Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Бір жасыңыз құтты болсын

Таң атпай ыстық бауырсақ пен қайнаған сүр қазының исі үйдің ішін алып кетті. 5-6 жас шамасындағы Кәусар төсегінен еркелей тұрып, ас бөлмесінде күйбеңдеп жүрген анасына қарап, бүгін «кімнің туған күні», «қонаққа кім келеді» деп оны сұрақтың астына алды. Бала жүрек әдетте бауырсақ пен ет қонақ келгенде ғана қазанға салынады деп ойласа керек. Анасы күлімдеп, қызының самай шаштарын  қос қолымен тарамдап, 14 наурыз Амал көрісу мерекесі екендігін жеткізді. Бұл жыл сайынғы дәстүрлі көрініс еді.

Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атап кеткелі қашан. Аталған күні   Батыс өңірінің әр шаңырағында есік айқара ашылып, ақ дастарқан жайылып, ел-жұрт көрген жерде құшақ қағыстырып, «бір жасыңмен», «жасың құтты болсын» – деп тілек тілеседі. Ренжіскен адамдар араздықты ұмытып, арадағы сең жібіп, бір-біріне сыйлық береді. Алдымен ауыл жастары елең-алаңмен тұрып,  үлкендерге құрмет көрсетіп, көрші-қолаңды  жағалай көрісіп шығады. Қазақы салт дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Маңғыстауда көрісу күні аналар, қыз-келіншектер әбден сандықтың исі сіңген  кәжекей-бешпетін киіп, шолпысын тағады. Бүгінде 14 наурыз күні балабақшалар да балақайларды жаппай қазақша үлгіде киіндіру  орын алып отырғандығы қауантады. Осынау Амал мерекесі Батыс өңірлерінен бөлек Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қарақалпақстанның жерінде қазақтар көп қоныстанған аумақтарда да тойланады екен.  Көрісу мейрамы жыл бойы жалғаса береді. Егер алыстан бұрын көріспеген ағайын-туыс келсе амандық-саулық сұрасып, қол алысып көріседі. Көріспесе үлкендер жағы ренжіп, анау көріспеді, мынау көріспеді деп кәдімгідей ренжіп,тергеп,  өкпесін айтып отыратыны бар.

Бүгінде Маңғыстаулықтар үшін Амал мерекесін «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде тойлау дәстүрге айналған. Бұл күні Адай ата рухына  арнап ас беріліп, әр ру кезекпен жыл сайын бірлік отын жағып келеді.  Ал, биылғы  ерекшелік жастар жылына орай бірлік отын жағу эстафетасы жастарға  берілмек. Ұлық мереке бұрын республикалық деңгейде атап өтілсе, биыл халықаралық деңгейде өтпек. Атап айтсақ, амал мерекесіне  Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей оның ішінде Ноғай елінен делегаттар қатысады деп күтілуде. Көрісуде  елімізді мекен еткен этнос өкілдері де Отпанда  бас қосып, ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ән-күйден шашу шашылып, аламан бәйге өткізіліп, ұлттық ойындардан жарыс өтеді. Ал, айы оңынан туып, асығы алшысынан түскендерге естелік сыйлықтар үлестіріледі.  Мерекенің түпкі мақсаты халықтың ынтымағын арттырып, ауызбіршілікке үндеу. Отыз күн ойын, қырық күн той жасалмаса да Отпан таудағы мереке екі күнге созылмақ. Сондықтан, «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық», – демекші бәріңізді Отпандағы Амал мерекесіне шақырамыз. Татулықты арыттыратын -Көрісу мерекесі құтты болсын!

 

Нұршат ӨТЕУЛИЕВА,

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз маманы

 

 

 

 

 

 

Комментарий