініштісі бүгінде заң кеңесшілері еліміздің кей заңнамаларына өзгерістер мен толықтыру жасалмағандықтан өздері сұратқан мәліметтерді ала алмайды. Осыған байланысты барлық заң кеңесшілері палаталарында заңнамалық құжаттарға өзгеріс жасау мәселелері бойынша топтар құрылды.

Жаңа заң 50-ден кем емес мүшемен палатаның көптеп құрылуына жол ашты. Бүгінде Әділет министрлігіне 76 палата тіркелді. Бұл бірқатар проблемалар тудырып отыр. Әділет министрілігіне азаматтар мен заңды тұлғалардан заң кеңесшілерінің этикалық кодекс талаптарын бұзғаны, ниеттерінің таза еместігі, алаяқтық жасауға дейін баратындары жайлы шағымдар көп түсуде. Палата мүшелігіне бекітілгені жайлы реестр көшіріндісі әр түрлі сипатта беріледі. Соттар олардың шын мәнінде палата мүшесі әлде мүшесі емес екенін ажырата алмауда. Сонымен қатар заңның заң кеңесшілері палаталарының тоқсан сайын құзырлы орынға палатаға қабылданған, шығарылған мүшелері жайлы ақпарат беріп отыру жөніндегі талабы орындалмауда. Мұны бүгінде тексеріп, қадағалап отыру қиын. Мүшелерді палатаға қабылдау заң бойынша жүзеге асырылып жатқанына бақылауды ешбір ұйым жүргізбейді. Бұл олардың құрамына білікті заңгерлердің емес, кездейсоқ жандардың енуіне әкеліп соғып отыр. Осының салдарынан заң кеңесін алу үшін жүгінген азаматтардың құқын қорғау сапалы жүзеге аспауда.

Заң кеңесшілері палаталарының қалыптасу кезеңі өтті. Ендігі кезең «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң талаптарын жүзеге асыру. Аталған жағдайларды ескере отырып, құжатқа тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі көрініп отыр. Біздіңше, заң кеңесшілері палатасына мүшелер санын елуден кем дегенде үш жүзге дейін арттырып, заң кеңесшілері палаталары қызметін қадағалайтын орган құратын кез келді.

 

Дайындаған

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,

«Заң газеті»

Комментарий