Шоу бизнес

“Біз сияқты еңбегі еш, тұзы сорлардың бағы жана ма?”: Тұңғышбай Жаманқұлов президентке әртістердің мұңын шақты

Қазақ мәдениеті мен өнерін өркендету, оның ішінде театрдегі жұмысты жаңа деңгейге көтеру үшін үлкен жұмыстың керек екені туралы айтылып жатады.Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов журналист Нұртілеу Иманғалиевке берген сұхбатында, мемлекет басшысымен кездескенде әртістердің мұңын шағып, кей өнер иелерінің қара суға ақша таппайтынын айтып бергенін тілге тиек етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nur Tileu бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Халық әртісі шартты түрде сотталғанын ой елегінен өткізе отырып, президенттің оны еш қиындықсыз қабылдағанына таңданғанын жасырмады. Жаманқұлов өзімен тілдесіп, қазақ театрінің қазіргі жай-күйі жайлы ақтарған сырын тыңдаған Тоқаевтың  бойынан мәдениеттілік пен сөзге тұратын жігіттікті байқағанын ескерді.

“Жағдай осындай деп бәрін жасырмай айттым. Бұл қашанғы бұлай болады? Қара жерге қарап өтеміз бе әлде қазақтың өнерін сүйрелеп жүрген, біз сияқты еңбегі еш, тұзы сорлардың бағы жана ма?  (…)  Пәтер тұрмақ, ішкен асына қор болып жүр.Театрда  қара су таба алмайтын жағдайлар бар. Жалт-жұлт еткен эстрада әртістерінің өмірін қайта-қайта теледидардан көрсетіп жатқанға жағдай жақсы екен деп санамаңыз. Олар халықтың үстінде өмір сүріп жүр. Халықтың берген гонорарымен ғана өмір сүріп жатыр. Мақпал Жүнісованың Үкімет беретін айлығы 49 мың теңге. Менің де айлығым сол, сіз жақсы көретін Асанәлі Әшімовтің айлығы сол”, — деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Әртістердің жағдайы көңіл көншітпейтінін ескерген өнер иесі, облыстық театрда жұмыс істейтін халық әртістерінің және бұл салаға енді ғана қадам басып келе жатқан мамандардың жағдайы ерекше назарды талап ететінін айтты. Жаманқұловтың сөзінше, президент оның өтінішін жерге тастамай, жолдауында театрға көңіл бөлу керектігін көбірек айтатын болған.

“Облыстық театрда халық әртісі 49 мың алады, институт бітірмей келіп, училище бітірген актер 27 мың алады. Бұл қашан өзгереді? Бұл не? Біз идеологияның солдаты емеспіз бе? Үлкен алаңға шығып айқайлағаннан гөрі, теартға шақырып өнер тілінде ұлтымызды сүй, патриот бол, мемлекет жанды бол деп айтып жатырмыз ғой”, — дедім. Ол кісі: “Иә, сендер идеалогия салып жатырсындар. Шынымен солай ма?-деді. Шамамен солай дедім. Осыдан кейін президент жолдауында қазақтың мәдениетін өркендету керек, оның ішінде театрдің жағдайын қарауымыз керек деп айтып кетті. Енді жиырмасыншы жылдан бастап 40 пайызға  көтереді деп жатыр. Мен соған сенемін”, — деді актер.

Сұхбат барысында Тұңғышбай Жаманқұлов балалық шағын есіне алып, шындықтан “таяқ жеп” жүріп, қатайғанын айтты.

Комментарий